27.09.2019, 15:30
Қараулар: 677
Шырағдан

Шырағдан

Әйел, ана туралы сөз айтарда қазақ тарихындағы аналар бейнесі еске оралады. Сонау көне түркі заманындағы Ұмай анадан бастап, бергі тарихтағы ел анасы болған Домалақ, Ұлпан сияқты шешелеріміз кейінгі ұрпаққа сәулесін шашқан шырағдан іспетті.

Қазақ қазақ болғалы әйелдер қол қусырып, от басы, ошақ қасында отырмады. Еркектермен бірге ат үстінде жүрді, керек кезінде қолына қару алып жауға да аттанды. Ел намысы үшін айтысқа да, тартысқа да түсті. Алып анадан туады дейді қазақ.  Ер-азаматтарды ұлы істерге жетелеп, ел үшін ереулі атқа ер салар жігіттерді жөргегінде тәрбиелеп, болашаққа нәр себетін де қасиетті аналар. Әйел бір қолымен бесікті тербетеді, бір қолымен әлемді тербетеді.

Әйел жерден шыққан жоқ, ол еркектің баласы, еркек  көктен түскен жоқ, әйел оның анасы. Адам ата мен Хауа анадан бастап, осылай жалғасқан өмір. Адамдық негізі – әйел. Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас. Біздің бүгінгі әңгімеміз сондай әйел-ана туралы болып отыр. Кейіпкеріміз – ғалым, іскер жан Баян Ғаббасқызы Шынтемірова. Бүгінде жапырағы жайылып отырған ел анасының өмірі жас буынға үлгі.

1949 жылы Орал облысы, Қазталов ауылында, қарапайым еңбекқор отбасында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысынан кейін еңбекпен ел есін жиған жылдарда дүниеге келіп, өртеңге шыққан гүлдей жайқалып өскен 60-жылдардың жастары өмірге ғашық, ғылым-білімге құмар болып ержетті.

Осы жылдары қалыптасқан қазақ интеллигенциясы ұлттың  рухани өміріне, әдебиетте де, өнерде де, ғылымда да көп үлес қосты. Осы ұлы көштің ішінен табылған Баян Ғаббасқызы 1966 жылы мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласындағы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Студенттік махаббат қызық мол жылдарда атпал азамат Тұяқбай Зейітұлы Рысбековпен кездесті. Жүрекке жүрек, тілекке тілек қосылып, 1972 жылы шаңырақ құрды. Міне,  қырық жылдан астам бұл шаңырақ қазақ елінің үлгілі отбасы.

1971 жылы университетті аяқтағаннан кейін Қазақ КСР Жоғары оқу орындары министрлігінің жолдамасымен А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына жұмысқа келіп  (казіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті), КСРО тарихы кафедрасында өзінің ұстаздық еңбек жолын бастайды.

Кейіннен саясаттану және әлеуметтану  кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор ретінде педагогикалық қызметін жалғастырады.

Қазақ әйелінің қолына қалам алып, инемен құдық қазғандай ғылым ісімен айналысуы ХХ ғасырдың басында алғашқы педагог-ғалым Нәзипа Құлжановадан (1887-1934) бастау алып, осы ғасырдың екінші жартысында өрістеді. Баян Ғаббасқызы да осы сара жолмен жүріп, университеттен алған білімін ғылыммен ұштастыра білді. 1985 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтына ізденуші болып қабылданып, 1989 жылы белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нұрпейісовтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақстанның ауыл еңбекшілерінің қоғамдық-саяси белсенділігі (1933-1940 ж. ж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Ғалым – 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 1998 жылы «Өлке»  баспасынан шыққан «Саясаттану» оқу-әдістемелік құралы, 1999 жылы «Білім» баспасында жарық көрген, халықаралық Сорос-Қазақстан қорының жеңімпазы атанған «Құқық теориясы» оқулығы және 2005 жылы жарияланған «Әлеуметтану» оқу-әдістемелік құралы жоғары оқу орны студенттері  үшін басты  білім  көздері.

 2007 жылы Баян Ғаббасқызының «Қазақстан Республикасы және ТМД мемлекеттері интеграциясы: тарихи аспекті (1991-2005 ж. ж.)» тақырыбында докторлық диссертация қорғауы Отан тарихы ғылымындағы соны жаңалық болды және ғылыми жұртшылық тарапынан оң қабылданды. Ғылыми еңбекте ТМД елдерінің интеграциялық үдерісіндегі Қазақстанның рөлі, Орта Азиядағы интеграциялық үдерістер жан-жақты сараланды. «Интеграциялық процестерді дамыту, өзара тиімді байланыстарды сақтау және кеңейту  посткеңестік  елдердің өмір сүруінің бірден-бір шарты, Еуразиялық идеяны жүзеге асыру – Достастық аймақтары мен халықтарын біріктіруге жеткізетін мүмкіндік», – деп тұжырымдаған ғалым ғылыми жұмысында соңғы онжылдықта Қазақстанның халықаралық деңгейде бұрын-соңды өз тарихында болып көрмеген орасан жетіс-тіктерге қол жеткізгендігін дәлелдейді.

Баян Ғаббасқызы ғылыми және педагогикалық қызметін белсенді жүргізіп келеді. Тарих ғылымының өзекті проблемаларымен орта және жоғары білім беру мәселелері бойынша халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларға үнемі қатысып отырады. Білім берудегі мұғалімнің деңгейін көтеру, педагогикалық білім берудегі томаға тұйықтықты жою, білім берудің үйлесімді құрылымын қалыптастыру және білім берудегі ұлттық-мәдени дәстүрлерді жаңғырту мәселелері бойынша өзіндік ұсыныстарымен белгілі.

«Бiлiмдi адам ғана тарихи  және мәдени дәстүрлердi ұстана алады. Ол өзiнiң белгiлi бiр қауымдастық пен халыққа қатыстылығын сезiнедi, оның бойында мәдени қажеттiлiктер: адамгершiлiкке, ойлы iс-әрекетке, сұлулыққа, жоғары рухани бастауларға құлшыныс қалыптасады», – деген Қазақстан Республикасының этномәдени білім беру тұжырымдамасына сүйенсек, осы қасиеттерді Баян Ғаббасқызының бойынан көреміз. Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі толық адам, кемел кісі. Ол – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеу әлеуметтік және педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ЖОО үздік оқытушысы – 2009» ҚР Білім және ғылым министрлігі грантының иегері.

Баян Ғаббасқызы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлтқа қызмет етуге белсене, құлшына кірісті. Білім беру сала-сындағы мол тәжірибесі мен біліктілігін пайдалана отырып, 1998 жылы жаңа оқу орнын ашты. Алғашында гуманитарлық-экономикалық институт, кейін 2000 жылы академия болып қайта құрылса, 2008 жылы университет болып жұмысын жал-ғастырды.

Бүгінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті – 43 мамандық бойынша бакалавр, 10 мамандық бойынша магистрлер дайындайтын іргелі оқу орны. Осы шаңырақтың жоғару оқу орнын дамыту менеджері болып отырған Баян Ғаббасқызы еліміздің білім беру ісіне, бәсекеге қабілетті жас мамандар дайындауда ерен еңбек етуде. Баян Ғаббасқызы басшы ретінде  өз ісінің шеберлері,  ғылыми санаты жоғары, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамын қалыптастыра білді. Университетте мамандық шеңберіндегі білім беру бағдарламалары мемлекеттік стандартқа сай, кәсіптік шеберлікті қалыптастыруға, жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгертуге бағытталған. Алыс жақын шетелдік оқу орындарымен академиялық ұтқырлық жолға қойылған. Бұл мақсатқа жаңа оқу технологиясымен жабдықталған аудиториялар,  компьютерлік  кластар, бай қоры бар кітапхана т. б. кабинеттер оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Бір ғылымнан басқаның, бәрі де артық асқанға», – деп ұлы Абай айтпақшы, Баян Ғаббасқызы университетіміздің ғылыми әлеуетін арттыруды қашанда жоғары қоя білді. Меценат ретінде аз қамтылған отбасынан шыққан студент жастарға қаржылық көмек көрсетіп, әр түрлі атаулы шәкіртақы тағайындап отырады. Оның демеушілігімен көп жас жақын шетелдерде, еліміздің  іргелі жоғары оқу орындарында аспирантурада, докторантурада оқып жүр. Білікті, білімді кадрларға материалдық қолдау көрсетіп, тұрғын үй мәселесін де шешіп отырады.

Университет жыл сайын республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Білім шаңырағының өркендеп өсуі ыждағатты, білікті басшыға тікелей байланысты.

Баян Ғаббасқызының ұлт  болашағы үшін атқарып жатқан істері мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Ислам ғұламаларының сахих хадистерінде басқа мұсылмандардан ғалымның артықшылығы айдың жұлдыздардан артықшы-лығындай деген екен. Баян апайымыз айдай жарқырап, айналасын шапағат, нұрға бөлеп жүре бергей.

Мұрат  САБЫР,

филология ғылымдарының  докторы, профессор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар