26.09.2019, 21:17
Қараулар: 402
«Машзауыт» машина жасау компаниялары консорциумының операторы, «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай АЙҒОЖАҰЛЫ: «Машина жасаушылардың әлеуетін арттыру – басты міндет»

«Машзауыт» машина жасау компаниялары консорциумының операторы, «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай АЙҒОЖАҰЛЫ: «Машина жасаушылардың әлеуетін арттыру – басты міндет»

29  қыркүйек  –  Машина  жасаушылар  күні

– Көшербай Айғожаұлы, күрделі технологиялы сала саналатын  машина жасау саласының дамуы кез келген мемлекеттің  технологиялық тұрғыдан даму деңгейінің көрсеткіші ретінде  қарастырылады. Сондықтан әңгімемізді саладағы түйткілдерден басталық. Кеңес заманында қорғаныс саласының тапсырыстарын орындаған әлеуеті мықты оралдық зауыттарға жер қойнауын пайдаланушылар үлкен тапсырыстарды бермейді. Неге?

– Оралда консорциум құрылғалы бергі алты жыл ішінде жергілікті кәсіпорындарға біраз тапсырыс түсті. «ҚПО б.в.» компаниясының жергілікті кәсіпорындарға өз тапсырыстарын үлкен көлемде бермейтін жөні бар. Өйткені  бұл компания халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді.

Кен орнында қолданылатын материалдардың басым бөлігі шетелден тасымалданады. Ондай материалдар Ресейде және Қазақстанның маңдайына басқан жалғыз зауыты «Испат-Қармет» АҚ-да өндірілмейді. Оның үстіне елімізде металл өндірісі дамымаған. Сондықтан қара металды Ресейден, өзгесін Англия, Германия, Италиядан алдыртамыз. Соның нәтижесінде сатып алынған металға кедендік баж және қосымша құн салықтары төленеді, логистикасы тағы бар. Мұны «ҚПО б. в.»  сырттан өзі алатын болса, ешқандай салық төлемейді. Яғни баға жағынан жер мен көктей айырмашылық бары айтпаса да түсінікті. Ал біздің бағамыз жер қойнауын игерушілер ұсынатын бағаға қарағанда екі есе қымбатқа шығады. Осының кесірінен ірі тапсырыстарды ала алмаймыз. Бұл мәселеден Үкімет те құлағдар. Жақында Мемлекет басшысы осы мәселені шешуді Үкіметке тапсырды. Менің ойымша, елімізде машина жасау саласын көтеру үшін  арнайы салалық мемлекеттік бағдарлама  жасақталуы  тиіс.

– Сіз айтып отырған салалық бағдарлама бар емес пе? Оны жаңалағаннан  не  ұтамыз?

– Рас, елімізде мұнайгаз кластері бойынша машина жасау саласын дамыту жөнінде бағдарлама жасалып, қабылданды. Осы бағдарлама шеңберінде Батыс Қазақстан облысында мұнайгаз саласы үшін машина жасау кіші кластерін дамыту жөнінде тапсырма берілді. Бұл бағыттағы жұмыстың операторы болып «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекітілді. Алайда бүгінде кіші кластерді дамыту ісі өрге тартты деу қиын. Атырау облысында мұнайгаз химиясын дамыту кластері қолға алынып, бірқатар зауыт салынғаны мәлім. Жалпы мұнайгаз саласы үшін машина жасау кластерін дамыту бағдарламасына Үкіметтің қолдауымен жіті көңіл бөліп, тиісті қаржы-қаражат қаралуы керек деп білемін. Бұл бағдарламаны іске асыруға жер қойнауын пайдаланушыларды да тартқан жөн. «ҚПО б.в.» компаниясы жергілікті екі-үш кәсіпорынға халықаралық стандарттарды енгізуге көмектесті. Олардың ішінде «Ақсайгазсервис», «Зенит» АҚ-лар бар. Бірақ «ҚПО»-ның мүлт кеткен тұсы бар, ол  кәсіпорындарға жоғары қысымды сыйымдылықтар жасау бойынша бір халықаралық стандартты енгізді. Сөйтіп, олар бір-бірімен бәсекелес болып шықты. Жер қойнауын пайдаланушы мұндай жұмысты өз бетінше жасамай,  «Зениттехсервис» консорциумы басшылығымен кеңесіп-пішіп алғаны дұрыс болар еді. Сонда әлгіндей олқылықтар орын алмас еді. Біздегі ірі зауыттарға мемлекеттік тапсырыстарды беру оларды дамытпайды, тек күнкөрісін айыруға жағдай туғызып қояды.

– Көшербай Айғожаұлы, машина жасау саласының кәсіпорындары өрге тарту үшін не істеу керек деген классикалық сұрақты алға тартсақ. Зауыттар қайткенде бәсекеге қабілетті болады?

– Өндіріс ошақтарына техникалық жағынан жаңғырту жасау, халықаралық стандарттарды енгізу, жаңа технологиялық талаптар үдесінен шығатын жас мамандарды даярлау арқылы ғана өрлеп-өркендей алады. Колледжде жұмысшы мамандықтарына оқып жүрген жастар зауытқа келгенде жұмыс істей алмайды. Өйткені орта оқу орындарында басқа жабдықтармен жұмыс істеуді үйретеді, содан кейін өндіріс ошағына келгенде алдарынан жаңа жабдықтар шығады. Сондықтан техникалық колледждерді жер қойнауын пайдаланушыларға және біздің консорциумға сенімді басқаруға беру керек деген ұсынысымызды облыс басшылығына білдіргенбіз. Сонда студенттер құр теориядан гөрі нақты өмірге қажетті тәжірибені өндірістен, мұнайгаз компанияларынан алып шығар еді.

Қазір зауыттардың да техникалық жабдығы ескі, көбісі өткен ғасырдың 80-жылдарындағы құрал-жабдықпен жұмыс істеуде. Бүгінде Орал механикалық зауыты ескі станоктарын жаңартып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ өндіріс орнын модернизациялауда. Зауыттарда халықаралық стандарттар жоқ, стандарттарды алған күннің өзінде онымен жұмыс істейтін маман тапшы. Кәсіпорындарға жоғары және орта оқу  орындарын бітіріп келетін жастардың арасында техникалық ағылшын тілін білетіні жоқ. Өйткені теория мен тәжірибенің арасы алшақтап кеткен. Колледждерде ұл-қызды ағылшын тіліне оқытпаса, әрине, ол Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған кен орындарын игеріп жатқан шетелдік компанияларға жұмысқа тұра алмайды. Машина жасау саласындағы өндіріс орындарына токарь, фрезеровші, слесарьлар, метрология мен стандарттау, технологиялық үдерістерді бақылап, реттеп отыратын өлшем жабдықтарын бақылау (КИПиА) мамандары жетіспейді.  Тіпті Атырау мұнай және газ университетінде техникалық ағылшын тілін білетін мамандар даярламайды. Сонда қарайған колледждер мен жоғары оқу орындары қай нарыққа мамандар даярлауда деген сұрақ туындайды. Біз бұл мәселеге қатысты ұсыныстарымызды облыс әкімдігіне, кәсіпкерлік, білім беру салаларының басшыларына жазып бердік. Колледждерге сабағын жүрдім-бардым оқыған балалар келетіні белгілі, сондықтан олардың барлығын емес, оқуға ынталысын ерікті түрде ағылшын тіліне оқыту керек.  Қазіргі уақытта оралдық зауыттарда токарьлардың орташа жасы 55-60, сонда алдағы уақытта олардың орнын кім басады? Міне, алдымен осы мәселелерді шешпейінше, кәсіпорындар  өрге  тартады  деу  қиын.

– Салалық бағдарламада қандай мәселелер көрініс табуы керек? Алдымен нені ескеру керек деп ойлайсыз?

– Еліміздегі машина жасаушылар одағы жер қойнауын пайдаланушылардың қазіргі және алдағы уақытқа жасалатын тапсырыстары жөнінде ақпараттарды жергілікті өндірісшілерге алып берді. Алайда халықаралық стандарттар бойынша жасалмаған өнімдерге шетелдік компаниялардан тапсырыс болмайтыны көп жағдайда ескеріле бермейтіні қынжылтады. Мысалға, қарапайым фланецті жасау үшін халықаралық төрт стандарт пайдаланады. «ҚПО б.в.» компаниясы тапсырыстарын жергілікті компанияларға беруге дайын, беріп те отыр. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ «ҚПО»-ның механикалық өңдеу жұмыстары тапсырыстарын тендерден ұтып алып, орындауда. Ендігі міндеті – сол тапсырыстарды жергілікті кәсіпорындарға үлестіріп беру.  Зауыттар тапсырыстарды орындау үшін шетелден материалдарды сатып алулары керек. Кейбір өндірісшінің айналым капиталы жетіспейді, қайсыбірінде білікті маманы жоқ, кей кәсіпорында стандартты түсінетін ағылшын тілінен аударатын аудармашы болмайды.

Сондықтан кен орындарын игеруші шетелдік компаниялар ірі тапсырыстарды шетелдердегі компанияларға беріп отыр. Осыған орай Үкімет өмірмен шынайы байланысы бар машина жасау саласын дамытудың жаңа бағдарламасын жасақтағаны жөн. Алдымен кен игерушілер машина жасаушыларға қандай талап қояды, міне, соны эксперттік комиссия құрап, зерттеп алса дейміз.  Сонымен қатар бағдарламада жас мамандарды даярлау ісіне назар аударылуы қажет. Зауыттардағы ескі жабдықпен дуальдық оқыту нәтижелі болады деу қиын. Сол себептен «ҚПО»-ны, жергілікті машина жасаушы компанияларды қатыстыра отырып, дуальдық оқытудың өңірлік бағдары жасақталса дейміз.

– Көшербай Айғожаұлы, машина жасаушылар күнін «Зениттехсервис» қандай табыстармен қарсы алуда?

– Консорциум ТШО-ның қосалқы мердігерлерімен байланыс орнатып, олардың тапсырыстарын «Гидроприборға», «Зенитке», «Орал механикалық зауытына» алып беріп отыр. Сондай-ақ оралдық кәсіпорындар «ҚПО б.в.» компаниясының клапандарын жөндеу жұмыстарын атқарды және клапандардың тәжірибелік үлгілерін жасады. Бұл жер қойнауын пайдаланушы компанияның бастамасы бойынша қолға алынған шаруа, сондықтан әрі қарай жалғасады. Мұны өңір тұрғындары үшін қосымша жұмыс және табыс көзі ретінде қарастырған жөн.  Консорциумның ТШО-дан, «ҚПО»-дан алған тапсырыстары бойынша «Зенитке» металл құрамалар жасауда. Кәсіпорындарды өзге де тапсырыстармен қамтудамыз. Өткен жылы өндіріс ошақтары консорциум арқылы 300 млн. теңгенің  тапсырыстарын орындаса, биыл оның шамасы 500 млн. теңгені құрады. Мысалға, «Зенит» зауыты 2018 жылы 100 млн. теңгенің тапсырысын орындаса, биыл ол 150 млн. теңгеге жетпек. Оның 30 пайызын «ҚПО б.в.» компанияның тапсырысы құрайды.  Одан басқа «Сайпем» компаниясының мұнай құрал-жабдығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осының барлығы өңірдегі машина жасаушылардың, солардың және жер қойнауын пайдаланушылар арасында алтын көпір болып жүрген «Зениттехсервис» компаниясының табысы деу керек. Бастысы, Оралдағы мұнайгаз машина жасау зауыттарының әлеуетін, бұрынғы мамандарының білім-білігін пайдаланып, саланы өркендету үшін түйткілді мәселелерді тездетіп шешуіміз керек. Сөзімізді қорыта келе, мұнайгаз машина жасау саласындағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, еңбектеріне  жеміс  тілеймін.

– Мереке құтты болсын! Тұшымды әңгімеңізге рақмет.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар