3.10.2019, 20:27
Қараулар: 83
Адасқан ана (болған оқиға ізімен)

Адасқан ана (болған оқиға ізімен)

Ол соңғы кездері үнемі жабырқаулы күйде. Қашан көрсең де, ауыр ой мысын басып тастаған. Өрімдей жап-жас қызға тең құрбыларындай жайнап, жадырап жүрген жарасар еді. Ал Сәуле үшін ондай көңіл күйдің  ауылы алыста.

Жұдырықтай жүрегімен ішкілікке салынып кеткен анасын түпсіз  терең  шыңыраудан алып шығудың  жолын  іздеп, әрі-сәрі  күйде.

Қанша тыраштанғанымен, қаршадай қыздың қолынан келер не қайран бар? Осындай ой-орманда адасып, Сәуле сабақтан келеді. Үйдің қақпасына жете бергенде күндегіше таныс ащы айқай құлағына келді.

Жігері онсыз да құм болған қыздан әбден маза қашты. Бүгін де анасының ащы судан ұрттап алғанын сезді. Кішкене жүрегі дір етіп, тұла бойы түршікті. Аяғына біреу зіл батпан тас байлап қойғандай, әрең көтеріп, зорлана басып,  ішке енді.

Анасы Жамал әдетінше бір шишасын құшақтап, айқайлап, ұрыс шығарып жатыр. Анасының күндегі тірлігі осы. Таңертең қос қызы Сәуле мен Айман сабаққа кетерде аузы-мұрнынан арақтың иісі мүң-кіп, ұйықтап жатады. Қыздары өздері шай ішіп, бір-бірінің шаштарын өріп, «Мама, біз кетіп барамыз» деп, аналарын жұлқылап оятады.

Жамал ыңылдап, басын көтергендей болып, қайтадан сылқ құлап жата береді. Екеуі үйге қайтып келе жатқанда іштей сәбилік жүректерімен аналарының жарқырап, сау күйде қарсы алғанын тілейді.  Келгенде көретіндері – тағы да анасы өлесі мас. Үйдің іші астаң-кестең. Қайткенмен де бала ғой, ішкіш анасынан қорқып, үрейленеді. Осындай ит өмірмен алысып келе жатқандарына екі жылдың жүзі болыпты. Сонда да қос қызғалдақ анасын жаманатқа қимайды. Ішімдік атаулысын ұмытып, түзелетін күннен үміттерін үзбейді. Ата-анасы тату, бақытты отбасыларға қарап қызығады.

Сәуле анасын біреу сиқырлап, дуалап қойғандай көреді.  Күндердің күнінде сиқырдың күші жойылып,  бәрі жақсы болады деп ойлайды.

Өзімен тетелес сіңлісі Айман екеуі екі-үш жыл бұрынғы бақытты шағын аңсайды. Шіркін, ол кезде анасы ащы су дегенді білмейді, жұмыста, айрандай ұйыған тату отбасы еді. Ешқандай уайым жоқ. Рақат өмір-тұғын.  Қазір ше? «Жаман суға» үйір болған адамның ісінде қайбір береке, бірлік болсын, қайдан жұмыс істеп жарытсын? Екі қыздың әке-шешесі жұмыссыз. Ананың күтімін көрмегендіктен, жағдайлары жан аяйтындай.  Оқу құралдары да жетіспей, сынып жетекшісі өз қалтасынан талай мәрте дәптер-қалам әперді. Мектеп болып, бір қап астық та жеткізіп  берді.

Сәуле ата-анасының әрекеттері үшін қатты намыстанады. Айнала-сындағы адамдар сіңлісі екеуін сырттай келемеж етіп күлетін шы-ғар-ау. Бойжетіп қалған қыздың анасына сырласып айтар әңгімесі де көп. Үнемі ой тұңғиығына шомып жүретін қыз тұйықталып ба-рады.

 – Мама, маматай, бүгін ішпеші! Біз сені жақсы көреміз! Біз үшін ішпей-ақ қойшы! – деді бір күні таңертең ұйқыдан шала мас боп оянған анасын құшақтап, еңкілдей жылап.

Қызы көз жасын көлдеткенде сәл де болса, Жамалдың жүрегі шымыр еткендей болды. Ішпегісі келеді-ақ. Бірақ ішінде бір әбжылан «ақаңды әкел» дейді де тұрады. Ол әбжыланды жеңетін Жамалдың қауқары жоқ. Қанша күннен бері тарамаған шашы киізденіп, ұйпа-тұйпасы шығып, жүзі қошқыл тартқан күйі қарсы тұрған айнаға қарады.

«Бұрын қандай ана едім? Қазір қандаймын? Қос қызғалдағымның қамын ойлап, қуанышын қызық-тауды ұмыттым ғой. Әй, болмай-ды-ау. Басым құрғыр тағы да сынып барады. Әбден бойымды ден-деп алған ащы суды ұрттамай тұра алмаймын».

Жамал мамандығы бойынша жұмыс та істеп,  араққұмарлықтан арылып көруге бекініп көрген. Қанша тырысқанымен, «ескі досы-мен» қайта қауышты. Үйреншікті әніне қайта басты. Ішкілікке тағы да салынды. Жұмыстан  да шығып қалды. Қазіргі  тірлігі – осы.

Ал күйеуі ше? Күйеуі момын, жайлы жігіт-тұғын. Ақшасы аса көп болмаса да, шай-суға жететін табысы бар жұмысы да болды.  Қандай сайтан азғырғанын кім білсін, басқа бір әйелмен көңіл қосып, соның кесірінен отбасының шырқы бұзылды. Сүттей ұйыған шаңырақ ортасына түсті. Күйеуі Жамалды тастап кетті. Содан кейін Жамалдың көрген күні күн болмады. Жан дүниесі қураған ағаштай жалаңаштанды. Ашу-ыза бойына үріп қойған ауадай жиналды. Жан жарасын ішімдікпен жазды. Басына түскен қиындық ішкенде ұмытылып, күнде ащы суды ұрттамаса болмайтын болды.

Күйеуі албасты басып алжас-қанын, отбасыдан артық жылы ұяның жоқ екенін түйсініп, қайтып оралды. Жамал бірақ ішуін доғармады. Әйел бұзылса, еркекке бәрібір екен. Күйеуі Жамалдың ізінен ерді. Сөйтіп, ерлі-зайыпты екеуі отбасының бақытын араққа айырбастады.

*  *  *

Күндер өте, Жамалды аналық құқығынан айыру жөнінде  сот отырысы болды. Оның мәселесі сотта ұзақ қаралды. Сәулесі мен Айманынан айырылғысы келмейді-ақ. Бірақ олардан гөрі, қу арақ тәттірек пе? Таразының екі жағында қыздары мен ішімдік тұр. Бір  жағы  басары  анық.

Бұл кезде Сәуле сабақта еді. Сабақта дегені аты болмаса, бар ойы анасында болды.  «Егер анамнан айырып, басқа тәрбиеге берсе, біздің күніміз не болмақ? Бөтен жерге барғым келмейді. Анам мен әкемнің қасында қалғым келеді. Мен оның тұла бойы тұңғышымын ғой. Ақ сүтін емдім.  Тілім шүлдірлеп шыққандағы алғашқы сөзім «мама» екенін анам айтқан. Еркелеткені, құшағына басып сүйгені ертегі болып қала бере ме? Жаныма анамнан артық кім бар? Анашым, біз сені жақсы көреміз, жәннатым. Бізді басқа адамдарға қалай қиып бересің? Сен сыйлаған өмірді сенсіз қалай сүреміз?!» Көз жасы мөлтілдеп отырған Сәуле шыдай алмай, сұранып шығып кетті. Оңашада еңкілдеп  жылай  берді.

Сот отырысы бітіп, Жамалды арнайы комиссия бақылауға алатын болды. Аналық құқығынан айырмай, бір жолға мүмкіндік берді. Белгіленген мерзімге дейін ішпей, қыздарына, отбасына дұрыс көңіл бөлсе, бақытсыз Жамалымыз шаңырақ шаттығына бөленер, бәлкім? Бәрі әрі қарай тек  Жамалдың  қолында…

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар