30.09.2019, 21:12
Қараулар: 325
«Қоғам түзелуі үшін жақсы әке болатын ұлдар өсіруіміз керек»

«Қоғам түзелуі үшін жақсы әке болатын ұлдар өсіруіміз керек»

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, ақын, ұстаз Дариға Мұштановамен «Қарымды қалам иесі» атты кездесу кеші өтті.

Жылышырайлы жүздесуді Дариға Ғазезқызының айтыс өнеріндегі үзеңгілесі, ақын Үзілдік Елеубайқызы жүргізіп отырды. Кеш шымылдығын құттықтау тілегімен ашқан Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өнер иесінің өңіріміздің мәдени-әдеби және білім саласына сіңірген зор еңбегін атап өтіп, ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар ардагер журналист Тихон Әліпқали естеліктерден сыр шертсе, «Үміт» лингвистикалық гимназиясының шәкірттері алғысқа толы ақ тілектерін ақтарды. Кеш барысында қалалық №25 ЖОББМ оқушылары ақын өлеңдерін оқып, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Күләш Қуанышқалиқызы, Еркін Өтегенов және Теректі аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Асланбек Шайхин ақынның сөзіне жазылған әсем әндерді әуелете шырқады.

Дариға апа оқырман қауымға өзінің айтыстағы алғашқы қадамдары, ақын ретінде қалыптасу жолы жайында әңгімелеп берді. Ақындық өнерден бөлек, ол кісінің көп жыл білім саласында еңбек етіп, өзі басшылық еткен жылдары Теректі ауданындағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясын ең мақтаулы білім ошағы қатарына қосқаны баршаға мәлім. Соңғы жылдары Дариға Ғазезқызы жазба әдебиетке де өз үлесін қосып жүр. Қазақ әйелдерінің образын айшықтайтын «Аңыз болған абысындар» атты кітабын оқырман қауым жылы қабылдап, бұл туындыға әлі күнге дейін сұраныс азаймаған. «Жуырда «Әз ғұмыр» атты кезекті кітабым жарыққа шықты, алдағы уақытта таныстырылымы өтпек. Бұл туынды әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының әдеби бейнесін жасау мақсатында елде жоқ тың деректер негізінде жазылды», – деген қаламгер қоғамдағы өткір мәселелерге қатысты әлеуметтік желіге жариялаған жазбаларын топтастырып, арнайы жинақ ретінде шығармақ ниетте.

Бүгінгі таңда Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының сын бөлімінде қызмет атқаратын Дариға Ғазезқызы актерлердің сахнадан тыс өмірімен танысу арқылы олардың жанкештілігіне, рухани байлығы мен әр образды сомдау жолында сарп ететін күш-жігеріне, қат-қабат материалды миында сақтай алатын ерекше есте сақтау қабілеттеріне тәнті болғандығын айтады.

– Мені жастармен кездесу кештеріне жиі шақырады. Сондай басқосуларда «Қоғам мен жалпы тәлім-тәрбие түзелуі үшін жақсы әке болатын ұлдар өсіруіміз керек» дегенді жиі айтамын. Көбінесе ұлт пен ұрпақтың бұзылуына қыз баланы кінәлап жатамыз, бұл дұрыс емес. Отбасының тірегі, әулетінің панасы – әке. Демек, әке түзелсе, бүкіл қоғамның тыныс-тіршілігі түзеледі. Жауапкершіліктің батпандай жүгін қыздың мойнына артып, кінәнің бәрін қыз балаға жүктеу жөн емес. Жас жігіттің жетегіне еріп, бақыт іздеп келген қызға үйлену тойының үстінде «Сен бұл үйге бақытты боламын деп емес, бақытты қылу үшін келгенсің. Келген жеріңді бақытты қыл!» деп тілек айтқанға қарсымын. Оны жүрген жерімде айтудай-ақ айтып жүрмін. Қыз бала жаңа әулетке бақытты қылу үшін емес, бақытты болу үшін барады. Ал жаңа бой көтерген шаңырақтың шайқалмауы, босағасы берік болуы үшін ең әуелі жігіт жауапты», – деп ой бөлісті Дариға апа отбасы, ұрпақ тәрбиесіне қатысты.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар