27.09.2019, 15:31
Қараулар: 255
«Абысын тату болса, ас көп…»

«Абысын тату болса, ас көп…»

Ел  ішінде үкіметтен ешқандай көмек күтпей, жоқтан бар жасап, барды  ұқсатып, жемісін көріп отырған отбасылар баршылық. Осындай бірлігі мен тірлігі жарасқан шаңырақтарды көріп қуанасың. Бүгінгі кейіпкеріміз – Бірлік ауылының тұрғыны, ауыл мектебіндегі география пәнінің мұғалімі Сәния Хайруллина. Ол жұмыстан кейін  ауласындағы бау-бақшасын баптап, одан алған өнімдерді қысқа дайындауды дағдыға  айналдырған.

Биыл 120-ның үстінде банкі жаптым. Өрік, алма, алша және қарақаттан компот қайнаттым. Сосын қияр мен қызанақты банкіге жауып алдым. Қыстай көшеттерді өзім әзірлеп, көктем шығысымен баубақша жұмыстарына кірісемін. Қыс маусымына дайындаған өнімдерім өзіміздің отбасымызға жетеді. Салаттың да 4-5 түрін жауып қойдым. Анаргүл деген келінім екеуміз абысынды-келінді болып,  білек сыбанып, қызу іске кірісіп, екі үйге молынан жауып, қыстай азық қыламыз. Бау-бақша өнімдерін сатып алу деген әдет біздің отбасымызда әуелден жоқ. Бәрін де өз қолымызбен егіп, жемісін көреміз. Ауысқанын тума-туыстар келгенде құр қайтпасын деп қолдарына ұстатамыз. Бұл – түсінген адамға таптырмас сыйлық.

Себебі өзіміздің бақшамыздан шыққан табиғи өнім. Табыс-кірісі аз отбасыларға да қолымыздағы барымызды ұсынуды ешқашан  естен  шығармадық.

Ата-анамыз – шаруа адамдары. Бала күнімізде Ынтымақ (бұрынғы Крутой) ауылында тұрдық. Көршілеріміздің бәрі орыс ұлтының адамдары еді. Бақша егу мен банкі жабуды солардан үйрендім. Ол кезде мен жетінші сынып оқушысы едім. Содан бері жыл сайын дәстүрлі түрде банкі жауып келемін. Кейін Жәнібек ауданына тұрмысқа шыққан кезде де баубақшамен айналысуды тастамадым. Қазір ауылымызда жас келіндер бар, ауласы біздің шарбағымыздан әлдеқайда кең. Өзімнен ауысқан көшеттерді көрші келіндерге тегін беріп көрдім. Бірақ шаруашылыққа зауқы жоқ па, әлде қызықпай ма, білмедім. Әйтеуір аулаларынан жайқалып тұрған жапырақ көрмейсің, – деп сырын ақтарған Сәния Ишанқызы ерінбеген жанға кәсіп көп екенін айтады. Ауылдық жерде тұрғандықтан, кәсібіңді дөңгелетіп, игілігін көруге мүмкіндік мол. Кейіпкеріміздің сөзінен еңбектің арқасында абысындардың да татулығы жарасқанын, яғни қос шаңырақтың бір-бірімен етене араласуы бұрынғыдан да артқанын байқадық.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

Тасқала  ауданы