8.10.2019, 13:36
Қараулар: 102
Сай түбінде ауыл бар, білесіз бе?

Сай түбінде ауыл бар, білесіз бе?

Қала шетіндегі Ет комбинаты ауданы тұсындағы сай түбінен жер сатып алып, өз күштерімен үй салып, тірлік кешіп жүрген жандар барын көпшілік біле бермейді. «Венера» бау-бақша серіктестігінің аумағында тұратын  олар  өз мәселесін айтып, басшы-қосшыға барғандарында «Ол қай жер еді?»  деген сұрақты жиі естиді. Қала тіршілігінен тысқары, бұйығып жатқан ауылдың мәселесі жетерлік.

Жақында редакцияға аталмыш  баубақша  серіктестігінің тұрғыны Кәрима Батыровадан хат келді. Кейуана өз хатында сай түбіндегі ауылда немере-шөберелеріне қарайласып тұрып жатқанын баяндайды.  Оқырманға түсінікті болу үшін кейуана хатының негізгі бөлігін сол  қалпында  ұсынайық.

«Бау-бақша серіктестігінде 100-ден астам отбасы үйлерін салып алып, өмір сүруде. Жыл сайын осы аумақта жаңадан салынған тұрғын үйлер бой көтеруде. Әр отбасында мектеп жасындағы балаларға қоса, балабақшаға баратын балдырғандар да көбеюде.

Бір қынжылтатыны, бұл аумақ сайда орналасқан. Көктем, күз айларында, жаңбыр жауғанда балаларды мектеп, балабақшаға уақытымен апару қиындық тудырады. Бұл уақытта, әсіресе, адамдар да, көліктер де сайдан өрге шыға алмайды. Оған себеп, бұл аумақтың қалаға шығатын жері терең сай болғандықтан, су жиналып, өтуге мүмкіндік болмайды. Балалардың киімдері, аяқтары су, балшық болып, құлап, әзер шығады. Сондықтан балалар мектепке, үлкендер жұмысқа кешігіп, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Осы мәселелерді ескеріп, бізге сайдан түсетін жолды адам мен машина өте алатындай етіп жөндеп берсе, сол тұстарға, ауылдың кіреберісі мен үйлердің бойына жарық шамдар орнатуға жағдай жасалса дейміз. Сондай-ақ ауыл балалары оқитын №2, №13 мектептер оқушыларды сай түбінен жинап алып кететіндей автобус ұйымдастырса, дұрыс болар еді.

Осы мәселелерді тиісті орындар арқылы шешуге жәрдем беруіңізді сұраймын»,  – делінген  хатта.

Біз аталмыш бау-бақша серіктестігіне арнайы барып, хатта жазылған үлкен сайды көзбен көріп, ауыл тұрғындарымен тілдестік. Шынымен де, ауыл шетіндегі үлкен сайдан өрге шығып, төмен түскенде кішігірім тауға шыққандай әсерде болады екенсің. Балшық күндері ауыл тұрғындарына қиындық ту-дыратыны айтпай-ақ та түсінікті болды. Бау-бақша серіктестігі болғанымен, бұл жерде тек жаңа үйлер бой көтеруде. Әлбетте, саяжайларға тән үйшік үйлер жоқтың қасы. Тұрғындардың басым бөлігі ауылдан көшіп келгендер және бірнеше жыл қалада пәтер жалдап тұрған соң, осы жерден үй салып алғандар екен. Өз бетімізбен барынша талдау жүргізіп, байқағанымыз, бұл жерде қаланың өзге аудандарымен салыстырғанда, жер бағасы арзандау. Оның себебі жері тегіс емес болғандықтан әрі Жайық өзеніне жақын орналасқандықтан шығар деп топшыладық. Жер телімі арзан болғанымен, есесіне бұл серіктестікте электр желісі мен газ өткізу әлдеқайда қымбат. Мәселен, электр желісін өткізу қосымша жұмыстарымен қоса алғанда 150-170 мың теңге, газ құбырын трассаға дейін тарту 220 мың теңге, трассадан үйге 150 мың, қосымша жұмыстары 30-40 мың теңгеге  шығады  екен.

– Бір жақсысы, қатынасқа қолайлы. Аялдамаға дейін 8-10 минуттық жер. №2, №13 автобустар жақсы жүреді. Емхана, мектеп жақын. Біз жер, үй сұрап жатқан жоқпыз. Тек тиісті мемлекеттік құрылымдар адам тұруға ыңғайлы жағдай жасап берсе, – дейді тұрғындар.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Рамазан САРИЕВ,

«Венера» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:

 – Бұл жерге 2013 жылы көшіп келдім. Ол кезде осы айналада тек үш-төрт үй болдық.  Электр желісі болған жоқ.  Электр жарығын өз күшімізбен  тартып алдық.  Өзіміз ауладан құдық соқтырдық. Бірақ оны ыдыс, киім жууға пайдаланамыз. Ішуге келмейді. Сондықтан ауыз суды тасып ішеміз. Былай жері жақсы. Бақша саламыз.

Қыз-күйеу баламмен бірге тұрамын. Үш жиенім бар. Олар №2 мектепте оқиды. Балшық кездерінде қатынас қиын. Әсіресе, мектепке баратын балалар қиналады. Ат үстіндегі азаматтардан жолымызды дұрыстап берсе екен деп тілейміз. Ауыл тұрғындарының басты мәселесі осы жол болып тұр.

Мақпал ДОСЖАНОВА,

«Венера» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:

 –  Осы ауылдағы №220 үйге былтыр жазда көшіп келдік.  Мектепке баратын балаларымыз бар. Жауын-шашын күндері оларды мектепке апарып, әкелу өте қиын. Сондықтан сайдың қабағынан алып кететіндей қылып, мектептер көлік ұйымдастырса. Жолдың үстіне тас төсейміз деп былтыр бес мың теңгеден жиналдық. Биыл тағы жинап жатырмыз.

Өз мәселемізді таяуда «Ашық әкімдік» өткізген қала әкімі Абат Шыныбековке де айттық. Екі-үш айда шешіледі деді. Тағы бір мәселе, қыста жарық жиі сөнеді. Үйде тоңазытқыш, теледидар, компьютер бар. Мотормен су алып отырмыз. Бір жанып, бір сөнген құбылмалы қысымды көтере алмай, тұрмыстық техникамыз жанып кетсе, оның өтеуін кімнен аламыз? Кешегі жаңбырда балаларды арқалап апардық мектепке. Одан бөлек электр бағанының сымдары салбырап тұр. Ана сым үзіліп, біреу токқа соғылып, жазым болса, кім жауап береді? Осыған жауапты мердігер компания жұмысын аяқтамай кеткен. Бірнеше уақыттан бері кеңселеріне барып ескертіп жүрмін. Әзірге нәтиже жоқ. Осындай қордаланған мәселе көп. Ең бастысы – жолды лайсаң кездерде адам мен көлік жүре алатындай жағдайға жеткізіп берсе екен. Сайдың жанына, көшелерге жарық орнатып берсе дейміз.

Аққу МӘМЕШОВА,

«Венера» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:

–  Қаратөбе ауданынан көшіп келдік. Биыл төртінші жыл қыстайын деп тұрмыз. Бірінші жылы от жағып отырдық. Үйге газ кіргізіп алғанымызға екі жыл болды. Қолымда немерелерім бар. Біреуі биыл 1-сыныпқа барды. Оларды арқалап апарып жүрміз. Ең қиыны – жол мәселесі. Жазда ауыл шетіне дейін  су құбырларын тартуға арық қазылып жатты. Үйге су кіргізетін болдық деп қуанып жүр едік. Ол жұмыстар да тоқтап қалды. Жолымызды жөндеп берсе, су келсе, керім болар еді!..

Қуат КЕРЕЕВ,

«Венера»  бау-бақша серіктестігінің төрағасы:

 – Қазір электр бағаналарын ауыстыру бағытында жұмыстанудамыз. Әу баста бағаналар дұрыс қойылмаған. Кейбір үйлердің ауласына кіріп кеткен электр бағандары бар. Енді осы жұмыстарды реттеп жатырмыз. Жол мәселесіне сосын кірісеміз.

Р.S. 

Біз оқырманның хаты бойынша «Орал қалалық бағбандар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Заозёровке хабарластық.  Ол кісі бізбен бірге аталмыш серіктестіктің тұрғындарымен кездесіп, мәселесін бірге тыңдап қайтты. Дегенмен «Бұл серіктестік біздің бағбандар қоғамының құрамына кіруі қажет. Әрі қарай серіктестік төрағасымен бірлесе отырып, мәселені біртіндеп шешуге болады», – деді ол тұрғындармен кездесуде. Кейіннен бізге хабарласқан Андрей Заозёров  серіктестік төрағасы Қуат Кереев  Орал қалалық бағбандар қоғамының құрамына кіруден бас тартқанын айтты.  Жаңа жерге жан-жақтан келіп, қоныстанған тұрғындардың тіршілік түйткілдерінің түйіні қашан тарқары белгісіз. Өз тірліктерімен үй салып, тырмысып тірлік кешіп жатқан тұрғындарды мазалаған жол мәселесі оңынан шешілгей!