7.10.2019, 20:41
Қараулар: 275
Жаңа маусым «Махамбетпен» ашылды

Жаңа маусым «Махамбетпен» ашылды

Жексенбі күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры XXVII маусымын әйгілі ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен ашты.

Туындыда Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің рухани көсемі болған ақын Махамбет Өтемісұлының өмірінің шырғалаң кезеңі сипатталады. Драмалық қойылым,  әсіресе, ақынның жалынды жырларымен өріліп отырады. Ал бұл  сол зұлмат кезеңнің  тыныс-тіршілігін, ақынның  тау тұлғасын айшықтай түскен. Шығарманың өн бойынан сол жылдардағы  байсұлтандардың халықтың құтын қашырып, тізесін батырғаны,  зығырданы қайнаған халықтың  ашу-ызасы көрініс тапқан.

Қойылымның режиссері ҚР Еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов болса, Исатайдың рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, хан Жәңгірді мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев шебер сомдады.

– Театр маусымының «Махамбетпен» ашылуы да заңды. Жақында Қала күні қарсаңында шаһарымызда қос батырдың ескерткіші ашылды. Сондықтан маусымды осы қойылыммен ашуды жөн көрдік. Бұл спектакль республикалық байқауда бірінші орын алған болатын. Осы қойылымнан кейін іле-шала Жезқазған қаласында өтетін халықаралық фестивальға жиналамыз.  Қараша айының соңында Мәскеуде өтетін «Золотой витязь» театр форумына баратын  жолдамамыз бар. Жалпы, бұл маусымда әр түрлі жанрдағы шығармаларды қамтуға тырысамыз. Өзбекстанның Науаи театрының бас режиссері бізге келіп, қойылым қоюды жоспарлап отыр.

Махамбет бабамыз –  үлкен тұлға. Оның  бейнесін сомдау, әрине, оңай емес. Көп жылдан бері осы рөлде ойнап келемін. Алайда  әр ойнаған сайын түрлі күй кешіп, ерекше толқыныста боламын. Көрермен ықыласы зор болды. Егер көрермен көңілінен шықсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Махамбет батырдың рөлін сомдаған театр директоры  Қуаныш Амандықов.

Ал Исатай батырдың рөлін сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов бұл қойылым театр репертуарындағы   кесекті дүниенің бірі де бірегейі деп атап өтті. «Исатай образы –  мен үшін үлкен образдың бірі. Ол  –  ел бастаған, қол бастаған көсем. Оны сахнаға алып шығу үшін көп ізденіс керек. Батыр образын аз  да  болса аша алдым деп ойлаймын. Көрерменнің ықыласы жақсы болды», –  дейді актер.

Қойылым соңында актерлерге, осы спектакльді дайындауға тер төккен жандарға облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Ясипа   РАХИМҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар