30.09.2019, 21:42
Қараулар: 112
Әке аманатының мәні

Әке аманатының мәні

Адалдық  пен  қайырымдылық  адам  өмірін  ұзартады. Оған  дәл  кеше,  яғни  30  қыркүйекте  өзінің  105-ші  күзін қарсы  алған  Орал  қаласының  байырғы  тұрғыны,  Ұлы Отан  соғысының  және  ішкі  әскер  саласының  ардагері,  доғарыстағы  полковник  Семен  Данилиннің  өмірі  дәлел.

Семен  Акимович Ресейдің Курск облысында дүниеге келген кезде  І дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан еді. Көп кешікпей әкесі майданға алынады. Бұл кезде естиярланып қалған онымен әкесі қоштасып тұрып: «Балам қайтсең де оқуға тырыс, сонда қатардан қалмай, тең құрбыңның алды боласың. Егер адал әрі мейірімді болсаң, жақсы әрі ұзақ өмір сүресің» дегені есінде қалыпты. Өмір жолында қаншама қиындық кездесіп, сын сағатқа тап болса да, әке аманатына барынша адал болуға тырысты. Содан болса керек, әке аруағы да оны әрдайым қолдаған. Мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде, нақтылап айтқанда, Курск иінінде болған шайқас кезінде жүрек тұсына дәл атылған жау оғы өңіріндегі ордендердің біріне тиіп, ұшып кеткен. Қызыл армияның шабуылына жол ашу үшін қарша жауған оқтардың астында жүріп, қатерлі  аймақты  миналардан тазарту кездерінде, жау қоршауында қалған уақыттарда да өміріне қатер төнген сәт аз болған жоқ. Міне, соның  бәрінен  аман  шықты.

Кейіпкеріміздің туған атасы 107 жасқа дейін өмір сүрген екен. Қан тартып, атасының ізімен келе жатқан ол салауатты өмір салты, ішкі қуат, әскери тәртіп, өз міндетіне деген адалдық адам өмірін барынша  ұзартатынын  айтады.

– Менің әйелден де жолым болды. Зайыбым Анна Павловна жаны сұлу, адал, өжет жан еді. Біз соғыстың алдында үйленген едік. 1939 жылы тұңғышым Галина өмірге келді. Майдан даласында жүргенімде жаудың қоластына өткен деревняда тұратын зайыбым партизандармен тұрақты байланыста болған. Оларға азық-түлік апарып, антифашистік парақшаларды ауылдарға таратуға көмектескен. Артынан осынау ерлігі үшін Жуков медалімен марапатталды. Ұлы Жеңіске өз үлесін қосып, қашан да маған қолдау білдірген өмірлік серігімді еске алған сайын жақсы бір күйге енемін. Қайдан білейін, мүмкін бұл да ғұмырыма бір жалғау болған шығар, – дейді Семен Данилин.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар