7.10.2019, 20:42
Қараулар: 251
Күй саңлағына құрмет

Күй саңлағына құрмет

Жақында Алматы қаласында күйші, композитор, ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, ұзақ жыл Құрманғазы оркестрінің бас концертмейстері болған Тұяқберді Шәмеловті еске алу кеші өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, өнер саңлақтары, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

«Қали-Мәмен – күмбір күй» деп аталған еске алу кешіне Батыс Қазақстан облысынан да арнайы делегация барып қайтқан еді. Солардың бірі Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажығалиев күйші-композиторды еске алу кешінен кейінгі әсерімен бөлісті.

– Зиялы қауым жиналып, «Құрманғазы» оркестрінің ұйымдастыруымен өткен әсерлі кештің куәсі болдық. Тұяқберді ағамыз осы өңірдің тумасы, Бөкей ордасы ауданының Құрманғазы ауылында дүниеге келген. Тұяқ ағамыз – Қали Жантілеуовтің шәкірті. Ол кісінің өмір, өнер жолы Алматыда өтті. Ағамыз елден шыққан көптеген азаматтардың үлкен сахнада өнер көрсетуіне жол ашып берді. Шәкірттері өте көп. Мәселен, Нұрғиса Дәуешов, Жалғас Сатыбалдиев, Батыржан Мықтыбаев, өзге де өнерлі азаматтарды атауға болады. Алматының төрінде ағамыздың есімі қайта жаңғырып, Мамыр-4 шағынауданында өзі тұрған 307-үйге ескерткіш тақта орнатылды. Біз елден барғандықтан, музейден ағамыздың киген киімдері мен ұстаған домбырасын апарып, арнайы көрме жасадық. Жалпы, әсерлі, рухани кеш өтті. Ағамыздың өнер саласындағы ерен еңбегін бағалайтын, рухын құрмет тұтатын жандар көп екенін көріп, қуанып, қанаттанып қайттық,  – дейді Асхат Тарасұлы.

Белгілі күй саңлағын еске алған әсерлі кешке күйшінің жары Сәуле апай мен қыздары да қатысқан. Күйшінің жиені ата өнерін жалғап, сахнада әдемі өнер көрсетіпті.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар