7.10.2019, 21:12
Қараулар: 345
Ұлағатты ұстаздар ұлықталған күн

Ұлағатты ұстаздар ұлықталған күн

Мамандық  атаулының   төресі –  ұстаздық.  Х. Бөкеева атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  «Ұстазға бас иемін»  атауымен  мұғалімдердің  кәсіби  мерекесіне арналған  салтанатты  шара  ұйымдастырылды.  Мерекелік жиынға  өңірдегі  білім  беру  саласының  үздіктері  мен  ардагер-ұстаздар  қатысты.

– «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген қастерлі өлең жолдарын жатқа білмейтін жан кемде-кем шығар. Тарыдай болып келген бүлдіршіндерді таудай етіп  шығаратын ұлағатты ұстаздарымыз. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толағай табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз терең білімді, озық ойлы болсын, – деді ұстаздар қауымын құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

Облысымыздың білім беру саласында 19 503 педагог қызмет етіп, 106 535 оқушы білім алуда. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс жасап жүрген 11 мыңнан астам мұғалімге қосымша 30%  үстемеақы төленуде. Жалпы білім беретін және арнайы мектептердің 7029 педагогикалық қызметкері  аттестаттаудың жаңа моделі бойынша  30-50% аралығында үстемеақы алуда.

Салтанатты шара барысында бірқатар ұстазға алғысхаттар мен төсбелгілер табысталды. Айта кетсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен Орал қаласындағы  №35 мектеп-лицейінің мұғалімі Зинаида Сухина мен Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-ның мұғалімі Сандуғаш Күлекеш марапатталса, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы  №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің мұғалімі  Ақерке Байжиенова мен Жаңақала ЖОББМ-ның мұғалімі Саид Әлиев ие болды. Сондай-ақ жиында бір-қатар білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына түрлі аталымдар табысталды. «Табысты менеджер» аталымы Орал шаһарындағы №42 «Ақниет» гимназиясының директоры Ерік Темірғалиевке, Ақжайық ауданының О. Исаев атындағы ЖОББМ директоры Нұрлан Есболатовқа, Қазталов ауданы Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Мәншүк Жексеноваға, Шыңғырлау ауданындағы Л. Қылышев атындағы Шилі ЖОББМ-ның директоры Гүлнар Бисенғалиеваға және Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Салахаденге табысталды. Ал директорлардың орынбасарларына арналған «Даралықты дәріптеуші» аталымы Гүлбарам Ахметқалиеваға (Сырым ауданы), Марина Чевеловаға (Бәйтерек), Зайдагүл Оразбековаға (Бөрлі), Жайнагүл Жұмабаеваға (Қаратөбе), Жалғас Жоламановқа (Сырым)  бұйырды. Әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 187 жылды құрайтын жаңақалалық Сәркеновтер жанұясы «Ұстаздар ұстаханасы»  аталымына ие болды. Бұдан өзге бастауыш сынып мұғалімдері «Зерделі ұстаз» аталымымен, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері «Бала бағбаны», әдістемелік кабинет меңгерушілері «Ізгі істі ілгерілетуші» аталымымен марапатталды.

Ұрпақ қамын ойлап, ұлт мерейін асырған ұстаз – қадірін жете таныған адам үшін мәртебелі маман. Табиғаттың қоңыр күзінде көңілге қуаныш сыйлап, әдемі теңеумен тілектер айтылған шара өңір өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік  бағдарламаға  ұласты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар