7.10.2019, 20:40
Қараулар: 269
Сиқырлы саз әлемінде

Сиқырлы саз әлемінде

Таяуда Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда әр жанрдағы шығармашылық ұжымдары мен  әртістері бір мезгілде концерт берді. Сөйтіп, көрермендер бес концерттің ішінен жанына жақын өнер ұжымын таңдап, тамашалауға мүмкіндік алды.

Филармонияға кірген жанды әр түкпірден әуелеген әсем ән, күмбірлеген күміс күй, түрлі аспаптың үндескен үні бірден баурап алды. Кештің «Саз әлемі» атауы затына сай болды. Үлкен залда Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің концерті өткен еді. Ұлттық әуеннің сырлы үніне елтіген тыңдарманның қарасы мол болды. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі және бас дирижері, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетовтің жетекшілігімен сахна шымылдығын Құрманғазының күйі «Серпермен» ашқан  оркестрдің орындауында күй күмбірлеп, сүйемелдеуімен әртістер ән шырқады. Сонымен қатар оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Қырымгерей Қажымов, туған жеріне оралған жас талант Жарас Сатыбалдиев дирижерлық етіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ҚР еңбек сіңірген артисі Сәуле Таудаева бастаған танымал әншілер өнер көрсетті. Ал кіші залда Асқар Кенжеғалиев жетекшілік ететін «Орал сазы» фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі әншілердің концерті Махамбеттің «Ақжелең» күйімен ашылды.

“Назерке” халық биі ансамблінің әдемі билеріне (жетекшісі А. Тасболатова, М. Сүндетқалиева) және Владимир Баяндин жетекшілік ететін “Классика” камералық ансамблінің де өнеріне көрермен ыстық ықыластарын білдірді.

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажығалиев айтып өткендей,  бұл концерт биылдыққа екінші рет өтіп отыр. Өнер ұжымдары жыл басында «Филармония түні» деген атаумен тегін концерт өткізген. Ал бұл жолы ақылы түрде ұйымдастырылып отыр.

– Бір мезетте  бір билетпен бірнеше концерт көру – қазіргі заман талабына сай десе де болады. Өйткені халыққа әдеттегі концерттерден бөлек, аз да болса өзгеріс керек. Бұл, бір жағынан, көрерменнің өнерге деген сұранысын, талғамын да анықтауға мүмкіндік береді. Халық алғашқы  концертімізге жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірген еді. Осы жолы да көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Сондықтан да дәл осындай шараларымыз жалғасын табады деген ойдамын, – дейді Асхат Тарасұлы.

Бір айта кетерлігі, өнер ұжымының жыл басында өткен концертінде виртуалды тур тұсауын кескен болатын. Яғни әлемнің әр түкпірінде отырған өнерсүйер жан филармонияның сайты арқылы ұжымның тыныс-тіршілігімен таныса алады. Бұл өнер ұжымының концерттерін, дайындық жұмыстарын тамашалауға мүмкіндік береді. Кеш барысында филармония фойесінде өнер ұжымдарының  фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар