30.09.2019, 21:09
Қараулар: 254
Некесіз сәби, жалғызбасты ана, алимент төлемейтін әке…

Некесіз сәби, жалғызбасты ана, алимент төлемейтін әке…

–  Жоқ,  мен  ажырасамын,  болды,  осымен  жетер!

–  Алимент  алып  шалқайып  отырмаймын  ба,  сен  сияқтымен  алысқанша!

Балаларымды  өзім-ақ   өсіре  аламын…

Міне, осындай сөздер адамның бар өмірі мен баланың психологиясына кері әсерін тигізетінін түсінбейміз. Отбасын құрған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондай кезде ашуға булыққандардың аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатыны белгілі. Қоғамда осы әрекетке баратындардың саны көбеймесе, азаятын емес. «Жалғызбасты ана» деген атауды мойнына іліп алып, үкіметтің ақшасына тайраңдаудан тайынбайтындар бар. Ал баламның жайы не болмақ, келешекте тағдыры қалай қалыптасады деген ой оларды көп мазаламайтын сияқты көрінеді бізге.

«Жалғызбасты ана» тақырыбы бұрын жалпақ жұртқа жария етілмей, ұдайы бүркемеленіп келгені белгілі. Тіпті қазірдің өзінде көп тереңдей бермейді, жай айтылады да қояды. Мұның өзіндік себептері де бар. Бір жағынан, некеден тыс бала тапқан қыздың ар-ұятын ойлағандық па, әлде оны «әулеттің сүйегіне таңба салды» деп елге жария еткісі келмегендік пе, әйтеуір, үлкендер жағы бұл мәселені жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын жөн көреді.

Аудан тұрғыны Б. есімді азаматшаның айтуынша, ол осыдан үш  жыл бұрын жолдасымен дәм-тұзы жараспай ажырасқан. «Көптеген қыз-жігіттер секілді біз де үйленгенше екі жыл кездесіп, бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Бірақ екі жыл жүрсек те, мен оны толық танымаған екенмін, үй болғаннан кейін оның шынайы болмысын көре бастадым. Не бары 19 жасымда тұрмысқа шықтым, ол менен бір жас үлкен болатын. Үйлендік, той жасадық, екі жақ та қуанды. Бір жылдан кейін тұңғыш қызымыз өмірге келді. Сол сәттен бастап оның мінезі өзгерді, ішімдікке салынып кетті. Қол көтеретінді шығарды. «Өмірлік таңдаған жарым ғой» деп бәріне шыдадым. Артынша, екінші перзентіміз, ұл бала дүниеге келді. Бұдан кейін өзін әке сезінгені ме екен, жақсы жаққа өзгергендей көрінді. Бірақ ішіп қалған адамға айналасындағы достарының ықпалы күшті болды, қайтадан ескі әуеніне басты. Олардың басым бөлігі бойдақ болатын. Ішуді былай қойып, анаша тартуды әдет қылды. Күні-түні соны тартумен жүрген соң, жұмыс та тұрақтамады. Бар тапқанын соны сатып алуға жұмсайтын. Отбасымды сақтайыншы деп қанша шырылдасам да көнбеді. Ата-енеден бөлек те шығып көрдік. Ол баяғы тірлігін жалғастырды. Өзім жұмыс істедім.

Сөйтіп жүріп, 9 жыл бірге тұрдық. Содан не бала, не әйелді керек қылмай, еш нәтиже болмағасын, ата-анаммен ақылдасып, ажырасуға бел будым. Ұлқызым да әкесінің ішкені, шеккенінен басқа ештеңе көрмеді. Ондай әке балаларына не тәрбие берсін?! Ер балаға әкенің орны бөлек екенін біле тұрсам да, қазір ұл-қызымды өзім бағып-қағып, тәрбиелеп өсірудемін. Әкелерімен үнемі хабарласып тұрады. Айырылысқаннан кейін оның жұмысының жоқтығына байланысты бірден алиментке бермедім. Оны соттатып жібергеннен не табамын? Бірақ ол бізге тыным бермеді. Жұмыс орныма да ішіп алып келетін, қысқасы күн көрсетпеді. Содан басқа жаққа қоныс аудардым. Содан кейін алиментке бердім, бірақ оны да төлеп жарытпады. «Алимент төлемей жатыр» деп қайта-қайта жеке сот орындаушысына хабарласа қоймадым. Өйткені төлемеген жағдайда, заң бойынша алимент өндіруші адам сот орындаушысына үш рет хабарласса, алимент төлеуші кісіге арнайы шара қолданылатынын білемін. Сондықтан оны көп қинамадым.

Қазір мазалауын қойғандай болды. Шынымды айтсам, балаларым әкесінен қорқып қалғасын ба, екеуміздің екі жаққа кеткенімізге қуанады, — деп сөзін аяқтады тағдыр тәлкегін кешкен қос перзенттің анасы.

Аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Әсел Салықованың айтуынша, Жәнібек ауданы аумағында ажырасу саны былтырғымен салыстырғанда көбейген. Мәселен, өткен жылы неке бұзу туралы 35 талап-арыз түсіп, соның 26-сына  некенің бұзылғандығы туралы шешім шығарылса, жетеуі медиация бойынша өндірістен қысқартылған. Біреуі арызды қайтарып алуына байланысты қараусыз қалдырылып, тағы бір іс келесі жылға шегертілген.

— Биылғы алғашқы алты айда 22 іс түсіп үлгерді. Олардың 10-ына шешім шығарылды. Медиация бойынша бес іс қысқартылып, екеуі кері қайтарылды. Сондай-ақ билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен биыл үш отбасы қайта қосылды, — дейді аудандық сот өкілі.

Қалай десек те, адамның маңдайына жазылған тағдыры өзіне де беймәлім. Бұл ажырасулардың себебі түрліше, бір отбасы «әңгімесі таусылған ғашықтар» қатарынан болуы ықтимал. Енді бірі ерте үйленіп, кейіннен өкініп, қызықтың жетегіне еріп, өмірдің әлі де талай дырду-тамашасын көремін деп бүлінсе, кейбірі өздерін «тордағы тотыдай» көрген ер-азаматтардың немесе теріс жолға түскен әйел адамның кінәсінен ажырасып жатады. Мәселен, кейбір нәзікжанды «жұмыс» деп мансап қуып, кәрі қыздардың немесе оң жақта отырып қалғандардың қатарына қалай енгенін өздері байқамай қалып жатады. Не болмаса, өзінің алдындағы аға-әпкелерінің отбасында болып жататын келеңсіздіктерді көріп, жүректері шайлығып қалуы да әсер етуі мүмкін. Оның арты «ондай күйеумен алысқанша, өзіме бала туып алып, соны өсірсем де жарар» деген ойдың жетегінде кетеді. Елімізде некесіз сәбидің көбеюінің бірден-бір себепшісі – осы жайт.

Жастықтың жалынымен от басып, оң жақта отырған 19 жасар бойжеткен: «Өмірде мұндай жағдайда дүниеге бала әкелемін деп ойламаппын. Баламның «некесіз сәби» атануы мен үшін ауыр.

Бірақ оны алдыртып тастап, мойныма одан да ауыр жүк көтергенше, ұлымды өсіріп адам қылайын деген ниетпен, ата-анам қарсы болса да босандым», – деп мұңын шақты.

Жәнібек ауылдық «Аналар кеңесінің» мүшесі, ардагер-ұстаз Сәния Ғайнөшеваның пікіріне сүйенсек, бұрынғы заманның қыз-келіншектерінің арасында немесе олар  өскен ортада  некесіз сәбиді өмірге әкелу мүлдем сөлекет саналған.

— Жас отбасының бақыты – бала. Баланы тәрбиелеуде әке мен ананың міндеті өте зор. Соңғы кездерде жастар арасында баланы өмірге әкеліп тастап кетіп жатқандар, өз бақытын баласынан емес, өзгеден іздейтіндер көбейіп кетті. Мұның өзі әкенің өмірлік парызы мен міндетін жете білмегендіктен. Қазір алимент төлемей, балаларына өмірдің қиыншылығын тартқызатын жас әкелер мен аналар жеткілікті. Бала – ананың бақыты, әкенің қуанышы болып өскенге не жетсін. Бұрынғы кезде жастар арасында үйленіп алып, «мінезіміз жараспады, иә болмаса басқа себеп» деп ажырасып кете салу тым сирек-ті. Себебі қандай қиындық болса да, ана мен әке бірге көтеруге бар-тын. Бүгінгінің  жастарына ажырасып кету, баласы мен алған жарын жалғызбасты етіп тастап кету түк емес. Өз басым бұлар басқа түскен сынақты көтере алмайтын рухани тұрғыдан әлжуаз жандар деп ойлаймын, — деді Сәния Ғайнөшқызы.

Жәнібек аудандық мемлекеттік аға сот орындаушысы Қуаныш Абдуллин Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында және Жалпақталда алимент өндіруге қатысты 52 атқарушылық өндіріс бар екенін айтты.

— Жәнібек ауданы бойынша биылғы жылдың басында алиментке қатысты бір кісіге әкімшілік іс қозғалып, 5 тәулікке қамалды. Бөкей ордасы ауданында бір адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабымен және 665-бабымен екі әкімшілік іс қозғалып, 669-бабымен 5 тәулікке қамалып, ал 665-бабымен айыппұл салынған. Алимент төлемей жүрген борышкерге әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданады. Сот жауапкерге айыппұл салады немесе 1-5 тәулікке дейін қамаққа алынады. Сот алимент төлемей жүрген және берешегі болған борышкерлерге сот орындаушысының қаулысы санкциялап, ҚР басқа шетел мемлекетіне шығуға уақытша шектеу қойылады. Бұл шара 2012 жылдан бері қолданылып келе жатса да, қалыптасқан жағдайдың өзгерер түрі көрінбейді. Ауданда  Н. есімді ажырасқан азаматтың 2 баласы болса да, алимент төлейтін ниеті жоқ. Оның үстінен полиция бөлімі де қылмыстық іс қозғады. Алайда айыппұл  төлеп құтылып кетті. Оның осы уақытқа дейінгі жиналған алиментінің сомасы 2,5 миллион теңгеге жуық. Тағы бірінің 4 баласы бар және жиналған алимент мөлшері 3 млн. теңгедей  болса да, төлеуге құлқы жоқ. Осы 52 адамның ішінен 41-нің еңбекақысынан ай сайын бір бала болса, 25, екі баласы болса, 33%-ы ұсталады.  Жүзден бірі өз еркімен алимент төлейді десем қателеспеймін. Қалғандары қылмыстық іс қозғалғасын төлеп жатады. Үш ай бойына алимент төлемеген адамға 139-бап бойынша қылмыстық іс, 2 ай төлемесе әкімшілік іс қозғалады. Алиментті қалай да аламын деп әйелі әлек, төлемеймін деп әкесі әбігер. Бұлардың қарасы жыл сайын көбеюде. Үйіне бара қалсаң, жоқ болып шығады. Атына ешқандай дүние-мүлікті тіркемейтіндері де бар, — дейді Қуаныш Абдуллин.

Тағы бір айта кететін жайт, ауданымызда былтырға қарағанда биыл ажырасу көбейіп тұр. Олардың ішінде үкімет берген жәрдемақыға қалай да ілінемін деп, жолдасымен ажырасып, күндіз бөлек, түнде бірге тұрып, қулығын асырып жүргендер де жоқ емес. Жалпы, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда некесіз немесе тірі жетім сәби, жалғызбасты ана, алимент төлемей жүрген әкенің болмағаны жақсы, әрине.

Гүлім  ҚАБДОЛОВА,

Жәнібек  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар