7.10.2019, 21:10
Қараулар: 424
Аналарға жайылған ақ дастарқан

Аналарға жайылған ақ дастарқан

«Nur Otan»  партиясының  «Бақытты  отбасы»  жобасы аясында  облысымыздағы  бірқатар  жеке  кәсіпкердің ұйымдастыруымен  аз қамтылған  және  көп  балалы аналарға  мерекелік  дастарқан  жайылды.

Салтанатты жиынға жиналған аналарды облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ляна Тұрсынова құттықтап, ізгі лебізін арнады.

– Өңіріміздегі жанашыр азаматтар бас қосып, партиялық жобаға үлес қосу туралы шешім қабылдадық. Бар ерік-жігер, күш-қуаттарыңызды бала тәрбиесіне сарп етіп жүрген сіздердей жандарға бас иіп, алғыс айтамын. Өзім төрт баланың анасымын, қазіргі күні әже атанып та үлгердім. Бала тәрбиесі, отбасының бабын табу қаншалықты жауапты да қиын іс екендігін өте жақсы түсінемін. Өзінен бұрын жақындарының жағдайын басты орынға қоятын нәзікжандыларға қандай құрмет көрсетсе де, артықтық етпейді, – деді Ляна Тұрсынова. Сондай-ақ ол шараны ұйымдастыруға қолұшын созған «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанатына ризашылығын білдірді.

Мерекелік дастарқан басына жиылған шара қонақтарына «Әйгерім» балалар клубының тәрбиеленушілері ән мен биден шашу шашты. Кеш соңында аналарға арнайы сыйлықтар табысталды. Қайырымдылық шарасына үлес қосқандар қатарында «Отау Алан» ЖШС және «Қадырова К. У.», «Болдырева Н. Б.», «Колосова М. Е.», «Гүлдену», «Зарубин В. В.», «Зотова Е. И.», «Гусманова К. С.», «Дамыту», «Қиматов А. Т.», «Исенова М. К.» жеке  кәсіпкерліктері  бар.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Абат  ҚИМАТОВ, жеке  кәсіпкер:

– «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы ана мен бала тағдырына жанашырлық танытып, отбасы құндылығын сақтауды мақсат еткен. Жоба аясында қайырымдылық шарасын өткізу туралы Ляна Тұрсынованың көтерген бастамасын қуана қош алдым. Шаңырақтың береке-бірлігін сақтап, ырысын арттырып отырған аналарды күйбең тірліктен бір сәтке серпілтіп, рухани демалыс сыйлағымыз келді.

Саида ГҮЛМАТОВА, көп балалы ана:

– Мен – алты баланың анасымын. Балаларымның барлығы қалалық №7 ЖОББМ-да білім алады. Жұбайым екеуміз үш ұл, үш қызды жетілдіріп, аяғынан тік тұрғызу үшін тынбай еңбектенудеміз. Жеке кәсіпкерлікті қолға алып, көкөніс және жеміс-жидек саудасымен айналысудамыз.

Шағын кәсібіміздің болуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алмаймыз, десе де, балаларым білім алатын мектеп тарапынан жан-жақты көмек көрсетіліп тұрады. Сол үшін мектеп  басшылығына  шынайы  алғысымды  білдіремін.

Диляра КЕНЖЕҒАЛИЕВА, көп балалы ана:

– Біздің отбасымызда төрт бала өсіп келеді. Тұңғышымыз 8-сыныпта болса, ең кенжеміз – мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі. Көңілді көтеріп, жанды сергітер шараның ұйымдас-тырушыларына рақмет айтамын. Сонымен қатар көп балалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан мемлекеттің саясатына ризамын. Қазіргі таңда бір баламның денсаулық жағдайы ерекше күтімді қажет ететін болғандықтан, жұмысқа шыға алмай отырмын. Десе де, қиын кезде қолдаудан кенде емеспіз. Мектеп тарапынан көмек көрсетіледі, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек  алып  отырмыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар