30.09.2019, 21:27
Қараулар: 354
Тәртібі нашар бала қайдан шығады?

Тәртібі нашар бала қайдан шығады?

Биылғы  жылдың  соңғы  сегіз  айында  облыс бойынша  жасөспірімдерге  қатысты  17  жыныстық  қолсұғылмаушылыққа  қарсы  қылмыстық  іс  қозғалса,  тәртібі нашар  345  оқушы  мектепішілік  есепке  алынған.  Бұл  көрсеткіштердің  өткен  жылмен  салыстырғанда,  жиілей  түскендігі жөнінде  облыстық  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  Аналар  кеңесінің  кеңейтілген  отырысында  сөз  болды.

Жиынға облыстық, қалалық және аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары, ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері қатысқан болатын.

– Бабаларымыздан қалған рухани бай мұраны, ұлттық сана-сезімді ұрпақтар бойына сіңіру – аналардың басты борышы. Облыс бойынша 6912 көп балалы отбасы болса, онда 28 253 бала тәрбиеленуде. 2622 жанұяда 2654 мүмкіндігі шектеулі бала, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 714 отбасында 30 119 бала өсіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауындағы «Халық үшін құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Аналар кеңесі бірқатар жұмыстарды қолға алмақ. Алдымен халықпен кері байланыс – қоғамдық диалог орнату, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық қарым-қатынасты қалыптастыру, тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару және жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту барысындағы шешімдерді зерделеуге қатысуды қолға алмақ. Бүгінде қалалық полиция басқармасында есепте тұрған 190 жеткіншекпен, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 477 баламен профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізілуде. Дабыл қағатын жағдай, – деді Аналар  кеңесінің  төрайымы Шалқыма Құрманалина.

Сондай-ақ ол жасөспірімдер  арасындағы құқықбұзушылықтың көбеюіне, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанына басты себеп –  ата-ана мен мұғалімнің, тіпті ата-ана мен баланың арасындағы өзара қарым-қатынастың жоқтығы, әке беделінің төмендігі  негіз болуда екенін айтты.

Жиын барысында отбасылық жанжалдарды және зорлық-зомбылықты, оның ішінде балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу туралы облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы татуласу орталығының басшысы Алуа Рахишева баяндама жасап, отбасылық жанжалдарды шешудегі медиацияның тиімділігін жеткізді. Болашақта Аналар кеңесі мен татуласу орталығы бірлесіп «Отбасылық медиация және отбасылық жанжалдарды шешу жолдары» тақырыбында  семинар-тренингтер ұйымдастырмақ. Ал «Жайық Пресс» медиахолдингі ақпарат агенттігінің жетекшісі Нұрлыбек Рахманов Аналар кеңесі жұмысын заманауи медиа технологияны қолдану арқылы жеделдетудің тиімділігін жеткізді. Оның айтуынша, кеңес жұмысын жеделдету үшін БАҚ-пен байланыстың нақты жүйесін құрып, сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалардың жағдайын үнемі қадағалап отыру  қажет.  Өткен жиындарды әлеуметтік желіге жүктеген жағдайда мәтіннің  қысқалығы және тақырыптың тиімді қойылуы маңызды.  Сондай-ақ  пиар  арқылы да мекеме-ұйым немесе тұлғаның жағымды имиджін қалыптастыруға болады.

Кеңесте  теміржол мен ұшақ  билеттерінің құны жоғары екендігі, тарифтер мәселесін бақылауға алу, көп балалы аналардың, әйелдердің шағын бизнеспен айналысуына жағдай жасау қажеттігі сөз болды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар