7.10.2019, 21:38
Қараулар: 272
Ғасырдың ғажап адамы

Ғасырдың ғажап адамы

Келер жылы Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, КСРО және Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, 1979-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы болған Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл толады.

Табиғатынан талант тұғырында тұрғандай осы бір асыл адамның бейнесі жыл өткен сайын биіктей береді. Қазақ әдебиетінде поэма шеруінде дәл бүгінгі күннің өлшемімен сөз айтар болсақ, кесімді сөзді жазушы, драматург, аудармашы «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Сейсенбаевқа берер едім. «Жұбан Молдағалиев әдебиетімізде өз жанын да, өлең жанын да, өнер жанын да жарқыратқан, үркердей асыл ағалар тобынан еді. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп атойлаған алып ақын бір жол өлеңіне бір халықтың тарихын сыйдырып жүре берген» деген әділ бағасына төрелік төрін ұсынамын. Сөйтіп, өнер көгімізде өлмес жарықтың сәулесіндей жұлдызды жол тастаған ғажап адамның туғанына 100 жыл толмақ. Көзінің тірісінде көп қырлы әдебиетімізде, оның ішінде поэзияда көзкөрім дүниелері халықтың қалаулы олжасына айналды. Күні бүгінге дейін оның «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары», «Кісен ашқан», «Жесір тағдыры»,  «Мен – қазақпын!», «Айттым сәлем» т.б. кесек дүниелері шартарапқа тарап, қазақ халқының өнер жолын әлем алдында абыроймен қорғап келді, әлі де айнымас қазынамыз боп қалады.

Жыр өлкесінде Жұбанды жоқтағанда, кедір-бұдыры жоқ кеңістікте көсіле шапқан тұлпардай азаматты, көзің көргенмен, қолың жетпес тұңғиық тереңдегі інжу-маржандай жыр жолдарын жоқтарың шындық. Сана-сезім иірімдері өлеңнің жұлын жүйесін үкілеген, өмір өлшемдерін қарапайымнан бастап, күрделі  түйіндермен аяқтайтын ол осы жолда тіршіліктің кермегі мен керімсалын тата білген азаматымыз еді. Жыр кітабын қолыңа алсаң, бірде күздің қара жаңбырындай қалтыратып, бірде жаздың жаймашуағындай жадыратып,  бірде ақпанның шыңылтыр аязында жылы үйден терезеден сыртқа көз тастап отырған бейжай кезді ақынның өзімен бірге сезінгендей боласың. Ақында санаңа сілтеме жасар, жақсылықтан да, жамандықтан да тайсалмас бірбеттілік, ұлығыңа да, ұлтаныңа да көрсетер ерекше бір еп бар. Ешкімнен жасқанбас жүз бар.

Кешпеймін еш қылығын арамдықтың,

Жақтаман жансыздығын жалаң «құптың».

Қылмыстан қателіктің жөні басқа,

О да бір белгісі ғой адамдықтың, – деген ақиқат тұжырымға не қосамыз. Ол өлең өлкесі арқылы адамзаттың ақтарылған күйін анық көре білді. Сөйтіп, өзінің өнердегі азаматтығын бір құлап, бір тұрып тырнақтап жинаған жан. Тірісінде сығымдап берген сараң алғысымызға бүгінде рухы риза болардай не қоспақпыз? Ащы шындықтың ақиқатын тағы да ақынның өзінен естиік.

Тек қана солай болса, таласы жоқ,

(Е, кімнің кем-кетігі, шаласы жоқ?)

Өлген соң өзі жайлы некрологты

Оқуға дананың да шамасы жоқ, – деген Жұбан ағаның жан сыры – менің жоғарыдағы ойымның бұлтартпас куәсі. Иә, есті жырдың қайта келіп есігімізді қағар уақыты да болыпты. Осы бір шумақтан ақын қабілетінің асқақтығын сезінесің де, күншілдердің қызылкөз кінәратынан бір кез жеңіліс тапқан азаматқа аяныш сезіммен қарайтының да шыңылтыр шындық. Демек, ақын ойынан ой туады. Біріншіден, бәрімізге ортақ бойымызға біткен бір қасиет бар. Ол – тіршілігімізде бір-бірімізді қадір тұтып демеуге, мөлдірімізді жарқырата көрсетуге өте сараңбыз. Сараңдығымызды сыпайылықпен жуып-шаюға келгенде, сірә, бізден шебер халық жоқ шығар. Ортамызда таудай болып жүргенде елеңкіремей, ал қара жер қойнына берерде асқар шыңнан айырылдық деп айтатынымыз жалған емес. Ақындардың да ақиығы бар екенін байқамаймыз. «Ақын» деген тұғырдан ұшқандар көп те, оның биігіне самғағандар санаулы екен. Сөйтіп, санамыздың сақтығынан сараң алғыстардың жетегінде кетіппіз.

Ұзақ жыл бойы әдебиетіміз бен мәдениетіміз теміржолдан шығуға мүмкіншілігі жоқ отарбадай күй кешкені мәлім. Шабыттың шаңқай түсінде ойын екшеп, тілін тістеп, ақиқаттың айтарын мөлдіретудің орнына мүлт кетпеуді көбірек күйттеп келгеніміз тағы шындық. Талантты тұсаулаған тағылым заманның тауқыметі бүгін байқалуда. Тіліміз бен дініміз, тарихымыз жаңа биікке шығар жолда сол тығырықты кезінде ұлдарымыздың талай рет есімізге салғанын ескердік пе?

Қорға бізді азат күнді,

Ал жауынгер қаруымды балдырған.

Ол қаруым – қазақ тілі,

Байлық та сол ата-бабам қалдырған.

Білмесін-білсін түсімнен,

Ұқпасын-ұқсын түрімнен

Танысын дүние ісімнен

Танысын туған тілімнен, – дейді ақын. Кезінде осы жыр жолдарын аузына алып елеп, ескерген кім бар? Ал бүгінде қазақ тілі туралы жазылған ортаңқол дүниелердің өзін бұрын ештеңе көрмегендей басымызға көтеріп жатырмыз. Осының өзінен-ақ, «бір одақ, бір тіл» деген саясаттың сыңаржақ ұстанымынан, сіңірлі шырмауынан шыға алмағанымыз ақиқат еді. Сөйтіп, мүлт кеткенімізді мойындауға тура келер. Олқылығымызды толтыруға уақыттың үстемдігі, сыңаржақ саясат бой бермеген мезгілдер өтті ғой.

Ақын шығармаларына үңіле түссек, тағы да қазыналы ойға қанығарымыз анық.

Отырғыза кетейік ақ шыбықты,

Терек өссін ақ балтыр, ақ шұлықты.

Біз болмасақ, қызығын өзге көрсін,

Қызғанбайық адамнан жақсылықты, – деп ақын халық болып сөйлеп, халық атынан қалар қасиетті мұра туралы толғанып отыр. Сөз жоқ, ұрпақтың кейінге қалар мұраға қарап өсері ақиқат. Міне, сондықтан адам баласы адамдығын танытып кетсе, оған азаматтық жасау кейінгілердің ісі. Осы орайда кезінде ақын жерлестері туған өлкесі «Өлеңті» кеңшарына «Жұбан Молдағалиев атындағы кеңшар» деп атап, осында мүсін-тұлғасын тұрғызды. Қазір Құрайлысай ауылдық округі, Жұбан ауылы осы.

Ол туған топырағында әр кез өнер сапарымен болып жүрді. 1980 жылдың қазан айында Тайпақ өңірінде ақынның 60 жасқа толу мерейтойы лайықты аталып өтілді. Ол даңқ-дәреже көрсету, бедел-мансап таныту, сый-сияпат дәмету сияқты мамыражай, астатөк кезеңнен гөрі өнер мерекесі тұрғысында жадымызда қалыпты. Сол сапарында ақын халық арасында жиі болып, олармен тынымсыз еңбек үстінде кездесіп, қаламдастары, бүгінгі әдебиет туралы кемел ойлар айтқан еді. Жұбан ағамен бірге жүрген ақын Қ. Мырзалиев, әнші-композитор Ә. Бейсеуов, аудан басшылары Қ. Алтаев, Ж. Байғалиева, Т. Табылдиев сияқты өнержанды азаматтардың өлшеусіз еңбегі есімде. Сонда кезегінде сөз алған ақын «Халқым, өнерді, әдебиетті қадірлегенің мақұл, бірақ оның теңізінде менің үлесім тамшыдай ғой, сол теңіздің түбінде тұнып жатқан қаншама асылдар бар» деген пікірі үлкен адамгершіліктің айғағындай көрінді. Осы сөзі әдеттегі айтылатын шығарып салма сыпайылықтан гөрі, терең тебіреністен туған таза сезімнің айнасындай еді.

Бергенше мың жыл,

Сұрықсыз өмір,

Сағатын берсін шабыттың маған.

Жазайын бір жыр,

Шалқысын көңіл,

Тұрғандай қайта табыттан адам, – деген толғанысына ойлана қарайтын шығармыз. Қазақ топырағы әр ғасыр, әр дәуірде заманына лайық ақындар тудырғаны мәлім. Соның бірі де, бірегейі де осы Жұбан еді. Табыттан тұрғызардай жыр болуы мүмкін, бірақ табыттан ешкім тұра алмас.

Жұбан ағамыздың соңында қалған мұраларын мұқият қараған адамға оның туған жер туралы дастандары мен очерктерінің орны бір төбе. Қазақстанның кең байтақ даласында алақандай орын алып, бұл күнде бірлі-жарым мал баққан ел, елсіз Жыландыға әр кез ат басын тіреп, өнеріне – өміріне қуат алушы еді. Туған жердің топырағы бойына нәр берер қазына сынды. Осыдан қуат алған ақын айбарлы, қанатты көрінетін.

Басқа жер жылады ма жұбанды ма,

Шаттықта шек болмаған Жыландыда.

Бақырып басына елді бір көтеріп,

Дүниеге келген сөйтіп, Жұбан мұнда, – деп тереңнен толғайды. Иә, бұл ақын қиялының шарықтау шегі. Оба мен аштық қаусырған елде мұндай тұрмыс қайдан болсын. Жыландыны білсек, Жұбан мен біз білеміз. Ал өзге ел қайдан білсін. Ақынның туған жері – тағдырына жазған отаны. Отан деген киелі есім ақын жүрегінде жыл өткен сайын жаңарып жатушы еді. Оның отаншылдығы өз шаңырағынан басталып, бүкіл әлемді шарлап кететін. Жоқтан бар жасайтын ақын асқақтығына кешіріммен қарайықшы. Демек, ақынның шабытының шалқар көл болуы заңды-ақ.

Жаңа өзен, Кәрі Шеген бар,

Жайықты және шайқадым.

«Сүйгенің – сұлу» деген бар

Сұлу жоқ сендей байқадым, – деп туған жердің әр пұшпағын төбесіне көтере жырлай түседі. Туған жер  адам баласының қимайтын да, сыйлайтын да үлкен қазынасы екен ғой. Асылы, туған жерге деген махаббат ақын бойында ерек-ше қалыптасатын өзге дүние екен. Туған жердің топырағы табанын қыздырып ішер суын балдай көріп, ауасын жұпар жұтқандай сезіну тек ақындардың еншісі ме деймін. Асылы кіндік қаны тамған жерге ақын көзімен қараудан артық бақыт жоқ шығар. Бар бақыттың бастауы да сол ма деймін.

Тіл бітсе толғар еді тұмса Нарын –

Куәсі таз түздердің, құм сонардың.

Қысы жұт, жазы жалақ жылдар өтті

Тартпады тауқыметін кім солардың, – дейді. Иә, туған жердің алмасып келер табиғи мінездемесі осы. Мұнан асып не дерсің.

Жұбан көзі тірісінде Кеңес елінің түкпір-түкпірінен бастап, шетелдер – Моңғол, Араб, Үндістан және басқа елдерде болып, дүниені еркін аралаған ақын. Онда ол өзіне қажетті іздеп, қонағасы – құрмет көруді мақсат тұтпағаны бесенеден белгілі. Сол елдің мәдениеті мен әдебиетіне деген құштарлық, оны өз елімен салыстыра қарау, озығы мен тозығын саралау арқылы Отандық ошақтың болашағына қажетті дүниелерді тырнақтап жинады. Жасырары жоқ, жол жүрген соң сәулетті сарайлар мен дәулетті дастарқандар да алдын тосқаны анық. Аста-төк, мамыражай, жоқтығын – қолдан жасалған тоқтығы жасыратын елдің ішкі құпиясын ақын жүрегі алданбай сезетін. Сезетін де туған жерін аңсайтын.

Өз жерім –қайда барсам да,

Кең байтақ совет елінде

Өз үйім – қайда жатсам да,

Аунаймын еркін төрінде.

Ішінде бірақ солардың,

Туған жер атты бір жер бар.

Ол жерім – менің Оралым

Ақ Жайық, толқын, бұл көкжал, – деп шет жерде қанша молшылықты көрсе де, туған жердің ауасын дауасындай сезінетін ақында еліне деген асығу-аптығу анық байқалады. Қырының жусаны, ойының бидайығы ойынан шықпайды. Кең өлкесінің жалт еткен жақсылығын жыр етеді. Жамандығын көргісі келмейді. Кеңдік те, кемеңгерлік те туған топырақтан тамыр алады екен. Азамат ақын туған жерін өлеңде өрнектеп, очерктерінде өлкенің өткені мен бүгінін, түп-төркінін түгелдеп, дәлелдеп жазатын. Одан рухани қуат алу, туған жерді ұрпаққа ұран қылу бірінші мақсаты болды.

Қыр бетте бойшаң бидайық

Ой бетте жасыл шырмауық.

Толқытып-тербеп жел-қайық,

Теңізге ұқсар бір ауық.

Керімі қызыл изені,

Өрісті алған бір бөлек.

Бәйшешек басын изеді

Көгінде көлкіп көбелек, – дейді. Басында осы бір шымыр шумақ, ұтқыр ұйқас, әдепті әсерлеу еркімді алып, ақынның асқақтығын байлық тұтудан әрі ештеңені байыптамаппын. Ақ Жайық бойы тұнған байлық, ел ырысы екен ғой. Соны ақын санамызға сіңіре отырып, «келешегіңе игілік етіңдер» дегенді де тұспалдап тұрыпты. Осыдан көп бұрын жазылса да, осы пікірдің өзінен санамалап отырып, бүгінгі күнімізге бірнеше тарау жол табамыз. Біріншіден, туған жерге деген махаббаттың мәңгілігін мойындайсың. Анасының соңынан ілескен баладай дедең қағып, омырауы ашық, жалаңаяқ, жалаңбас күй кешкен ақын туған жеріне ғана тоқтайды. Ат шалдырады. Жасығына күйінеді, жақсысына асып-тасады. Туған жердің қырына шығып қырандай қияны шалады. Ойында отырып ормандай ой кешеді.

Өлеңім – өрендерім, өркендерің,

Жаңарған жомарт жерің, көркем көлің.

Даламның даңқындай боп тұршы биік.

О, Батыс Қазақстан – өлкем менің! – дейді. Иә, ошақ отынан отандық ой туғызатын адам осылай сөйлесе керек. Адам атынан емес, адамзат атынан толғау Жұбан сияқты ақынға ғана жарасады. Сөз жоқ, оның ғұмыры Кеңес одағы, коммунизм мұраттарын мойындаған тұстан басталып, сол қоғамның адам құқын, ел тағдырын қыл бұраумен қылғындырған кезде аяқталды. Жасырары жоқ, ақын ағаның бар еңбегі сол дәуірдің жемісі Абайды, Пушкинді өткен ғасырдың ойшылы дедік пе? Дедік. Әуезов те, Айтматов та, Гамзатов та, Шолохов та бары мен нәрін өз ғасырында берді емес пе?! Демек, кімді болса да туған уақытымен емес, шыққан тұғырынан тану дұрыс. Сондықтан бүгінгі күні ақын жырларынан ел тарихын көремін деп көксеу де, көре алмадым деп өксу де артық сияқты. Ішкен суы, жұтқан ауасы, татқан дәмі, көрген тәрбиесінен ешкім де ұзап кетпеген. Сондықтан кінәға иек арту артық.

Жұбанның «Мен – қазақпын!» дастаны қазақ әдебиеті-нің ғана емес, кезіндегі бүкілодақтық әдебиеттің үздік туындыларының бірінен саналды. Сол кезде одан ешкім де ұлттық намысты қоздырардай әңгімені аузына алған жоқ. Кейін осы дастанның біраз шумақтарына бүгінгі талап тұрғысынан ілік тағатындар да табылар. Мысалы, ол:

   Мен – қазақпын, мен енді Октябрьмін,

   Революция күшімін, нақ тәңірмін,

   Кейіпкері лениндік декреттің

   Мен жұлдызды халықпын, бақ тамырмын, – деді ғой, деді. Бұған қарап кері пікір айтуға әсте болмайды. Жұбан да өз дәуірінің перзенті. Сондықтан да шумақтан әлдебір сөкет кемшілікті іздеу бекершілік. Түсінгеніміз – қол-аяғы балғадай өлең шумағы, заман тынысы, халықтар достығы, адам рухы мен қоғам рухының үндесуі, көркем тіркестердің хас шебердің қолымен қиюласуы. Ал өзгедей бағаға қосылмаймын. Осы ойыма ақынның өз поэмасы туралы пікірлері, әйгілі әдебиет шеберлерінің Жұбанның өмірдегі, өнердегі бағасын бергенде сан рет қайталаған сөздері дәлел. Мен ақынмен үш рет кездестім. Сөзін тыңдадым, алдында жүрексіне сөз сөйледім. Мектепте талай рет ақын жырларынан көркемсөз оқуларын ұйымдастырдым. Шәкірттерім «Мен – қазақпын!» деп жарыса үзінділер оқығанда, көзіме жас үйірілетін. Сонда мен поэмадан ұлтшылдық сарын тауып та, болмаса советтік өмір салтанатына бола тебіренбейтінмін. Жүректің нәзік қылын шертетін өлең құдіретіне сүйсінетінмін. Тапқырлығына таңданатынмын. Халықтар достығына пейілденетінмін. Аз ұлттардың ұлылығына рухтанатынмын.

Ақын Үнді еліне барған бір сапарында Одақтың гимнін қазақтың қара домбырасымен орындап береді. Ол туралы мақтанышпен былай деді:

Ол маған ұқтырып та үлгермеді,

Мінекей, залды ғажап үн кернеді.

Гимні ұлы Совет одағының

Құйылып домбырада күмбірледі.

Жүреміз қолда барды кейде елемей…

Ерекше естілді бұл күй телегей.

Домбыра шықса әлемнің сахнасына,

Немене ол Одаққа гимн емей? –

дейді. Осыдан-ақ сол кездің өзінде шетелдің төрінде қа-зақтың қара домбырасын сөйлете білген серкелігіне бас иеміз. Бізге ақын қазақтың төрінде тұратын киелі аспаптың Одақтың құзырлы гимнін орындатуға құдыреті мол екенін мойындата отырып, ұлттық өнегеміздің өрісті екенін, асыл аспаптың алымдылығын әлемге паш етеді. Бұл қазақ ұлтын ұлықтаудың бір жолы емес пе! Сөйтіп, ақын қазақ ұлтын да ұлықтаудың тура жолынан айнымай өтті. Оның әр адамын қадір тұтты. Танымал ақын Қайрат Жұмағалиевтың «Үш ерлік» деген мақаласында «Бір қарағанда Жұбағаң сұсты, салқын адам сияқты көрінетіні рас. Алайда сөйлесе келе, сырласа келе оның жаны жарқырап, ашыла түсетін. Және достыққа адал, берік адам еді. Әлі есімде, сол кезде Жоғарғы Кеңестегі жұмысынан босап қалған, қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевты, сондай-ақ көрнекті прозаик Бердібек Соқпақбаевты Жазушылар одағына қызметке тартып, қамқорлық жасағанын ақын ағаның асыл қасиеті деп білемін» деп жазған болатын. Бұл дерек «Полиграфсервис» баспасынан 2010 жылы шыққан «Қазақтың Жұбаны» деген кітаптан алынып отыр. Демек, Жұбанның отаншылдығы, ұлтжандылығы (ұлтшылдығы емес) баршаға аян еді.

1986 жылы желтоқсан оқиғасы барша қазақтың көз алдында. Көзімізбен көрмесек те, көкірегімізде әбден айықпас мұң болып қалды. Ел билеушілерінің астамшылығынан Алматы қаласында өткен жастардың наразылығы барша халықтың есінен мәңгі кетпес. Әділ сөз айта алмай, бас сауғалағандар болды. Жалынды сөзімен жастарға жұбаныш болған Жұбан сияқты біртуар азаматтардың тұлғасы жадымызда мәңгі қалар. Жаңа жыл қарсаңында Жазушылар үйінде болған Колбинмен кездесуде қанға боялған жастарымыздың ары мен намысын қорғап, ертеңгі дәм-тұзын ойламастан қасқиып тұрып сөз айтқан Жұбан тұлғасын жаңа қырынан Ақұштап ақын арқылы танып едік.

Ұрпағыма халім бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан

Ит таласын деп пе едің немеремді, – дейді ақын.

Бұл – Жұбанның сөзі. Өмір бойы дегенін жасап келген үстем күшке қарсы атылған оқпен тең сөз. Құрсаулы күшке қарсы кім тұра алар? Өткір сөзді кім айта алар? Міне, Жұбанның әдебиеттегі тұлғасын бір төбе етіп, саяси қайраткерлік тұлғасын екінші төбе еткен Ақұштаптың адал сөзіне иланбай көр.

Жұбан – бөрі, өзгелер – қояндардай,

Колбин жүзі сәл ғана боялғандай.

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай, – дейді көріпкел ақын. Иә, ақын айтқандай, уақыт өткесін ұйқымыздан ояндық. Қазір желтоқсан жайлы жазғыштар көбейіп, айтқыштар жетерлік болды. Бірақ солар кезінде қайда қалған. Жұбан тіршіліктен кетсе де, өмірден, өлеңнен кеткен жоқ. Бұрыннан да қарасына мол қарымды, емендей еңселі ақынның жүгі жылдар өтсе де ортаймасы анық. Мен де кейін, көп жыл өткен соң, ақын тұлғасын, ерлік тұлғасын өзімше сомдадым.

Қарсы тұрар ұлың бар ма қыран боп,

Айыптаулар тұмшалады тұман боп.

Елдігімді таныта алмай таусылсам,

Сым шыбықтар соққылайды Жұбан боп.

Билік құрар жүргендер де кірме боп,

Елдігімді көре алмайды бірге боп.

Дәл соларың Желтоқсанда жастардың,

Азаттығын қарсылады түрме боп.

Өткен күнге отты көздер кекті ме,

Ұл-қызыңды шаштан сүйреп тепті ме.

Желтоқсанның ызғырығы шыдатпай,

Жалғыз емен жантәсілім етті ме? –

деп толғағанмын. Желтоқсанның жүректі қарыған ызғарлы күндерін байыпты талдап, әділ бағасын берер күндер болар ма? Демек, ақиқаттың айтары әлі алда. Сөйтіп, ғасырға тең жүк арқалап адамзаттың ал дында Жұбан тұр.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақжайық ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар