3.10.2019, 20:06
Қараулар: 160
Үздік жетекші мектеп

Үздік жетекші мектеп

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешені 2016 жылдан бастап облыстық білім басқармасының бұйрығымен жетекші мектептер құрамына енді.

Бұған дейін де сапалы білім, саналы тәрбие беруде талмай еңбек ететін білім ордасындағы ұстаздар қауымына артылар жүк те арта түсті. Алайда сол салмақты жұмысты аталған білім ұясының ұстаздары ойдағыдай алып шығуға талпыныс жасады және ол еңбек ақталды да. Мәселен, 2017-2018 оқу жылында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік жетекші мектеп» байқауында І орыннан көрінді.

– Біз алғаш жетекші мектептер құрамына енген кезде алдымен үйлестірушілер тағайындадық. Олар сол кезде І санатты, қазір жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Алмагүл Хайруллина, І санатты математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айымгүл Өтегенова. Біздің мектеп және біздің құрамымызға енген өзге мектептер екі тілді болған соң екі тілді үйлестіруші бекіттім. Жетекші мектептер құрамында сегіз магниттік мектеп бар.

Атап айтсам, олар Володар, Достық, Чувашка, Новенький, Асан ауылдарындағы мектептер мен Трекиндегі қазақ, орыс мектептері. Аталған білім ордаларымен бірлесе отырып, әр оқу жылына жоспар құрамыз. Аталмыш жоспар негізінде тоғыз ай бойы жұмыстанамыз. Осы кезеңдерде біз оқушылардың білім сапасының, мұғалімдердің сапалық құрамының, жалпы мектептердегі барлық жұмыстардың жүргізілуін бірге қадағалап, қызмет атқарамыз, – дейді Мичурин мектебінің директоры Алмагүл Кенжебаева (суретте).

Алмагүл Алғалиқызының айтуынша, облыс орталығындағы №5,  №16 және №37 мектептермен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып отырады екен.

– Біз жеті мектеппен жұмыстану барысында алдымен жоспар жасақтаймыз. Ол жоспар тамыз айында аудандық білім беру бөлімі басшысымен бекітіледі. Одан соң жоспар магнитті мектептерде таратылып, сол бойынша жұмыс жасалады. Жаңартылған білім мазмұнын одан әрі аталған мектептерде өрбітіп, әдістемелік көмек көрсетеміз. Осы бағытта жоспарымызды үш кезеңге құрдық. Біріншісі – бастапқы, екіншісі – дамыту, үшіншісі – қорытынды кезең. Биылғы жылы біз қорытынды кезеңге келдік. Мектептерге оқу-әдістемелік жұмыс бойынша семинарлар өткізуді, тәрбие бойынша, соның ішінде ата-аналармен жұмыстарды бөліп бердік. Осы кезеңдерде Трекин қазақ мектебі жақсы қырынан көріне білді. Осыған байланысты бұл мектеп бізден бөлініп, жетекші мектеп қатарына енді. Бұл, әрине, біздің бірлесе атқарған жұмыстарымыздың жемісі деген ойдамын, – дейді тарих пәнінің мұғалімі, магниттік мектептермен жұмысты үйлестіруші Алмагүл Хайруллина.

Өткен оқу жылында бұл мектеп магнитті мектептер арасында «Үздік сынып жетекшісі» байқауын өткізген. Ондағы мақсат сынып жетекшісі мен оқушылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, балалар бойындағы шығармашылықты дамыту болатын. Бұл тұрғыда Асан ауылындағы білім ордасы үздік атанған көрінеді.

Жалпы, мичуриндік ұстаздардың жетекші мектеп ретінде өзге білім ошақтарынан тәжірибе алмасып, оны магнитті мектептерге таратудағы жұмыстары өте ауқымды. Жоғарыда атап өткен шара осылардың бір парасы ғана. Биыл білім ошағы белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жайық Пресс» медиахолдингі басшысының орынбасары Ғайсағали Сейтақпен кездесу ұйымдастырған.

– Біз көбіне әдістемелік жағынан көмек беру керек болғандықтан, педагогикалық шеберлік орталығымен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Мәселен, педагогикалық шеберлік орталығындағы мамандарды шақырып, сабақтарға қатыстырамыз. Сондай-ақ бұл сабаққа магнитті мектептердің ұстаздарының қатысуын да қамтамасыз етеміз.

Бұдан бөлек жетекші мектептердегі мұғалімдердің сабақ беруін ұйымдастырамыз. Сонан соң сабақтан алған әсер мен тәжірибені талдаймыз. Ондағы мақсат ұстаздардың кәсіби біліктілігін шыңдау, – дейді үйлестіруші Ал-магүл Орынғалиқызы.

Бұл іс-тәжірибе алмасудың нәтижесінде Мичурин мектебіндегі 24 түлектің 17-сі білім грантын иеленді.

– Оқу жылының басындағы жоспар жасақтау барысында әр мектептің мәселелеріне жете мән бердік. Ол үшін бізге бөлінген магниттік мектептердің директорларын жинап, конференция өткіздік. Конференция барысында әр мектеп басшысы мен сол білім ошақтарының координаторлары өз мектептеріндегі бүгінгі таңдағы мәселелерін айтты. Мәселен, бірінде тәрбие бойынша, енді бірінде ұлттық бірыңғай тестке, не қорытынды аттестаттауға дайындауға, ал кейбірінен мектептерде жекелеген пәндерді оқыту бойынша сұрақтар туындады. Мектеп директоры Алмагүл Алғалиқызы және үйлестіруші Алмагүл Орынғалиқызымен ақылдаса келіп, ең өзекті мәселеден бастау қажет деген шешім қабылдадық, – дейді мектеп директорының орынбасары, магниттік мектептермен жұмысты үйлестіруші Айымгүл Өтегенова.

Өткен оқу жылында Мичурин жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешені өздерінің атқарған жұмыстарын білім ошағының сайтына жүктеген. Сол мәліметтерді оң баға берген республикалық «Даму» сайты өздеріне орналастырған екен. Сондай-ақ мектеп ұстаздарының еңбектері бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде де жарық көруде.

– Магниттік мектептерге әдістемелік қолдау, әдістемелік әрекет, ақпараттық қолдау, аналитикалық қызметтер атқардық. Өткен оқу жылында аталмыш мектептерде 429 мұғалім жұмыс жасаса, 2892 оқушы білім алды. Сонымен қатар екі мектеп директоры басшылық курсты оқыды. Бірінші деңгейді 18, екінші деңгейді 14 және үшінші деңгейді 50 мұғалім өз білімдерін жаңартылған білім мазмұны бойынша жетілдірді. Осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде мұғалімдердің сапалық құрамының дамуы – 52,3 пайыз, оқушылардың білім деңгейі – 55,4 пайыз. Бұл, әрине, мұғалімдердің оқушылармен және ата-аналармен жүргізген жұмыстарының жемісі деп білемін, – дейді мектеп директоры Алмагүл Алғалиқызы.

Тағы бір айта кетерлік жайт, 2019 жылғы 4 шілдедегі облыстық білім басқармасының бұйрығы бойынша жетекші мектептер құрамы өзгерді. 2019-2020 оқу жылында жетекші мектептердің құрамы көбейіп, Мичурин жалпы орта білім беретін мектебіндегі магниттік мектептер саны азайған. Қазір Чувашка, Достық, Жамбыл және Асан елді мекендеріндегі мектептер ғана қалды. Былтырғы оқу жылында Мичуриндегі білім ұясы облыстық білім басқармасының рейтингі бойынша инновациялық мектептер қатарына қосылды.

Нұрлыбек  МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Бәйтерек ауданы