30.09.2019, 21:59
Қараулар: 319
Шағатайдың шаттығы

Шағатайдың шаттығы

Шағатай ауылдық  кеңесінің құрылғанына – 90 жыл

Өткен  сенбі шағатайлықтар үшін ерекше күн болды. Таңғы  сағат  тоғыздан бастап ауыл сыртына жиналған жұртшылық Шағатай ауылдық кеңесінің  90 жылдық мерейтойын ұйымшылдықпен атап өтті. Жезбұға көлін жағалай тігілген ақ шаңқан киіз үйлер, қазан көтеріп, қонақ қарсылауға асыққан аналар,  жерге төселген кілемге жиналып күресіп, белдесіп ойнаған балалар, буы бұрқырап қазаннан түскен бауырсақтың иісі,  жер-жерден шыққан көңілді дауыстар ауыл тойының ажарын аша түскендей.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер – алтын бесігім» деп аталған мерекелік шаралардың легі  ауылдың қалыптасып өркендеуіне үлес қосқан, зейнеткерлік демалыстағы ауыл қарияларын марапаттаумен басталды. Олардың қатарында 1977-1987 жылдары «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының директоры болған Александр Ворожейкин, ардагер-ұстаз, Теректі ауданының құрметті азаматы Хамит Салахиев, көп балалы ана, алтын алқа иегері Мария Байнешова, «Чапаев» ЖШС-ның директоры Ерболат Нысанбаев, бас зоотехник Мақсот Балқыбаев және өзге де еңбегі сіңген ауыл тұрғындары болды.

Бір кездері «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты деген атпен қазақтың ақбас сиырын өсіріп, атағы әлемге тараған ауылдың тарихы тереңде. «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында өсірілген малдар 1976 жылы Германияның Лейпциг қаласында өткізілген халықаралық «АГРО-76» атты көрмеде жеңімпаз атанып, шетелдерге валютаға сатылып, шаруашылық алтын медальмен марапатталған. Ғасырға жуық тарихы бар,  іргесі сөгілмеген үлкен ауылдың қойнауы сырға толы. Ауылда қызыл таспен өрілген әдемі үйлер көп екен. Бұл – ауылда бір кездері кірпіш зауыты болғанының айғағы. Сонау жылдары алманың иісі бұрқырап, ауыл адамдарын еңбекке шақырып тұратын алма бағы да, қазір ауыл тұрғындары үшін «Бір кездері болып еді» деп айтылатын  әдемі естелікке айналған.  Бүгінгі таңда Шағатай ауылдық округінің құрамына Қызылжар, Құтсиық, Қоғалытүбек, Қарабас ауылдары кіреді. Аталмыш ауыл-аймақтың 2 мыңнан  астам тұрғыны бар. Шағатай ауылдық округінің  әкімі Оразбек Құсайынов бізге ауыл-дың қазіргі тыныс-тірлігі туралы әңгімелеп  берді.

– 1929 жылы құрылған ауылдық кеңестің 90 жылдық мерейтойын халықпен бірге атап өтудеміз. Ата-бабаларымыздың ізі қалған қасиетті жерде қазіргі таңда олардың ұл-қыздары ауылымызды өркендетуге өз үлестерін қосуда. Округте 12 шаруа қожалығы, бір «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Одан өзге  52 жеке кәсіпкерлік бар. Шаруа қожалықтарында мал басы көбейіп келеді. Ауыл жастары құс өсіру саласында еңбектеніп жүр. Соңғы кезде ауылға кері келіп жатқан жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл бізді қуантады, – дейді ауылдық округтің әкімі.

Ауылдың гүлденуіне үлес қосқан ардагерлерді марапаттаған салтанатты шарадан соң дала қызықтары басталды. Тойдың қызған шағы да осы болды. Дала төсінде дүбірлеген ат тұяғына, жиналған жұртшылықтың қиқулаған дауысы қосылып, айнала әдемі күйге бөленді. 21 шақырымға созылған аламанда Орал қаласынан келген Айбек Кәрімовтің «Батыр» атты жүйрігі бас бәйгені жеңіп алды.

9 шақырымдық құнан жарыстың бас бәйгесі Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылынан келген  Қайрат Қарағойшиннің «Нұрқасқасына» бұйырды.  Ат жарысына өңіріміздің аудандарынан бөлек, көршілес Атырау, Ақтөбе облыстарынан да шабандоздар арнайы келген екен. Қазақ күресі бойынша Қазталов ауданының Көктерек ауылынан келген Жанайдар Меңдешев «Түйе палуан» атанды. Гір тасын көтеруде Шаған ауылының тұрғыны Руслан Дүйсенғалиевтің бәсі биік болса, қой көтеруден Шағатай ауылының тумасы Әділет Сәлімжанов жеңімпаз атанып, жарыс төрінен қой арқалап кетті.

Шағатай ауылдық округіне қарасты әр ауыл киіз үй тігіп, мерекелік дастарқан әзірлеген. Ауыл тұрғындары келген қонақтармен бірге мерекелік дастарқаннан дәм татып, ақжарма тілектерін айтып, әдемі әндерді әуелетті.

Түстен кейін ауыл тойы  ауыл-дық мәдениет үйінде жалғасты. Мерекелік шара 1975 жылы «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты  туралы түсірілген деректі бейнефильммен басталды.  Салтанатты шарада сөз алған Теректі ауданының әкімі  Әділ Жоламанов ынтымағы жарасқан, тірлігі тиянақты, бірлігі бекем ауыл тұрғында-рын мерейтоймен құттықтап, зор табыс  тіледі.

Дүбірлі тойға Шағатай ауылында туып-өскен, бүгінде облыс, республика көлемінде қызмет етіп, ел ағасы атанып жүрген  ауыл перзенттері, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ерәлі Тоқжанов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары  Серік Егізбаев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов  арнайы келді.

– Бүгін ерекше күн. Ауылда туып-өскен, жүрегімен сезіп, көңілімен қабылдайтын азаматтардың ойында, санасында өзі туып-өскен ауылдың аты жүретіні анық. Осы ауылдан 17 жасымызда аттанып кеттік. Бірақ  қанша алыста жүрсек те, Шағатай әр кез жадымызда. Ауылымыздың гүлденуіне үлес қосқан қаншама аға-апаларымыз өмірден өтіп кетті. Біз сол кісілердің рухына бас иеміз. Тоқырау жылдарында біраз ауыл жоғалып кеткенде, Шағатай сақталып қалды. Болашағы бар ауылдардың бірі. Кезінде саман кірпіштен соғылған мектепте оқып, білім алдық. Қазір ауылда заман талабына сай жабдықталған еңселі мектеп пен мәдениет үйі бар. Қиындықтар да жоқ емес. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан жол мәселесі де алдағы жылдары шешіліп қалар, – деп сөзін сабақтаған Ерәлі Тоқжанов шағатайлық 20 тұрғынға «Ақжа-йық» шипажайына жолдама табыстайтындығын  жеткізді.

Салтанатты шарада  Шағатай ауылдық округінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, түрлі салада абыроймен еңбек етіп жүрген ауыл тұрғындары аудан әкімінің алғысхаттарымен және естелік  сыйлықтармен марапатталды. Ауыл күні мерекесі аудан көркемөнер-паздарының  мерекелік  концертіне  ұласты.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»,

Орал – Шағатай – Орал

Мақсот БАЛҚЫБАЕВ,

«Қазақтың ақбас тұқымы» республикалық  палатасының БҚО және Ақтөбе облыстары бойынша өкілетті уәкілі:

 – Шағатай ауылдық  округінде туып-өстім. Біздің жастығымыз осы жерде өтті. «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында бас зоотехник болып қызмет жасадым. Шағатай дегенде алдымен ойға оралатыны, бұл жерде Қазақстанның тауарлық брендінің бірі – қазақтың асыл тұқымды ақбас малы. Еңбек өнімділігі жоғары ауыл болды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін еңбек етті. Соның нәтижесінде Шағатайда еңбекқор адамдар тәрбиеленді. Нарықтық экономикаға бет бұрғанша да бұл ауылдың адамдары сол кездегі   бір жеңіл машинаның табысын табатын еді. Қазақта «Мен көрдім қайың ағаш құлағанын» деп келетін өлең жолдары бар ғой. Сол айтқандай, мен де тамырын тереңге жайып, өсіп-өркендеген,  дүрілдеп тұрған ірі шаруашылықтың құлағанын көзбен көрген адамдардың бірімін.  Оны қайтадан қалпына келтіру үшін екі-үш ұрпақ ауысу керек шығар. Дегенмен қазір сол «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының атымен қалған ірі шаруашылық бар ауылда. Сол кездегідей болмағанмен, ауыл адамдары барынша еңбек етуде. Мен ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, оларға амандық-саулық пен  жемісті еңбек  тілеймін!

Ерболат НЫСАНБАЕВ, «Чапаев» ЖШС-ның  директоры:

 – «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты – тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танылған ірі шаруашылық.   Қайта құру кезінде, аумалы-төкпелі уақытта  орта мектеп құлыптаулы, балабақша жабулы болған кездер болды. Ел дағдарыста. Ауыл халқы жылы орнын суытып көше бастаған кез еді. Сол кездерде қолдан келгенінше жұмыстандық. Жергілікті жұртты ұйымдастырып, аудандық басшылықпен сөйлесіп жүріп, мектепті, балабақшаны қайта ашуға күш салдық.  Сондай сәттерді де ауыл тұрғындарымен бірге  бастан кешірдік.

Қазіргі шаруашылықта бұрынғыдай көп мал жоқ. Бірақ соның ізі әлі де бар. Бұрынғыша асыл тұқымды мал сатамыз. Мал мамандары шаруашылықты өркендету мақсатында жұмыстанып, ізденіп жүр. Қолымыздан келгенінше халыққа қолдау көрсетіп келеміз. Қоғалытүбек деген ауылдағы бастауыш мектепті негізгі мектепке айналдырып беруге үлес қостық. Күні бүгінге дейін ауылдағы мектеп, балабақша, мәдениет үйінің керегіне жарап тұрмыз. Ауыл халқына той құтты болсын дейміз!

Мақсот БАҚТЫГЕРЕЕВ, ауыл тұрғыны:

– Осы  ауылда туып-өстім. 48 жыл  ауылда суармалы егісте жұмыс істедім. Берілген тапсырманы орындап, еңбекте алда болуға тырыстық. 1975 жылы жүгері егуден чемпион атандық.  Күнінде дүркіреген шаруашылық, гүрілдеген совхоз болды. Бұрын Шағатайдың шетінен орман шаруашылығы мекемесіне жеткенше асфальт еді. Қазір асфальт жоқ, бәрі біткен. Ауылды жағалай жасыл теректер жайқалып тұратын еді. Ол да жоқ қазір… Енді  биліктің көмегімен, жергілікті жұрттың  ортақ еңбегімен  ауыл-аймағымыз  қайта  түлесе  дейміз.

Бүгін ауылдың 90 жылдығы жоғары деңгейде  тойлануда. Мен қуаныштымын. Өскелең  ұрпақ өткен тарихты білуі үшін ауыл-аймақтың  мерейтойлары атап өтілуі керек деп есептеймін.