30.09.2019, 21:35
Қараулар: 315
«Тасада жүрген таланттар»

«Тасада жүрген таланттар»

Дәл  осындай  атаумен  Қадыр  Мырза  Әли  атындағы мәдениет  және өнер  орталығында ерекше  кеш  өтті.  Дарыны  жұртқа  жария  болмай,  ауыл   арасында,  ел  ішінде  еленбей  қалып  жатқан  жандардың  өнерін  насихаттау  мақсатында  өткен  концерт  көпшілік  көңілінен  шықты.

Аталмыш орталық директорының орынбасары Мәди Сабыровтың айтуынша, белгілі бір себептермен өнерден алыстап кетсе де, жүрек түбінде үміт отын өшірмеген, таланты талайды таңдай қақтырар жандарды көпшілікке таныстыру үшін Қадыр орталығы бірнеше ай бұрын «Тасада жүрген таланттар» жобасын қолға алған екен. «Күні бүгінге дейін өз өнерлері туралы мәлімет жолдап, көпшілік алдына шығуға ниет білдірген жандарды концерттік бағдарламамызға шақырдық. Біз әр қатысушыдан «жұлдыз» жасап шығаруды көздемедік. Бастысы, талантты жанның жүрегіндегі өнерге деген махаббатты өшірмей, қасиетті өнердің кеудеде тұншығуына жол бермеу. Жастардың ортасына танылуы, өзін-өзі көрсетуі қиындық тудырмайтындықтан, бүгінгі кешке, негізінен, орта жастағы өнерлі жандарды жинадық», – дейді Мәди Сабырұлы.

Кеш барысында Ақтоты Набиуллина, Ғадылгерей Жанаисов, Бауыржан Раянов, Орал қалалық көрме залының қызметкері Гүлнар Ахметова, Владимир Попов, Бауыржан Жұмалиев, Жанна Ұмтанова эстрадалық жанрда, Сырым ауданына қарасты Көздіғара ауылынан келген Мереке Сисенов және Теректі ауданы Талпын ауылының өнерпазы Ғали Қажығалиев баянмен тамылжытып ән шырқаса, Диана Асқарова есімді жас өнерпаз мың бұрала биледі. Исқазиев Ғибатолла ақсақал жүрекжарды жырларын тарту етіп, қылқалам шебері Ғиният Дауылбаев бірнеше картинасының тарихын тарқатып әңгімелеп берді. Негізгі мамандығы дәрігер болса да, қылқаламды жанына серік еткен Нұрлан Баировтың сахнада отырып салған графика жанрындағы суреті, шахмат үйірмесінің ұстазы Марат Махмұтовтың күмбірлетіп күй тартуы, Шыңғырлау ауданындағы спорт мектебінің самбодан жаттықтырушысы Қайсар Құсайыновтың Қадыр ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқуы мен қағытпа қалжыңы көрермендер тарапынан ерекше қошеметке ие болды.

Нұрлан  БАИРОВ,

Орал  қаласындағы №5517 әскери бөлімнің дәрігер-психиатры:

– Медицина саласында жүргеніме 25 жыл болды, 2001 жылдан бастап әскери салаға ауыстым. Осыдан алты жыл бұрын зейнет демалысына шықсам да, саптан қалмадым. Әскери салада дәрігер мамандардың жетіспеуіне байланысты әлі күнге қызметімді жалғастырудамын. Қолым қалт еткенде сурет салуға кірісемін. Бұл өнерді бала кезімнен жаныма серік еткенмін. Акварель, майлы бояу және қарындашпен жұмыс жасаймын, жаныма ең жақыны – графика. 1998 жылы Оралдағы көрме залында жеке көрмем өткен болатын. Араға біраз жыл салып, келесі жылы көктемде Қадыр орталығы ұжымының ұйымдастыруымен кезекті көрме өткізуді жоспарлаудамыз.

Жанна  ҰМТАНОВА,

үй  шаруасындағы ана:

– Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылында туып-өстім. Осы ауылдағы мәдениет үйінің директоры, марқұм Светлана Сайынқызы мендегі өнер ұшқынын алғаш байқап, сахнаға шығуыма септігін тигізген еді. Мектепте оқып жүргенімде жеке ән кешімді өткізгенмін, түрлі байқауларға қатысып жүрдім. Кейін тұрмысқа шыққан соң, өнерден алыстап кеттім.

Бүгінде жұбайым екеуміз үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Тұңғышымыз он бір, ортаншы ұлымыз сегіз жаста, ал кіші ұлымыз екі жастан енді асты. Алдағы уақытта өнерім-ді шыңдап, түрлі байқауларда бақ сынамақ  ниеттемін.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар