30.09.2019, 21:11
Қараулар: 82
Инвестиция тарту – үлкен өнер

Инвестиция тарту – үлкен өнер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында Қазақстан экономикасының жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келе жатқанын атап өтіп, шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыруды тапсырғаны мәлім. Президент онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім әлеуетінің (резервінің) шектеулі болатынына да тоқталып өтті. Бүгінде еліміз Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестициялар бойынша көш бастап тұр. Өткен 2018 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялардың жалпы ағымы 15,8 пайызға артып, 24,3 млрд. АҚШ долларын құраған. Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құйған елдердің үштігін атасақ: Нидерланды – 7,3 млрд. доллар, АҚШ – 5,3 млрд. доллар және Швейцария – 2,5 млрд. доллар. Былтыр Ресей мен Қытайдан тартылған инвестициялар көлемі –  1,5 млрд. доллар.

Осыдан біраз күн бұрын Орал қаласында халықаралық деңгейдегі ауқымды шара – «DIGITAL INWEST» форумы өтті. Аты айтып тұрғандай, келелі кеңесте өңірдің экономикалық мүмкіндігі мен инвестициялық әлеуетін арттыру және цифрландыруды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Германия, Австрия, Латвия, Израиль, Ресей, Әзірбайжан және т.б. жиырмаға жуық елден келген инвесторлар мен бизнесмендер өзара тәжірибе алмасқан форумда шетелдік сарапшылар Қазақстан инвестициялық әлеуеті орасан зор мемлекет екендігін және жарыса айтты. Олардың сөзіне қарағанда, шетелдік инвесторлар Қазақстан экономикасына қыруар қаржысын құюға дайын.

Ендігі кезекте «Инвестиция дегеніміз не және оның қандай түрлері болады?» деген сұраққа жауап берелік. Инвестиция (латынша «іnvestіre» – «киіндіру») – табыс алу, меншікті капиталын молайту, қаражатты ұзақ мерзімге әр саладағы кәсіпорындарға, кәсіпкерлік жобаларға, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға немесе инновациялық жобаларға құю.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тілдер және менеджмент факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты Жеткіншек Жұмаевтың айтуынша, кез келген инвестиция – елдің ұлттық экономикасына серпін беріп, экспорттық әлеуетін арттырады.

– Соңғы кезде қазақ қоғамында «Шетелдік инвестициялар тарту қаншалықты тиімді және ол үнемі тиімді бола бере ме?» деген мәселе жиі талқыланып жүр. «Шетелдік инвестор келгелі жатыр» деген хабар шыға салысымен, дүрлігіп, байбалам салу әдетке айналып бара жатыр. «Же-рімізді тартып алады», «Қазба байлықтарымызды тауысады», «Ұрпағымызға қауіп төндіреді» деп үрей тұрғысынан қараймыз. Алайда сол инвестициялардың елге, сәйкесінше, әр отбасыға әкелетін пайдасының шаш етектен екеніне ой жүгіртіп, мәселеге терең бойлай бермейміз.

Инвестициялар елге тек қаражат әкелумен шектелмейді. Әрбір инвестицияның артында жаңа технология, халықтың табысы, жұмысшылардың біліктілігін арттыру, өндірістің сапасын кеңейту және жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру тұрады. Сонымен қатар жаңа басқару жүйесінің, озық менеджменттің, заманауи техника мен технологияның келуіне де ықпал етеді. Мемлекет бюджетіне салық түсімдері артады. Осылай жалғасып кете береді.

Біздің инвестиция тартудағы басты кемшілігіміз – осы бағыт бойынша нақты зерттеу, тиянақты талдау жүргізілмейді. Көбіне-көп тәуекелге барамыз. Тағы бір олқылығымыз, инвестициялардың келешекте қарапайым халыққа қандай пайда әкелетінін түсіндіру жағы кемшін. Яғни қоғам талқысына түспейді, – дейді ғалым.

Ешқандай қазба байлығы жоқ Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур сияқты елдер шетелдік инвестицияларды дер кезінде ұтымды пайдаланудың нәтижесінде әлемдегі ең дәулетті әрі дамыған мемлекеттердің көшін бастап тұр. «Адамды байлыққа кенелтетін ақылы мен іскерлігі» деп санайтын жапондықтар технология тілін меңгерумен қатар, қаржылық сауаттылық мәселесіне де енжар қарамайды.

Жеткіншек Жұмаұлының пайымдауынша, еліміз дамуы үшін әр қазақ қаржылық сауатты болуы қажет.

– Балаңызды бай болуға тәрбиелеймін десеңіз, бүгіннен бастап өзіңіздің жеке қаржыңызды басқарыңыз, ақша жинаңыз. Ақшаңызды ұл-қызыңыздың болашақ біліміне немесе кәсібіне инвестициялаңыз.

Балаға жастайынан ана тілін немесе математиканы үйреткендей, қаржылық сауаттылыққа баулу керек. Есейген сайын еңбекке бейімдеп, одан түскен ақшаны үнемді жаратуды, мүмкін болса, отбасылық бюджеттің бір бөлігін беріп, есеп-қисапты үйрету арқылы болашақта бизнеске деген ынта-ықыласын оятуға болатынын айтады.  Осылайша біртіндеп үнем мен ысыраптың ара-жігін ерте түсінген бала қаражатын жоспарлап үйренеді.

– Кәсіпкер болу үшін қарым-қабілет жеткілікті болса, инвестор болу үшін кәсіпкерлікке қоса, жан-жақты білім керек. Өйткені инвестициялау – үлкен өнер.

Алайда инвестор болып, ақшадан ақша жасау өнерін меңгеру үшін, ең алдымен, тәуекелді таразылап, неғұрлым тәуекел деңгейін азайту ілімін меңгеру қажет. Сөйте тұра, «уайым түбі – теңіз, түсерсің де кетерсің, тәуекел түбі – қайық, мінерсің де өтерсің» демекші, инвестиция тәуекелдің ісі екенін мойындауымыз қажет.

Байлығы жөнінен әлемдегі ең алдыңғы үштікке ілінген инвестор Уоррен Баффеттен журналист: «Сіздің өз ақшаңызды жыл сайын 20% көбейтудегі құпияңыз неде?» деп сұрағанда ол: «Мен ақша салатын нысанды алдын ала оқып, зерттеп, тексеріп аламын және сенімді екендігіне көзім жеткенде ғана қаржы құямын» деп жауап береді.

Міне, инвестицияда жетістікке жетудің ең қарапайым және ең сенімді тәсілі осы, – дейді ғалым.

Соңғы жылдары елімізде халықты қаржылық сауаттылыққа тегін үйрететін ұйымдар саны артып келеді. Солардың бірі – «Фридом Финанс» АҚ. Халықаралық деңгейдегі жүйе құрушы инвестициялық компанияның 8 елде, соның ішінде Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан мен Кипрде өкілдіктері бар. Freedom Holding Corp халықаралық инвес-тициялық тобына кіретін компанияда 800-ден астам тәжірибелі сарапшы қызмет етеді.

«Фридом Финанс» өзінің қаржылық сауаттылығын арттырғысы келген адамдар мен кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арнап, «Инвестициялау өнері» атты шеберлік сыныптарын тегін өткізеді. Тәжірибелі қаржыгерлерге қоса, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар қарапайым депозит ашудан бастап, бағалы қағаздар нарығын инвестициялауға дейін үйретеді. Қазіргі кезде еліміз бойынша 6700-ден астам адам, ал Орал қаласында тек биылдың өзінде 100-ге жуық жерлесіміз инвестициялау өнерінің қырсырына үңілген. Бұған қоса компанияның оқыту орталығында «Биржа ісінің негіздері», «Биржа университеті», «Практикалық трейдинг» курстары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар