7.10.2019, 20:48
Қараулар: 71
Жайықтағы желаяқтар жарысы

Жайықтағы желаяқтар жарысы

Сенбі күні облыс орталығында «Aqjaiyq marathon-2019» көпшілік спорттық шарасы өткізілді. Шаһардағы П. Атоян атындағы стадионнан бастау алған марафонға жиналған қатысушылар мен жанкүйерлердің қарасы көп болды.

Өңірімізде алғаш рет 42,2 шақырым қашықтықта өткен спорттық шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, супермарафоншы, халықаралық спорт шебері және Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген Марат Жыланбаев, триатлоннан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Жаппаров арнайы қатысты.

– Құрметті марафонға қатысушылар, Ақ Жайық өңірінің қонақтары, Орал қаласының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Aqjaiyq marathon-2019» толық марафонға қош келдіңіздер! Батысқазақстандықтармен бірге марафонға еліміздің 10 қаласынан, көршілес Ресей елінің бес қаласынан 1000-нан астам адам тіркелді. Бізді қолдауға арнайы келген елімізге танымал спортшылар Марат Жыланбаев пен Ержан Жаппаровқа алғысымыз шексіз. Дәл осындай спорт мерекелерін көктем және күз айларында, жылына екі рет өткізуді көздеп отырмыз. Бәріңізге сәттілік тілеймін! –  деді облыс әкімі.

Жарыстың ашылу салтанатынан соң бабы келіскен желаяқтар соңғы дайындыққа кірісті. Алғаш болып жарыс сөресіне 42,2 шақырым қашықтықты таңдаған спортшылар шақырылды. Естіген жанның жігерін шыңдайтын әуелеген қазақы ән мен жанкүйерлердің қолдауы қатысушыларға күш бере түскендей. 1000-нан астам қатысушы алдын ала жарна төлеп, үш қашықтыққа жүгірді. Жарысқа қатысушыларды сөреден жанкүйерлер ыстық ықыласпен шығарып салып, жеңімпазды мәреден құрметпен күтіп алды.

Жүйріктердің соңынан тағатсыздана қараған көрермендерді алғаш болып 10,5 шақырымға жүгіргендер қуантты. Бұл қашықтықта ерлер арасында Ислам Аманқос бірінші келсе, Ержан Жанарыстанов пен Мағзом Бақытжанұлы мәре сызығын екінші және үшінші болып кесті. Әйелдер арасында аталған межені бірінші болып Екатерина Гритсай бағындырды. Амилия Есқақова мен Оксана Тарханова есімді бұрымдыларға қалған жүлделі орындар бұйырды. Бұл қашықтықта бірінші келгендерге 100 мың, екінші орынға 70 мың, үшінші орын иегеріне 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Жартылай марафон, яғни 21,1 шақырымға шапқан ерлерден бірінші болып Алексей Ширшов, екінші, үшінші болып Асылмұрат Бірімжанов пен Шалқар Айдын келді.

Әйелдер арасынан Дана Гусарованың бағы жанып, жарыс жеңімпазы болса, Татьяна Палкина мен Алтынай Нұғмановалар жүлделі орындардан табылды. Мәре сызығын бірінші кескен спортшыға 150 мың, екінші орынға 100 мың, жүлделі үшінші орынға 70 мың ақшалай сыйлық ұсынылды.

Ең алыс қашықтықты таңдап, бағын сынағандарды жанкүйерлер тапжылмай бірнеше сағат күтті. Толық марафонға шапқан алғашқы жеңімпаздарды жұртшылық қошеметпен қарсылап алды. Бұл қашықтықты алғашқы болып Александр Савгуров бағындырды. Көп ұзамай Аман Нұркелді мен Баубек Ілиясов та мәре сызығын кесті. Нәзікжандылардың ішінен Диана Айдосова жүзден жүйрік екендігін дәлелдеді. Юлия Григорьева мен Наргиз Ерқосаева да мықтылық танытып, жарыс жүлдегерлері атанды. Бұл қашықтықты бағындырған жеңімпазға 200 мың, жүлдегерлерге 150 және 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.

Сондай-ақ өзге қатысушылар да жүлдесіз қалған жоқ. Мәреге жеткендердің бәріне арнайы дайындалған медальдар табысталды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Юлия ГРИГОРЬЕВА, Самара қаласының тұрғыны:

– Қазақ еліне бірінші рет келуім. Кеше Орал қаласына келіп, сәтті орналастық. Кешкісін қаланың көрікті жерлерін араладық. Көне қала маған қатты ұнады. Үш баланың анасымын. Мұндай үлкен додаға алғаш рет қатысуым. Кәсіби спортпен шұғылданбасам да, өз денсаулығым үшін салауатты өмір салтын ұстанамын. Мен үшін жеңімпаз болу міндет емес еді. Төзімділігімді сынап көрмек ниетпен қатысып, 42,2 шақырымда жүлделі екінші орын алдым. Жеткен жетістігіме қуанып тұрмын.

Марат ЖЫЛАНБАЕВ, халықаралық дәрежедегі  спорт  шебері, супермарафоншы:

– Еліміздің көптеген өңірінде өтетін марафондарға қатысып жүрмін. Бүгін батысқазақстандықтардың белсенділігін көріп, қуандым. Жүгірумен тұрақты шұғылдану үшін арнайы спорт құрылғыларының немесе ғимараттың, стадионның қажеті жоқ. Өз денсаулығын күтіп, спортпен айналысқысы келетін адамға жүгіру өте қолжетімді. Тек соған ниет қойып, уақыт тапса болғаны. Елімізде соңғы жылдары бұқа-ралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Әрбір қазақстандық осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланса екен деймін.

Геннадий ПСКОВСКИЙ, қала тұрғыны:

– Осыдан 13 жыл бұрын жол-көлік оқиғасына тап болып, оң жақ аяғымнан айырылдым. Бірақ мүгедек екенмін деп төсекке жатып алмай, жігерімді қайрап, спортты жаныма серік еттім. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би үйірмесіне және суда жүзуге қатысамын. Бұл екеуінен де жақсы нәтиже көрсетіп, өңіріміздің намысын қорғап, республика чемпионы атандым. Бір жыл турасында жүгірумен де шұғылдана бастадым. Бүгінгі сайыста 10,5 қашықтыққа жүгіріп келдім. Енді мына жасанды аяғыммен жүгірумен тұрақты шұғылданып, биік белестерді бағындырамын деп ойлаймын.

Екатерина ГРИТСАЙ, жарыс жеңімпазы, Қостанай облысы:

– Бүгінгі марафонда 10,5 шақырым қашықтыққа жүгіріп, бірінші болып келдім. Өзіме қойған межеме жеттім деп есептеймін. Батыс өңіріне алғашқы келуім. Кеше біздерді ұйымдастырушылар теміржол бекетінен күтіп алып, керемет жерге орналастырды. Қанша жарыстарға барып жүрсек те, мұндай құрмет көрсетіп, жатар орынды тегін ұсынғанды көрмеппін. Марафонды жоғары деңгейде ұйымдастырған оралдықтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жалпы, жасыл желекке оранған Орал қаласы маған қатты ұнады. Сәтін салып, тағы да жарысқа шақырса, міндетті түрде келер едім.

Ғариф САТИЕВ, Алматы қаласының тұрғыны:

– Тасқала ауданындағы Оян ауылының тумасымын. Қазір Алматы қаласында тұрамын. Жүгірумен шұғылданып жүргеніме 12 жылдай уақыт болды. Жасым 62-ден асса да, көптеген республикалық, халықаралық жарыстарға да қатыстым. Туған елімде осындай марафон өтетінін естіп, арнайы келдім. Бүгін жастары 60-тан асқан спортшылар арасында екінші келдім. Бұл жерде мен үшін жеңімпаз болып, жүлде алу мақсат емес. Кейінгі ұрпақты спортқа баулу міндет болды. Бір көңілім толмаған нәрсе –  жүгіруден жеңімпаз атанғандардың қатарында жерлестеріміз сирек. Соған қарағанда жүгіру спортынан Жайық өңірі кенже қалды ма деген ой келеді. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны толса екен деймін.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар