7.10.2019, 21:24
Қараулар: 58
«Қазақ еліне қарыздармыз»

«Қазақ еліне қарыздармыз»

Сенбі  күні  Оралдағы  Достық  үйінде  «Корей  мәдениеті  күні»   өтті.

Корей этномәдени бірлестігі апталығы аясында  ұйымдастырылған шара  барысында тұтас бір халықтың  тарихынан  сыр шертілді. Халықтар достығын ту етіп, түрлі ұлт пен ұлыстың қарашаңырағына айналған Достық үйінің фойесінде корей халқының ұлттық тағамдарынан дастарқан жайылды. Сонымен қатар аталмыш халықтың мәдениеті мен өнерінен, тылсым тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен естелік заттардың көрмесі қойылды. Келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!»  айтқан  облыстағы корей этномәдени бірлестігінің  төрағасы Виталий Ан  көрмемен таныстырып, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Сонау сұрапыл жылдары корей халқын жылы орнынан суытып, жер аударғанда  қазақ халқы  көп көмек көрсеткен еді. Өздері жоқтықта өмір сүрсе де, азын-аулақ ас-ауқатын жырып беріп, жылы үйлерін паналатты. Қазақстанды мекендеген Корей халқы бүгінде қандай жетістікке жеткен болса, соның бәрі қазақ халқының сол қамқорлығының арқасы деп білемін. Өйткені біз өзіміздің болмысымызды, мәдениетімізді, салтымыз бен дәстүрімізді сақтап қалдық. Сол үшін біз, корей халқы, қазақ еліне қарыздармыз. Біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда бейбітшілік пен келісім үстемдік құрып, татулығымыз  мызғымасын, – деген Виталий Константинұлы шара қонақтарын дастарқаннан дәм татуға шақырды.

Мерекелік шарадағы ақжарма тілектер киелі  сахна төрінде жалғасын тапты. БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов мұндай шараның әр ұлт-ұлыстың салт-дәстүрін паш етіп, өзара достықты насихаттаудағы маңыздылығын тілге тиек етсе, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов корейлер елімізде алғашқы болып «Қазақ халқына мың алғыс» деген монументті Ақ Жайық өңірінде орнатқанын атап өтті. Шарада этномәдени бірлестіктердің төрағалары  жүрекжарды лебіздерін білдіріп, республикамыздың аспаны ашық, береке-бірлігі арта беруін тіледі. Одан  әрі корей халқының әні мен биі сахнаның сәнін ашып, өнерпаздар көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар