2.10.2019, 16:32
Қараулар: 97
Азия чемпионатының жүлдегері атанды

Азия чемпионатының жүлдегері атанды

Үндістанның Бангалор қаласында су добынан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды.

Ел құрамасы сапында оралдықтар Ұлан Амангелдиев пен Даниил Артюх осындай үлкен табысқа қол жеткізді.

Қазақстандықтар біріншілік барысында Иранды 9:6, Өзбекстанды 10:9, Қытайды 13:7, Кореяны 16:10, Үндістанды 19:6, Шри-Ланканы 27:1 есебімен ұтты. Тек 8:16 есебімен Жапония құрамасына ғана есе жіберді.

Чемпионат қорытындысында жапондар чемпион атанса, ирандықтар үздік үштікке ілікті.

Батысқазақстандық су добы шеберлерінің мұндай биіктен көрінуіне бапкерлері Нұрлан Мерғалиев, Мейірман Мұқанғалиев, Дамир Төрегелдиевтер көп еңбек сіңірді.

Он жеті жасар Ұлан Амангелдиевтің айтуынша, су добымен алты жылдан бері дендеп айналысып келеді.

«Жеңіске құрама мүшелерінің бәрі де өз үлестерін қосты. Бірге шабуылға шығып, қорғана да білдік. Ең бастысы, күміс жүлдемен бірге әлем чемпионатына берілетін жолдаманы да ұтып алдық. Айтулы додаға Даниил екеуміздің қатысуымыз Оралда су добының жақсы дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да намысты қолдан бермеуге тырысамыз», деді Ұ.Амангелдиев.

                                                               Ғайса БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар