7.10.2019, 21:01
Қараулар: 278
Инвесторға кедергі жоқ, қолдау көп

Инвесторға кедергі жоқ, қолдау көп

Өткен  аптаның  соңында  облыс әкімі  Ғали  Есқалиевтің төрағалығымен  өңірдегі  инвестициялық  ахуалды  жақсарту  және  инвесторлар  тартуды  жетілдіру   тақырыбында  кеңес  отырысы  өтті.

Айта кетсек, былтыр аталған кеңестің алты отырысы өткізіліп, 885 жұмыс орнын ашатын 38,7 млрд. теңгенің 12 жобасы мақұлданған болатын. Биыл 357 адамды жұмыспен қамтитын 31,8 млрд. теңгенің 6 жобасы кеңес отырысында қолдау тапты.

Басқосуда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Құланбаев алдыңғы кеңес отырыстарында мақұлданған инвест жобалардың іске асу жайы туралы  баяндады.

– Соңғы екі жылда өңірде қолға алынған 18 инвестициялық жобаның бүгінде біреуі іске қосылған болса, 14-і қолға алынуда.

Қалған үш инвестор салынған қаражаттарының қайтарылым мерзімі ұзақ болғандықтан және жеке мүдделеріне орай жобалардан өз еріктерімен бас тартты.

Биыл Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешені жұмыс жасай бастады. Бұл – фин инвесторларымен арада жүргізілген бірнеше жылдық әріптестіктің жемісі. Іске қосылған өңірдегі тұңғыш кешен жылына 100 мың тонна қатты қалдықты өңдей алады. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде пайда болған бұл кешенді салуға 400 млн. теңге жеке қаржы құйылған. Әзірге мұнда 45 адам қызмет етіп жатыр. 2021 жылы аталған кешеннің екінші деңгейін жүзеге асырып, тұрмыстық қалдықтардан түрлі бұйымдар шығару жоспарлануда. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асқан жағдайда қосымша 40 адам жұмыспен қамтылмақ, – деді Мақсат Мейрамғалиұлы.

Қолға алынып жатқан 14 жобаның қатарында Бөрлі ауданындағы асфальт-бетон зауыты, Бәйтерек ауданы Новенький ауылындағы жылыжай кешені, Орал және Ақсай қалаларынан халықаралық дәрежедегі заманауи қонақүйлер кешендерін салу, сүт және ет бағыттарындағы ірі қара малдарын, құс өсіру, бірнеше мың басқа арналған бордақылау алаңдарын салу  секілді  ірі  жобалар  бар.

Кеңеске қатысқан жоба инвесторлары жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында мәлімет берді. Облыс әкімі оларды кездескен кедергілерді бірлесіп шешуге шақырып, жергілікті билік тарапынан әрқашан қолдау болатындығын айтты.

Сонымен қатар басқосуда сөз алған «Орал» ӘӘК» АҚ-ның атқарушы директоры Дияс Жәнібеков инвесторларға қызмет көрсету орталығы тарапынан инвестиция тарту бағытындағы жасалып жатқан істер турасында баяндады.

Оның мәлімдеуінше, біздің өңірде инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Бұл бағытта мемлекетаралық келісімдер жүргізіліп, бизнес қауымдастықтар өкілдерімен тығыз байланыс орнатылды. Облыста жұмыс жасай бастаған инвесторларға қызмет көрсету орталығы өңірге келген инвесторлардың жұмысын оңтайландыруға қолайлы жағдай туғызуда. Сол арқылы олардың жолында кездесетін әкімшілік кедергілерді жою және сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау шаралары қолға алынуда.

– Аталған орталықта өңірге келген инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Өз жобасын өңірімізде жүзеге асырғысы келетін тұлғаларды әуежайдан қарсылау, тегін көлікпен және қызметтік бөлмемен қамту, керек жағдайда өңіріміз, елдегі мемлекеттік бағдарламалар туралы мәліметтер беру жағы толық қамтылған. Сонымен қатар келген инвесторға көмекші ретінде арнайы менеджер маман бекітіледі, – деді Диас Асқарұлы.

Сондай-ақ аталған басқосуда «Серік» ӨӘК» ЖШС ұсынған қонақүй кешені мен бизнес орталығын салу жобасы мақұлданды.

Барлық заманауи талаптарға сай келетін төрт жұлдызды қонақүй кешені Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 173-мекенжайында орналаспақ. Халықаралық стандартқа сай келетін кешеннің құрылысына 8 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалатын болады.

Әзірге 70 адам құрылыс жұмыстарын жүргізетін болса, пайдалануға берілгенде 160 адам жұмыс орнымен қамтылмақ. Қонақүй кешенінің құрылысы келер жылы басталып, 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы инвестициялық жобалардың біздің облыс үшін маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіре түсу керектігін атап өтті.

– Осы кезге дейін мақұлданған 18 жобаның 14-і қолға алынды. Оларға жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсететін боламыз. Қалған үш жоба белгілі себептермен уақытша кідірісте. Бүгін де өңіріміздің әлеуетін арттырып, шаһарымыздың көркін аша түсетін тағы бір жобаны мақұлдадық. Бұл жоба да өңірімізге инвесторлар тартуға жақсы жағдай туғызып, облыс экономикасының өркендей түсуіне өз септігін тигізеді деп есептеймін, – деді Ғали Есқалиев.

* * *

Сонымен қатар облыс әкімі Ғали Есқалиев өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, жергілікті бизнесті дамыту мақсатындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Кәсіп иелерімен талқыланған жобалардың бірі – облыс орталығынан 20 шақырым жерде бой көтеретін индустриалдық аймақтың құрылысы. Қазіргі уақытта аталған аймаққа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тарту жұмыстары жүруде. Аталған аймақтың жалпы көлемі 281 гектарды құрайды. Жобаның құны 14,4 млрд. теңге болса, оның ішкі инфрақұрылымы үшін 3,8 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінбек. Сондай-ақ жиында кәсіпкерлер назарына облыс аумағындағы жылына 3 млн. тонна цемент өндіретін зауыттың, Ақсай қаласындағы кірпіш зауытының құрылысы, «Пош-Руно» ЖШС базасындағы тері өңдеу кәсіпорны  секілді 20-ға жуық болашағы бар жобалар таныстырылды.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев жергілікті кәсіпкерлерді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар