3.10.2019, 20:10
Қараулар: 241
216 отбасы баспаналы болды!

216 отбасы баспаналы болды!

Орал  қаласының  Зашаған  кентінде «Нұрлы  жер»  мемлекеттік  бағдарламасы  аясында  бой  көтерген  тоғыз  қабатты  тұрғын  үй  пайдалануға  берілді.

Бақытты жанұяларға баспана кілтін тапсыру сәтінде облыс әкімі Ғали Есқалиев мемлекет халықтың өмір сапасын арттыруға айрықша мән беретіндігін және тұрғындарды тұрғын үймен қамту ел дамуының басым бағыттарының бірі саналатындығын атап өтті.

– Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгін өңіріміздегі бақытты отбасылар саны 216-ға артты. Қолданысқа берілген тұрғын үйдің 72 пәтері көп балалы отбасыларға, 29-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға берілсе, қалған пәтерлерге халықтың әлеуметтік тұрғыдан қолдауға зәру санатына жататын азаматтар қоныстанбақ. «Отан отбасынан, отбасы ошақ қасынан басталады» дегендей, тәуелсіз елдің ұстанған саясаты арқасында жайлы баспанада өсіп-жетілген ұл-қыздарымыз болашақта еліміздің тірегіне айналады деп сенемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-береке тілеймін! – деген өңір басшысы Ғали Есқалиев құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізген мердігер компанияға  алғыс  айтты.

Мердігер компания басшысы Нұрлан Қуанғалиевтің айтуынша, қолданысқа берілген баспана 2018 жылдың көктемінен бастап салынды. «Тоғыз қабатты тұрғын үйдің 77 пәтері екі бөлмелі, ал қалғаны бір бөлмелі. Бір бөлмелі пәтердің аумағы – 38 шаршы метр, екі бөлмелісі 62 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезде су, электр жарығы, жылуы кіргізілген, әр подъезде заманауи кең жеделсаты іске қосулы. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд. теңге», – дейді Н. Қуанғалиев.

Айта кетерлігі, 2019-2020 жылдары Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 88,7 мың шаршы метрді құрайтын 1627 пәтерден тұратын 12 тұрғын үй салынуда, жобалардың жалпы құны – 15,5 млрд. теңге. Соның ішінде 10 үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына арналған. Олардың бесеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жоспар орындалған жағдайда жалпы аумағы 34,2 мың шаршы метрді құрайтын 594 пәтер халық игілігіне берілмек. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажетсінетін санатына арналған тоғыз қабатты екі тұрғын үй салу жоспарланған. Олардың бірі дәл осы күні салтанатты тапсыру рәсімі өткен баспана болса, қаламыздың солтүстік-шығыс ауданында екінші тұрғын үйдің құрылысы  жүріп  жатыр.

Балқия  МЕДЕТОВА, қала  тұрғыны:

– Баспанаға мұқтаж тұрғындар тізіміне қызым Бақытнұр Медетованы 2003 жылдың мамыр айында тіркеген еді. Бақытнұрымыз – ІІ топ мүгедегі, осы кезге дейін өзімізбен бірге жатақханада тұрды. Мемлекетіміздің мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша қамқорлық танытып, қолдау білдіріп жатқандығы қуантады. Соның арқасында қызымыз бір бөлмелі баспанаға ие болды, ай сайын бар-жоғы 6 мың теңге төлеу керек. Бұйырған несібесі деп, отбасымызбен қуанышты күй кешудеміз.

Бақыт  БАТЫРҒАЛИЕВА, көп  балалы  ана:

– Жұбайым екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік, бүгінде 8 немереміз бар. 1994 жылы тұрғын үй кезегіне тұрғанбыз, оған дейін пәтер жағалап күн кештік. Соңғы кезде бала-шағамен бірге жатақханада тұрдық. Әлеуметтік жағдайы көмектесуді керексінетін отбасылар үшін қолжетімді баспана алуға мүмкіндік беретін қолайлы бағдарламаның арқасында сапалы, кең үйге кіргелі отырмыз. Ай сайын 8 мың  теңге  төлеу  керектігі  отбасылық  бюджетке  салмақ  салмайды.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар