30.09.2019, 22:40
Қараулар: 292
Болашаққа бастар жол

Болашаққа бастар жол

ҚР  Президенті  Қасым-Жомарт  Кемелұлы  Тоқаев  «Сындарлы қоғамдық  диалог – Қазақстанның  тұрақтылығы  мен  өркендеуінің  негізі»  деген  тақырыппен  халыққа  Жолдау  жасағаны  белгілі.

Жолдауда экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандырудың бірқатар мәселелері, яғни кәсіпкерлікті қолдау, білім сапасын жетілдіру, көп балалы отбасылардың жағдайын жақсарту, бағаны тұрақтандыру, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру және тағы да басқа мәселелер көтерілді. «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұл Жолдаудың негізгі ерекшелігі – мемлекеттің экономикаға көзқарасының түбегейлі өзгеруі. Бұның ішінде мемлекеттік секторлардың бәсекелестік нарыққа көңіл бөлуі, холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін талдау бойынша  компаниялардың  санын азайту туралы берген тапсырмалары – инклюзивті экономикаға апаратын жол.

Бұл қадамдар – мемлекетте бәсекелестік нарығын дамытып қана қоймай, шағын және орта бизнестердің дамуына зор үлес қосуына,  болашақта ел экономикасын жаңа белестерге жеткізетін сенімді бағыт. Осы орайда Президентіміз шағын және орта бизнеске  жасалатын жеңілдіктер мемлекет тарапынан одан әрі қолдау табатынын нық сеніммен айтуда. Аталмыш мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл шаралар  атап айтқанда, ең алдымен, мемлекет  тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады.

Сонымен қатар  салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Жолдауда шағын бизнесті дамыту, салық механизмдері арқылы салаға түсетін салмақты жеңілдету және отбасылық кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арнайы тарау арналған.

Мемлекет дамуы халықтың табысына тікелей әсер етеді. Табыстың көтерілуі мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсартатынын ескерсек, бұл Жолдау үлкен үміт пен болашаққа деген  нық  сенімді  оятып  отыр.

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік тілге ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы төртінші бөлімде білім сапасын жақсартуға көңіл бөлу керек деді. Президент шикізатқа бағытталған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды ұсынды. Бұл орайда «білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналуы тиіс делінген. Ендеше, білім беру саласы да заманауи талаптарды қанағаттандыра аларлықтай деңгейге шығуы тиіс. Батыс Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірі саналатын «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжі, республикалық жоғары техникалық колледжі, «Андас» оқу орталығы профессорлық-оқытушылар құрамы өзінің даму жоспарына сәйкес қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандарды даярлауға ден қойып, білім беру жүйесін жаһандық стандарттарға теңестіруді қолға алды. Бұған соңғы жылдары оқу орнында ашылған жаңа мамандықтар, мықты материалдық-техникалық база да дәлел бола алады.

Жолдауда цифрлық экономика мәселесі де көтерілді. Президент ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымдардың даму деңгейі бойынша өңірлердегі көшбасшылықты нығайту қажеттігін айтты. Бұл міндетті орындауға  жоғары оқу орнында жаңаша білім беру, жаңа мамандықтар игеру, экономика мен бизнеске қажетті терең құрылымдық түрлендіру қажеттігі туындаған.  2000 жылдары бастау алған Қазақстан инновациялық  және телекоммуникациялық жүйелер университеті экономиканың көп саласында көшбасшы болуға және бизнесті басқаруға қабілетті әрі жоғары білімді, білікті мамандарды даярлауда елеулі тәжірибесі бар оқу орны ретінде беделі толықтай қалыптасты деп ойлаймын. Оқу орындарында мамандарды даярлау үшін базалық жақсы жағдай жасалған. Жаңа деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтылған. IT-технологиясы мүмкіндігі негізінде құрылған Хай-тек лабораториясы, роботтық техника лабораториясы, күн, желден энергия алудың ашық алаңы, күн энергиясын пайдаланудың гелиоэлектромобил іске асқан жобасы, баламалы энергияны өндіріске, тұрмысқа пайдаланудың лабораториясы және т. б. ерекше айтуға болады. Университет  оқытушылары студенттермен бірге күн сәулесінен қуат алып жүретін жеңіл аутокөлік ойлап шығарды. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, аутоматтандыру, ақпараттық жүйелер, радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандықтары бойынша лаборатория базасы толығып, Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация, байланыс мекемелерінде практика өткізу жүйелі қолға алынды. Ол студенттердің білім алу процесімен қатар, мектеп оқушылары мен өзге де қала тұрғындарының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі біліктілігін арттыру үшін де қызмет ете алады.

Біздің келешегіміз – цифрлы экономика. Технологиялық үрдістің әр қиырынан келіп  жатқан ақпаратты дер кезінде саралап, соған сәйкес олқылығы мен тәуекелдерді жедел анықтап, оңтайландыру жолына бағыттайтын ақпараттық технологиялардың басымдығы керек. Осыған орай Қазақстан инновациялық  және телекоммуникациялық жүйелер университеті келешектегі мұратын цифрлы экономикамен тығыз байланыстырып, жаңа бизнес модельдерді табысты енгізе білетін, лайықты бәсекеге түсе алатын осы саланың білікті мамандарын даярлауды жөн санайды.

Оның нақты мысалы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерциализациялау мақсатында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде «Университеттегі виртуальды білім беру ортасы: оқытушы-профессор құрамының  ақылды жұмыс орны»  атты ғылыми  жоба бойынша  «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің «Транс» ғылыми-зерттеу институты  республикалық конкурстың жеңімпазы атанды. Жобаны жүзеге асыру барысында алынған нәтижелер, ғылыми негізделген озық технологиялар республикадағы барлық арнаулы орта, жоғары оқу орындарына  таратылады  деп күтілуде.

Жолдауда білім беру жүйесіне, оның ішінде білім сапасын жақсартуға қатысты түйткілді мәселелер қозғалды.

Үстіміздегі оқу жылы 1 қыркүйектен кешен жанынан 7-8-9-сыныптар оқушыларына арналған «Ақпараттық технологиялар лицей  мектебі» ашылып, 128 оқушы қабылданды. «Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев оқушылар билетін салтанатты түрде табыс етті.

Мемлекет басшысы алдымен еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін құру қажеттігін атап көрсетті. Жастардың қарым-қабілетін мектеп кезінен-ақ айқындап, тиісті бағдар беру тетігін қалыптастыру аса маңызды. Көптеген мемлекет осының арқасында өздерін ең қажетті мамандармен қамтамасыз етіп отыр. Біздің елімізде, әсіресе, экономиканың түрлі секторында техника саласы мамандарының жетіспеушілігі айқын сезіледі. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыртып жүр. Мұндай келеңсіз жағдайды түзетуге өзіміздегі жоғары оқу орындары да атсалысады. Ол үшін қазіргі уақытта әлемдік білім беру бағдарламаларын трансформациялау, тиімді менеджмент әдістерін қолдану мүмкіндіктері артып келеді. Осы орайда оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағытбағдар беру саясатына көшуге, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанына, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуге, дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуге, жоғары білімнің сапасына көңіл бөлу қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарының өз түлектерін жұмыспен қамтуда жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отырғанына тоқталып, тапсырма берді. Сонымен қатар  ол «Мемлекеттік қызметшілердің сапасын арттыру үшін олардың қатарына жас даярланған мамандарды тарту қажет» деп жастарды қолдайтынын да білдірді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мен мемлекеттік құрылымдардан  жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік құрылымдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі» — деп нақтылап айтты.

Президенттің «Еліміздің әрбір азаматы жақсылықты, өзгерісті нақты сезіну керек» деген сөзі атқарушы билікке де, заң шығарушы билікке де үлкен жауапкершілік жүктейді. Ел үшін жауапкершілікті сезіну, тек еңбек біздің көсегемізді көгертетіні Жолдауда анық айтылды.

Қоғамда кездесетін әр түрлі қиындықтарға қарсы төтеп беру үшін халықтың бірлігі мен тыныштығы бәрінен маңызды, Қасым-Жомарт Кемелұлының кесімді айтқан сөздеріне қолдау білдіре отырып, атқарылатын іс-шаралардың жемісті нәтиже беретініне нық сеніммен қараймын және үлкен білім ордасының бірі ретінде елдің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі бастамаларды  қолдап, өз үлесімізді қосатын боламыз.

Ақсерік  ӘЙТІМОВ,

«ҚазИИТУ»  ғылыми-білім  кешенінің  құрылтайшысы,   техника  ғылымдарының  кандидаты, Батыс  Қазақстан  облыстық  қоғамдық  кеңестің  хатшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар