27.09.2019, 15:33
Қараулар: 401
Құлқындары құдықтай екен!..

Құлқындары құдықтай екен!..

Қазталов ауданындағы 24 шаруа қожалығы өздері қазған құдықтарының тереңдігін асыра көрсеткен жалған құжат дайындап, 40 млн.  теңгеге субсидия алған. Бұл жайт БҚО ішкі аудит департаментінің аудиторлық тексерісі кезінде  анықталды.

– Біздің басқармамен 17 субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау». Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты көп капиталға деген қажеттілікті төмендету болып табылады. Сондай-ақ салынған инвестициялардың өзін-өзі ақтауын арттыру жолымен АӨК-ның басым бағыттарында инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылғы 28 шілдеде бекіткен «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы бойынша жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар) жобасының 80%-ы субсидияланады. Соған сәйкес өткен жылы демеуқаржы алған Қазталов ауданындағы 24 шаруашылық бюджеттік қаражатты тиімсіз жұмсағаны анықталды. Олар біздің басқармаға жалған құжаттар ұсынуларының кесірінен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бүгінгі таңда 9 қожалық 14 млн. теңгені  бюджетке қайтарды. Ал қалған шаруа қожалықтарынан қазынаның қаржысын өндіру жұмыстары сот арқылы жүргізілуде, – дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы  Нұргүл  Мұқанова.

Мәди  ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар