3.10.2019, 20:16
Қараулар: 75
2425 отбасы табысын жасырған

2425 отбасы табысын жасырған

2019 жылдың 1 қазандағы  жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 10 599  отбасына тағайындалды. Яғни 51 668 тұрғын АӘК алады. Оның ішінде 5391 адам шартсыз және 46 277 адам шартты ақшалай көмек алды.

Елімізде биылғы сәуір айынан бастап жан басына шаққанда айлық табыс көлемі 20 782 теңгеден аспаған отбасыларына жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады. Бірақ қазан айының алғашқы күнінен бастап, атаулы әлеуметтік көмек есебі өзгерді. Бұған дейінгі АӘК мөлшері республика бойынша күнкөріс деңгейінің 70 пайызымен (20 782 теңге) есептелінсе, енді төлем әр өңір ерекшелігіне сәйкестендірілді. Нақтырақ айтқанда, біздің облыстағы күнкөріс деңгейі – 28 432 теңге. Өңірдегі отбасылық кіріс, жан басына шаққанда, күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 19 892 теңгеден аспауы тиіс. АӘК тағайындалған жағдайда, әр балаға белгіленген кепілдендірілген көмек мөлшері 20 782 теңге болып өзгеріссіз қалды. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Раушан Саттықова (суретте) хабарлады.

Тамыз айынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің  тоқтатылуына байланысты Орал қалалық жұмыспен қамту орталығы ғимаратында қарбалас көбейді. Мамандар заңды жолмен әлеуметтік көмек алу заңдылығына байланысты тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеп, келушілерден зейнетақы жарнасы туралы анықтаманы тіркетуді талап етуде. «Сәуір айынан отбасыма атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанына қуанып едім. Алайда соңғы екі айдан бері АӘК төлемі күрт тоқтады. Қалалық жұмыспен қамту орталығына телефон шалсам, тексеріс жүріп жатқанын айтады. Қалай есептесе де, менің еңбекақымды отбасы мүшелеріне бөлгенімен, күнкөріс деңгейіне сәйкес белгіленген шамадан аспайды», – деді Орал қаласының тұрғыны Диана Серікқызы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Раушан Саттықова тұрғындардың әлеуметтік көмек алу заңдылығын өрескел бұзғаны анықталып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, 2019 жылдың 1 қазандағы  жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 10 599  отбасына тағайындалды. Яғни 51 668 тұрғын АӘК алады. Оның ішінде 5391 адам шартсыз және 46 277 адам шартты ақшалай көмек алды. Әлеуметтік төлемнің жалпы мөлшері – 4  млрд. теңге.

Заңға сәйкес анықтама бере кетсек, шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын, күнкөрісі төмен адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Шартты ақшалай көмек – отбасында еңбекке қабілетті адам болса, ай сайын немесе біржолғы ақшалай төлем түрінде берілетін көмек түрі.

Мемлекет игілігін оңай олжа көретін, сол үшін жүзіктің көзінен өтуге дайын тұратындар да бар болып шықты. Атаулы әлеуметтік көмектің дұрыс тағайындалып, төленуіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2425 отбасының табысын жасырғаны анықталды. Бүгінгі күні табысы асып кеткен 782 отбасына төлем тоқтатылған. 1468 отбасына қайта есептеу жүргізіліп, 175 отбасына тексеру жұмысы жалғасуда. Табыстарын жасыру фактілері бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде бүгінге дейін АӘК қаражаты есебінен заңсыз төленген 4747,4 мың теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Мәселен, Ақсай қаласының тұрғыны, көп балалы ана 11 сәуір күні өтініш түсіріп, бес күннен кейін шартты ақшалай көмек түрінде АӘК тағайындалған. Ай сайынғы төлем 96 232 теңге болып белгіленіпті. Ол күйеуі екеуінің табысын төмен көрсеткен. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, отбасының І  жартыжылдықтағы кірісі 3 678 370 теңге болғаны анықталды. Отбасы меншігінде киім дүкені бар. Сауда-саттықпен тұрақты айналысады. Тамыз айынан бастап АӘК тоқтатылды. Сәуір-шілде айларына төленген 384 928 теңге көлеміндегі қаражатты қайтару міндеттелді. Қазіргі уақытта  олар 288 696  теңгесін  кері  қайтарған.

– АӘК тоқтатылған отбасыларға хабарлама жіберіліп, өз еріктерімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, заң талаптарына сәйкес әлеуметтік сала мамандары төлемді өндіруге байланысты материалдарды сотқа жолдайды. Сондықтан жан басына кіріс белгіленген шектен асса, салалық мекемеге немесе жергілікті әкімшілікке хабарын беруі керек. Қыркүйек айының 13-інен бастап АӘК тағайындау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Егер көмек алушының тұрақты тіркеуі болмаса, уақытша тіркеумен АӘК алуға өтініш бере алады. Уақытша тіркеу алты ай ішінде жүзеге асуы керек. Төтенше жағдай туындаса (абақтыдан босау, баспанасыз қалу), жұмыспен қамту орталықтары немесе жергілікті әкімдік тіркелуге көмектесуі тиіс. Жәрдемақы алу үшін жалған ақпарат бергендерге, еңбекке қабілетті бола тұрып, жұмысқа орналасудан бас тартқандарға АӘК тағайындалмайды. 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедек балаға, І немесе ІІ топ мүгедегіне, 7 жасқа дейінгі баланы немесе күтімді қажет ететін қарияны, науқасты қарап отырған ата-анаға жұмысқа шығу талап етілмейді. Шартты АӘК тағайындалғанда, берілген ақшаны келісімшартқа сәйкес (мал алуға, кәсіп ашу) жұмсау керек, – деді Раушан Саттықова.

«Елде болса, ерінге тиеді» дегенге Тасқала ауданындағы Оян ауылының тұрғыны Сәуле Ғұбайдуллина сенеді. Ол ауылдағы мәдениет үйінде музыкамен сүйемелдеуші болып қызмет етсе, жұбайы Сағындық Инбалин ауылдық әкімдікте күзетші болып жұмыс атқарады. Отбасында сегіз адам бар. Балаларының алды студент атанды. Сәуле Ғұбайдуллина сәуір айында атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген. Нәтижесінде отбасына 1,5 млн. теңгеден астам шартты ақшалай көмек тағайындалды.  Біржолғы  көмектің алғашқы бөлігі 384 744 теңгеге  олар бір бұзаулы сиыр сатып алды. Қалған қаражатқа мал алып, қысқы азықтарын жинауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қосалқы шаруашылығын  дамытуға  кірісіп  кетті.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар