30.09.2019, 21:22
Қараулар: 110
Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет

Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет

Кеше  Орал  шаһарының  ең  егде  тұрғыны, Ұлы  Отан  соғысының  және  ішкі  әскер  ардагері, доғарыстағы полковник  Семен  Данилин  105   жасқа  толды. Соған  орай облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  пен ҚР ІІМ  ардагерлер  кеңесі төрағасы,  генерал-майор  Өмірзақ   Болсамбеков  бастаған топ  ардагердің  үйіне  арнайы  барып  құттықтады.

— Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Келер жылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойында аман-есен жүздесуге жазсын, – деген Ғали Нәжімеденұлы мерейгермен бірге «Три танкиста» әнін шырқады.

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтаухаты мен арнайы сыйлығын партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев табыстады.

Семен Акимовичтің туған күніне орай Нұр-Сұлтан қаласынан ат терлетіп келген Өмірзақ Болсамбеков ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенаты Ерлан Тұрғынбаевтың, ҚР ішкі істер құрылымдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңестерінің атынан құттықтап, сый-сияпат табыстады. «Дана халқымызда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөз бар.

Біздің бүгінгі бейбіт заманымыз, жайлы тірлігіміз осы аға буынның қанымен және терімен келгенін ұмытпауымыз керек, – деді Өмірзақ Қоспанұлы. – Еліміз бойынша ҚР ішкі істер құрылымдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңестерінің құрамында 70 мың ардагер бар. Солардың тек төртеуінің жасы 100-ден асса, ең көп өмір сүріп отырған Семен Акимович қана. Сол себепті біздің ол кісіге деген құрметіміз ерекше».

Өз кезегінде БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимов, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Сералиевтер де мерейгерге арнап жылы лебіздерін білдіріп, барлық жақсылық атаулысын тіледі.

– Бүгін таңмен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов телефон шалып, әкемді мерейтойымен құттықтады. Алтай Сейдірұлы Орал қаласының, артынан облысымыздың әкімі болған кезде арнайы келіп құттықтап, «Три танкиста» әнін бірге айтатын. Бүгін бұл әнді екеуі телефон арқылы шырқады. Жалпы, ән әкемнің өмірінде көп рөл атқарды деп ойлаймын. Егер тума-туыс, тамыр-таныстардың біреуі өмірдің қиын сәттерін, шалдыққан дерттерін айтып, ертеңгі күннен үміттерін үзіп жатса, әкем сол бойда әңгіменің ауанын бұрып, «Кел, одан да ән салайық» деп шырқап жіберетін. Мұңын шағып келген жан әкеммен бірге ән салғаннан кейін сергіп, қиындығын бір сәтке ұмытып кететін. Әкемнің атасы Трофим – 107 жыл жасаған жан. Осы арғы атамыздың ғұмырын әкеме берсе екен деп біз де тілеп жүрміз. Жаңа облыс, қала басшылары, әскери, құқық қорғау құрылымдарының жетекшілері келіп құттықтап, денсаулық, ұзақ өмір тілеп жатыр. Бәріне де алғысымызды айтамыз, тілектері қабыл болғай, – дейді Семен Акимовичті бағып отырған ортаншы  қызы  Татьяна  Данилина.

Мәди  ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар