30.09.2019, 21:23
Қараулар: 322
«Айыппұл салмасақ, жемқор деп айыптайды»

«Айыппұл салмасақ, жемқор деп айыптайды»

Кеше  облыстық  мәслихатта  ҚР  Президенті  ҚасымЖомарт  Тоқаевтың тапсырмасына  сәйкес  «Бірыңғай  есеп  беру  күні»  өтті.  Шара  аясында  бақылау-қадағалау  құрылымдары  кәсіпкерлер  алдында  есеп беріп,  кәсіпкерлердің  мемлекеттік  бақылау,  қадағалау саласындағы  заңнаманы  жетілдіру  жайындағы ұсыныстарын  талқылады.

Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан нақты қолдау-көмек көрсетіліп, көңіл бөлініп отырғанына тоқтала келе, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы орта қалыптастыру, кәсіпкерлерге тиімді шарттармен қаржы ұсыну, кәсіпкерліктің дамуына жасалатын кедергілер мен заңсыз тексерістерді азайту, мүдделі мемлекеттік құрылымдарда жемқорлыққа жол бермеу еліміздің даму жоспарының  басты бағыты болып табылатынын айтты.

– Нақты бизнеспен айналысамын деген немесе кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен өңірлерде бақылау-қадағалау құрылымдарының кәсіпкерлер алдында «Бірыңғай есеп беру күнін» өткізу тапсырмамасы бойынша осы шара ұйымдастырылуда, –   деген Мұхтар Манкеев  мемлекеттік құрылымдардың және бизнес қауымдастығы өкілдерін ашық әңгімеге шақырды.

Облыс прокурорының орынбасары Амантай Рашқалиев дамыған экономиканың қуатты мемлекеттің негізі әрі халықтың әлауқатының кепілдігі болатынын, кәсіпкерліктің дамуынсыз экономиканың өсімі мүмкін еместігін  айта келе, бизнесті заңсыздықтардан қорғау  прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі екендігін баян етті.  Кәсіпкерлер палатасымен бірге кәсіпкерліктің түйткілді мәселелері анықталып, олардың түйінін шешу бағытында ұсынбалар дайындалып, тиісті жұмыстар жалғасуда. Бүгінде облыста 65 мемлекеттік құрылым  бизнес субъектілерінің жұмыстарын тексереді. Кәсіпкерлер санэпидемиологиялық, өрт сөндіру және фискальды құрылымдардың тексерістерінен зәрезап болып отыр. Биылдың өзінде 9 тексеріс шарасы мақұлданбай, кері қай-тарылды.  Кәсіпкерлікке орынсыз талап қоятын тексерістер тыйылар емес.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі  комитетінің БҚО бойынша басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Гүлнәр Ибрашеваның айтуынша, комитет бақылау-қадағалау құрылымдарының тексерістерін арнайы есеп жүргізу арқылы үйлестіріп отырады. Соңғы сегіз жыл ішінде тексеру жұмыстарының саны 19 мыңнан 6 мыңға дейін азайған. Алайда биылғы 8 айда тексеру жұмыстарының саны өскен. Өйткені 2018 жылы Кәсіпкерлік кодексіне кәсіпкерлік нысанына профилактикалық бақылау, қадағалау жасау жөнінде өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік жаза қолданбай, ескерту жасау сипатындағы шара  алу жағы қарастырылған. «Бақылау, қадағалау құрылымдарымен Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын бұзу, соның ішінде тексеріс жасау мерзімін сақтамау, тексеріс болатынын алдын ала ескертпеу секілді заңбұзушылықтар жиі кездеседі» –  деді Г. Ибрашева.

Есеп беру күні шарасы барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Дәулет Қарымсақов, әділет департаменті басшысының орынбасары Бақтыгүл Ағылманова, еңбек инспекциясы бойынша басқарманың басшысы Азамат Айтуев және өзге де құрылымдардың басшылары  кәсіпкерлерге есеп берді.

Экология департаменті басшысының орынбасары Мұрат Ермекқалиевтің баяндауынша, биылғы 8 ай ішінде кәсіпкерлерден 45 өтініш түсіп, соның 36-сына рұқсат берілген. Департамент экологиялық рұқсатнама мен сараптамалық қорытынды беру сынды мемқызметтерді электронды түрде көрсетеді. Биыл мемлекеттік сараптама алуға 140 жобалық құжат түскен.

–  Орал қаласы аумағында және қала маңайындағы ауылдарда 903 тіркеуден өтпеген қоқыс үйінділері анықталды. Жыл санап олардың қатары көбеюде. Ондай қалдықтарды ғарыштан түсіру арқылы анықтай аламыз. Сондай-ақ шаһардың қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жай-күйі түйткілді мәселе болып табылады. Бұл полигон 1975 жылы  25 жыл мерзімге пайдалануға берілді. 2000 жылы ол мерзім қала тұрғындары санының  артуына және шығарылатын қоқыс көлемінің ұлғаюына байланысты  тағы 25 жылға ұзартылды. Полигонның қуаты Экологиялық кодекс талаптарына сай келмейді, сондықтан ондағы қалдықтар жиі  өртеніп, қоршаған ортаға жағымсыз әсер етеді, –  деді Мұрат Ермекқалиев. Оның айтуынша, облыс бойынша ауаны ластайтын шығарындылар өткен жылы 603 мың тоннаны және республика бойынша жалпы шығарындылардың 2,5 пайызын құраған. Ондай шығарындылардың басым бөлігі «ҚПО», «Жайықмұнай», «Конденсат» компанияларының үлесінде.

Басқосуда кәсіпкерлер мемқұрылымдар тарапынан болатын тексерулерге қатысты ой-пікірлерін білдірді. «СКФ Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно тексеруге келген құрылымдар өкілдерінің «айыппұл салмасақ, бізді жемқор деп айыптайды» дейтінін айтып, әйтеуір, айыппұлдан көз ашпайтындарын алға тартты. Сондай-ақ құрылыс компаниясының басшысы салық төлеуден жалтаратын, қарыздары шаш етектен компания, фирмалар жөнінде тиісті құрылымдар тарапынан ақпарат беріліп отырса  деген  тілегін  жеткізді.

Шараны қорытындылаған Мұхтар Наурызбайұлы алдағы уақытта Есеп беру күні шарасының жалғасатынын, оны басқа сипатта өткізу жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар