3.10.2019, 20:04
Қараулар: 296
Бақұл бол, Ғилақа…

Бақұл бол, Ғилақа…

Япырмай, Ғилақаңнан да айырылып қалдық…

Соның алдында ғана медиахолдинг бас директоры Рауан Сәбитов кәсіподақ, ардагерлер ұйымдарының төрағасы ретінде маған: «1 қазан — Қариялар күні ғой, тура сол күнге ардагерлерімізді шақырып, сый-құрмет көрсетейік, дастарқан жаяйық», — деген. Одан да бұрын, дәлірек айтсақ, 6 қыркүйек күні сырымдық журналист Мүсірбек Айташев екеуміз Ғилаж ағамызға барып, сәлем бергіміз келіп кетті.

Әуелі телефон шалдық. Қария қатты қуанды. Тек, сәл мүдіріп:  «Әй, мен сендерге тамақ пісіріп бере алмаймын ғой», — деді. Біз бұл жақтан: «Аға, өзіңізді сағындық, сөзіңізді сағындық, тамақ жағын өзіміз қатырамыз», — дедік. Мүсекең екеуміз кафеден тартылған еттен пісірілген, ағамыздың тісіне жұмсақ әзір тамақтарды түр-түрінен екі қоржынды толтырып алдық. Басқасын да ұмытпадық… Жәй кездің өзінде қолды аяққа тұрмайтын тұрымтайдай қария біздің келгенімізге ғажап қуанды. Әңгіме тиегін ағыттық. Арасында оң құлағын төсеп, «А, а,» — деп қайталап сұрап алып, өзінің әдетінше екі санын ұрып қалып қуанады. «Мынау менің жерлес інім ғой» – деп Мүсірбекті, «Мынау менің шәкіртім ғой» – деп мені маңдайларымыздан сипап, екеумізге кезек-кезек мадиықтанып отырды.

Бұрын күнара редакцияға соғып, газеттер тарататын ағамыз соңғы бірер жылда келуін сиретті… Тоқсанға таялған жасына (алдағы жылы қыркүйекте тура тоқсанға толатын еді) қарамай, редакцияға, біздерге бір соқпаса, көңілі жай таппайтын. 6 қыркүйектегі кездесуімізден кейін ағай редакцияға бір-екі рет келді де, тым-тырыс болып қалды. Телефоны үнсіз. Көңілге күдік кіріп, үйіне іздеп бардық, құлыптаулы. Сөйтсек, қыркүйектің аяғына қарай ауырған. Немере қызы қолына алған. Естіген бойда 30 қыркүйек күні түске таман  бас директор Рауан Сәбитов екеуміз қалін білмекке бардық. Өзі кішкентай кісі тіпті қурайдай болып қалыпты. Ентіге демалып, әлсін-әлсін күркілдеп екі иінінен ауыр тыныстап жатыр… Бас жағында қобыраған газеттер. «Бақытты болыңдар, айналайындар… Ұзақ ғұмыр берсін бәріңе… Редакциядағы балаларыма сәлем айтыңдар» — деді қария қиналып жатып. Көп отыра алмадық. Қоштасып шыға бергенде, көзім түсіп кетті жанарлары шырадай жанып барады екен. Қимай жатты-ау, сірә, біздерді… Соңғы жүздескеніміз екен. Келесі күні (1  қазанда) күндізгі сағат 3-тен 15 минут кеткенде келіні телефон соқты. «Папамыздан айырылып қалдық…».

Биылғы жыл «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің ардагерлеріне ауыр жыл болды. Құбаш ағай, Базарғали ағай, олардан сәл бұрындау Амантай ағай, Борис Кузнецов, Сергей Абылаев секілді әріптестеріміз мынау бескүндік бұлағай дәуреннен бақиға аттанып кете барған. Ғилақаң да сол інілерінің соңынан көп кешікпеді. Иманы жолдас болып, пейіштің шуағына шомылғай, Ғилақаң…

«Жалғыз келіп өмірге жалғыз кетіп барамын…» деген екен атақты сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков өмірінің соңғы сағаты соққанда. Ғилақаң да жетімдік пен жалғыздықтың ащы дәмін көкөрім кезінен  тартып өсті.  Кейін «адамнан бір сұрап, Алладан екі сұрап алған» жалғыз ұл да тым ерте солды. Тәңірге тағзым, ғазиз қарияның соңғы сапарының қызметіне қылаусыз жегіліп, шырылдап шығарып салып жатқан сол жалғыз ұлдан қалған келін Гүлмира, немере қызы Лаура бар. Сол ниеттеріне қарай оларға ағамыздың жасын берсін дейміз, Жасаған ие.

Бақұл бол, Ғилақа…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар