7.10.2019, 21:16
Қараулар: 211
Жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсірген Бәйтерегім!

Жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсірген Бәйтерегім!

Бәйтерек  ауданының  орталығы  Переметный  ауылында аудан  күніне  арналған мерекелік  шаралар  ерекше  салтанатпен  өтті.

Аталған шараға Ресей Федерациясынан, облысымыздың аудандарынан меймандар келді және ауданның дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері қатысты. Олар аудан әкімі  Асхат Шахаровтың бастауымен аудан орталығындағы шіркеу мен мешіт ішін аралап, ізгілік әлеміне саяхат жасады. Татулық пен ынтымақтың ажырамас бөлігіндей етіп салынған «Бейбітшілік пен келісім» саябағын да тамашалады.

Бәйтеректіктер үшін аудан күні аясындағы қуанышты шара тұрғын үйлердің кілттерін табыс ету рәсімі болды. Мұнайшы шағынауданында мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 23 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үйлер аудан бойынша ауылдық округтердегі баспана кезегінде тұрған мұқтаж жандар мен көп балалы отбасыларға берілді.

Бұл күні орталық алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар стадионда футбол жарысы өтті. Ал қазақ күресінен болған белдесуде 90 келі салмақ дәрежесінде Бегайдар Меңдешов – І орын (Трекин ауылдық округіне, 150 000 теңге), Ерлан Мұсағалиев – ІІ орын (Дариян ауылдық округінен, 100 000 теңге), Манарбек Кенжеғалиев ІІІ орын (Переметный ауылдық округінен, 50 000 теңге) алды. Мерекенің салтанатты бөлімінде жиналған қауымды аудан күнімен құттықтап сөз сөйлеген аудан басшысы Асхат Шахаров ел-жұрт тұтастығын, бірлігін тіледі.

– Қашанда ерен еңбектің зор үлгісін көрсеткен дана халқымыз бүгінде берекелі бірлігін нығай-тып, ынтымақ пен ырысқа кенеліп отыр. Облыстағы азық-түлік белдеуін қалыптастыруда Бәйтерек ауданы диқандары мен шаруаларының еңбегі зор. Ел экономикасының драйвері – ауыл шаруашылығы ауданымызда күн санап дами түсуде. Жыл өткен сайын инфрақұрылым жаңарып, құрылыс қарқын алуда. Инвестиция көлемі өсіп, шағын және орта бизнесте еңбектеніп жүрген жандардың қатары артуда. Осынау мехнатты еңбек арқылы ауданымыздың  экономикалық әлеуеті ілгерілеп келеді. Мұның бәрі – ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы ерен еңбегінің жемісі. Ынтымақ пен бірліктің түпқазығы саналатын, 80 жылдық тарихы бар Бәйтерек ауданында алдағы уақытта да талай жасампаз істер жүзеге асырылмақ, – деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.

Сазды бағдарлама жетегінде ауданның дамуы мен гүлденуіне белсенді үлес қосқан ардақты жандар мен кәсіп иелері марапатталды. Сонымен қатар қоғамдық өмірде аудан абыройын асқақтатып жүрген белді кәсіпкерлер мен кәсіпорын, шаруа қожалығы иелеріне аудан әкімінің алғысхаты табыс етілді.

Бұдан кейін мәдениет үйінде ақындар айтысы өтті. Айтыстың ең алғашқы жұбын құраған Бауыржан Ширмеденұлы мен Естеміс Мұқамбетов елді мекен атауларын тілге тиек етіп, орынды сөз қозғады. Жас айтыскерлер Орынбек Меңдіқұл мен Әділ Ахметовтің айтысы әдемі әзілге құрылып, аға-іні сыйластығын көрсетті. Мұрадым Мирланов пен Эльдар Ихсановтардың қағытпа қалжыңға құрылған сөз саптаулары көрерменнің езуіне күлкі үйірді. «Алтын домбыра» иесі Жансая Мусина мен Талғат Мықиды халық ерекше қошеметпен қарсы алды. Олар әдемі әзілдерімен қатар, елдік мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

Айтыс соңында аудан басшысы Асхат Берлешұлы ақындарды бастап келген Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиоллаға алғысын жеткізіп, айтыскер ақындарға алғысхат табыстады.

Ертай  БИМҰХАНОВ,

Бәйтерек  ауданы