30.09.2019, 22:31
Қараулар: 347
«Кәрі құданы» қарсылауға дайынбыз ба, «ЖАЙЫҚЖЫЛУҚУАТ»?

«Кәрі құданы» қарсылауға дайынбыз ба, «ЖАЙЫҚЖЫЛУҚУАТ»?

Климаты күрт континенталды, кейде қысы тым ұзаққа созылатын өңіріміздің қысқы маусымға дайындығы ерте көктемнен басталады. Биыл да солай, қар кетіп, жер аяғы кеңігеннен кейін «кәрі құданың» шәлкес мінезіне «жағу» үшін жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Орал қаласын жылумен және ыстық сумен қамтитын «Жайықжылуқуат» АҚ ұсынған мәліметке сүйенсек, жылыту маусымына дайындыққа 520 млн. 732 мың теңге бөлініп, игерілуде. Соның ішінде 369 млн. 412 мың теңге жылу электр орталығы бойынша жабдықтарды, 151 млн. 32 мың теңге жылу желілерін (4,630 км) жөндеуге бағытталған.

Қазіргі таңда кәсіпорын бойынша 501 млн. 81 мың теңгенің жөндеу жұмыстары атқарылды, бұл жоспарланған жұмыс ауқымының 96,4%-ын құрайды. Кәсіпорын қаладағы 1500 нысанды жылу қуатымен қамтиды, олардың ішіне 1188 тұрғын үй, 42 балабақша, 49 білім беру, 35 денсаулық сақтау нысаны және басқа 186 нысан кіреді. Қазандық шаруашылықты және көктемгі гидравликалық сынауларды бірге есептегенде 4,63 шақырым жылу желілері ауыстырылып, жоспар 100% орындалды, – деді «Жайық-жылуқуат» АҚ-ның бас директоры Қуат Мусин.

Стратегиялық маңызды нысан болып табылатын коммуналдық кәсіпорынның «жүрегі» жылу электр орталығының жабдықта-ры компанияның жөндеу қоры есебінен жөнделуде. Бүгінде ондағы жөндеу жұмыстары 97%-ға жетті. Сондай-ақ №3 бу турбинасын жөндеуге «ТаразЭнергоремонт» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, толықтай орындалды. Трансформаторды күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу сайтында өнім берушіні анықтау бойынша қайтара конкурс жарияланған. Газтурбина қондырғысының қазан-утилизаторы жөнделіп, оның қыздыру беттерінің 1, 2-сатыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Газтурбина қондырғысының жұмысын қарап-тексеру ісіне «ТаразЭнергоремонт» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, уақытында атқарылған. Жылу электр орталығының цехтарында қосалқы жабдықтарды  жөндеу жұмыстары жалғасуда.

– Кәсіпорынның қарамағында 21,89 шақырымдық іргелес жылу желілерімен бірге 23 қазандық бар, соның ішіндегі үш қазандық сенімгерлік басқаруға берілген. Қазандықтар 128 тұрғын үйді, 25 әлеуметтік нысанды, 73  өнеркәсіптік нысанды жылумен қамтиды. Қазандық шаруашылығын қысқы маусымға дайындау толығымен аяқталды, – деді Қуат Наурызбайұлы.

«Жайықжылуқуат» мекемесі бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  2018-2019 жылдары  №4 және №8  жылу магистральдарын қайта құру жоспарланған. Соның ішінде құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған қаладағы Әбілқайыр хан даңғылындағы 5-павильоннан  7-шағынаудандағы 2-орталық жылу пунктіне дейінгі және 6-шағынаудандағы 15-жылу пунктіне дейінгі №8 жылу магистралін қайта құру жұмыстарын аяқтау көзделген. Бұл жұмыстарға 218 млн.  119 мың 555 теңге қаралған. Биылғы  шілдеден бастап, жер асты  каналы мен құбырларды демонтаждау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Әбілқайыр хан даңғылы бойынша және «Мастер» сауда үйі ауданындағы жылу құбырлары 100% демонтаждалды. Құ-рылыс-монтаждау жұмыстары 85%  шамасында орындалды және оны қыркүйектің соңында толығымен аяқтау керек. Құбырларды монтаждау жұмыстары жалғасуда. №8 жылу магистралына 21 тұрғын үй (1930 абонент), 4 әлеуметтік-тұрмыстық нысан қосылған. Сондықтан  қырық жамау ескі жылу магистралі тұрбаларының жаңартылуының арқасында жылу желілеріндегі апатты жағдайлар азайып, үйлерге жылу жолшыбай «жоғалмай» жетпек. Сондай-ақ қаладағы В. Чкалов көшесіндегі 1-тораптан У. Громова көшесіндегі  4-14-жылу пунктіне дейін  №4 жылу магистралін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруаға 226 млн. 87 мың 480 теңге шамасында қаржы бөлінді. Осы учаскеде биылғы 18 маусымнан бастап демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде жаңа құбырларды монтаждау жұмыстары 97%-ға жүргізілген және жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау көзделген.

Бас директордың айтуынша, қала халқының тұтынған қызметіне төлемақыны төлемеуі жыл сайын «жыры» таусылмайтын мәселеге айналған. Тұрғындардың  «Жайықжылуқуат» кәсіпорнына берешегі 360 млн. 18 мың  теңге шамасында. Қарызы шаш етектен кейбір азаматтың қарызын сот арқылы өндіру, сөйтіп соттардың шешімдерімен мүлкін тұтқындау, банктердегі есепшоттарын бұғаттау сықылды шаралар қолданылуда. Алайда проблемалық санаттағы кейбір тұрғын үй иелерінен жылу мен ыстық суға қордаланған бережақты өндіру қиынға соғуда. Оның ішінде мұрагерлікке берілген 124 пәтерден 13 млн. теңге 24 мың теңге, 144 пәтер бойынша бұрынғы үй иелерінен қалған берешек 12 млн. 84 мың теңге, пәтер жалдаушылар тұратын 1 028 пәтердің берешегі 29 млн. 89 мың  теңге, бос тұрған 165 пәтер бойынша 8 млн. 86 мың теңге шамасында өндірілуі керек. «Жайықжылуқуаттағылар» қақаған қыс айларында тұрғындардың үйлері мен өзге мекеме-ұйымдардың ғимараттарын жылу мен ыстық сумен үзбей қамтуға қам жасауда. Ендеше, қақаған қыста тоңып қалмас үшін қордаланған төлемақыны  өтеуге  асығалық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар