30.09.2019, 21:13
Қараулар: 110
«Алтайды» жеңдік!

«Алтайды» жеңдік!

Бірінші топ командалары арасындағы ел біріншілігінің 22 турында «Ақжайық» Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасын қабылдады.

Осыған дейінгі екі ойындағы сәтсіздік «Ақжайық» ойыншыларының көңілін түсіргенмен, жігерін жасыта алмапты. Ойын басталысымен, қарсыласын қорғануға мәжбүрлеген Авакянц шәкірттері «Алтай» ойыншыларын әбден састырды. Әсіресе, жас ойыншы Даниил Кочнев белсенді болды. Сондай-ақ Руслан Хайыров пен Ерболат Рүстемов те қарап қалмай, қарсылас команда  қорғаушыларының мазасын қашырды.

Бірінші кезең толығымен «Ақжайықтың» үстемдігімен өтті. Тіпті  шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов «Алтай» қақпашысымен бетпе-бет шығып, қапы қалдырғанмен, доп қақпаға дарымай, Петр Атоян атындағы стадионға жиналған көрермен бір күрсінді. Осы ретте стандартты шабуылдарға сәтті қосылатын Владимир Покатилов пен Сергей Басовтың да белсенділігін атай кетуге болады. Қос қорғаушының баспен бағыттаған доптарын бірде «Алтайдың» қақпашысы, бірде қорғау-шылары сәтті қайтарып жатты.

Әр сәтсіз шабуыл «Ақжайық» ойышыларын екі еселенген күшпен шабуылдауға итермелегендей. Сондай ойын сәттерінің бірінде орталық алаңнан допты ала қашқан Мелло Корбеллини сол қапталдағы Ерболат Рүстемовке тас тастады. Зымырандай зулайтын Ерболат айып алаңына кірер тұста шабуылға қосылған Даниил Кочневті байқап, кілт тоқтады да, жас ойыншының аяғына допты салып берді. Мұндай сыйлықтан бас тартпайтын Даниил «Алтай» қақпасының шаңын қақты. Есеп 1-0. Осылайша бірінші тайм аяқталды.

Екінші таймда есеп теңестіруге ұмтылған «Алтай» ойын барысын қолға алып, кей сәттерде қауіпті шабуылдай түсті. Алайда «Ақжайықтың» қорғанысы сыр бермеді. Ал қақпашы Илья Караваев біздің қақпаға қарай  бағытталған доптың бәрін қағып, қайтарып дегендей, әйтеуір қақпасын аман алып қалып жатты. Екінші таймда «Алтай» көп шабуылдағанмен, «Ақжайықтың» қарымта шабуылдары да шығыстық команданың мысын басып, қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүрледі.

Екі ұжым екінші таймда гол соға алмай, Даниил Кочневтің голы «Ақжайыққа» кезекті үш ұпай  сыйлады.

Осы турдан кейін 43 ұпай еншілеген «Ақжайық» турнир кестесіндегі төртінші орнын сақтап қалды. Өз алаңымыздағы келесі ойын 20 қазан күні өтеді. Ендігі қарсылас – «Байқоңыр».

Түгелбай БИСЕН,

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар