26.09.2019, 21:08
Қараулар: 152
Психологтардың самарқаулығы сан соқтырмасын

Психологтардың самарқаулығы сан соқтырмасын

«Nur  Otan»  партиясы  жанынан  құрылған  Балалар құқығын  қорғау  бойынша  республикалық  кеңестің  мүшелері  өңірімізге  келіп,  үш  күндік  сапар  барысында біраз  жайтқа  қанықты.

Балалардың құқығы мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететін жүйені жетілдіруге қатысты ұсыныстар жинақтау және зерделеу, «Бақытты  отбасы» партиялық  жобасымен таныстыру, балалық шақты қорғау  және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетудің тиімді құралдарын енгізу, өңірлік деңгейде балалардың құқығы мен еркіндігін қамтамасыз етуші ведомостволардың қызметін бағалау мақсатында жолға шыққан жұмыс тобы біздің өңірімізге дейін республиканың сегіз облысын аралап үлгеріпті. Сапардың алғашқы күнінде облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева төрағалық етті. Аталмыш жиынға «Nur Otan» партиясы облыстық филиа-лы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев және жергілікті басқармалар мен түрлі сала басшылары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева көп балалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтуды мақсат еткен «Бақытты отбасы» жобасының облысымызда жүзеге асырылу барысына тоқталды. Бүгінгі күнге дейін көптеген отбасы баспаналы болып үлгерсе, 10 мыңнан астам көп балалы анаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде.

БҚО білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова облыстағы балалар құқығы мен мүдделерін қорғау бойынша қолға алынған іс-шараларға тоқталды. Өңірдегі 507 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 30 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 1-3 жас аралығындағы балақайлардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу үлесі 78,4 пайызды құраса, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайызды құрайды. Облыс бойынша 379 күндізгі мемлекеттік, үш жеке мектеп, 50 қосымша білім беру ұйымы бар. Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру есебінде айрықша білім беру жағдайын талап ететін 6188 бала тіркелсе, олардың 1555-і мүмкіндігі шектеулілер санатына жатады. Ерекше оқыту жағдайын талап ететін балаларға білім беретін мектеп саны – 274, яғни инклюзивті біліммен 3992 бала қамтылған. Облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар санатына жататын балалар саны – 844, оның ішінде 188 бала патронаттық отбасылардың қарауында болса, бес баланы асырап алған. 543 бала қамқоршылардың, 908 бала жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған төрт мекеменің қамқорлығында. «Балалар арасында суицидті болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығымен, бұл факті түбегейлі жойылған жоқ. Десе де, өз-өзіне қол жұмсаған жеткіншектер саны жыл санап азайып келеді. Мәселен, 2017 жылы он, былтыр  төрт бала өз еркімен өмірін қиса, биылғы жылдың басынан бері үш факті тіркелді», — деді Айымгүл Мақсотқызы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, жалпы облыс бойынша 39 медициналық мекеме болса, оның 33-і балаларға көмек көрсетеді екен. «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту жұмысы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Бәйтерек аудандық ауруханасында орналасқан екі оңалту орта-лығында жүзеге асырылады. Қазіргі кезде 26666 бала диспансерлік есепте тұр, оның ішінде туғаннан бері дамуында ауытқуы бар, жүйке жүйесінің сырқатына шалдыққандар саны – 2298. Сирек  кездесетін сырқатқа шалдыққан 44 баланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінеді, биыл осы мақсатқа 202 млн. теңге бағытталды. Жалпы 206 бала невропатологиялық есепке алынса, олардың көпшілігінде эпилепсия дерті бар. Бір кемшілігі – осы бағытта жұмыстанатын эпилептолог маман жоқ. Сондай-ақ медициналық кадр жетіспеушілігі анық байқалады. Облыс бойынша 389 дәрігер жетіспейді. ЖОО тәмамдаған жас мамандар санатынан 175 дәрігер қатарды толықтырады деп күтілсе, олардың 96-сы жұмысқа кірісті, 46 маманды ауылдық елді мекендерге жолдадық. Бала көтеруге қабілетті әйелдер саны 146 мыңды құраса, бейәлеуметтік өмір салтын ұстанатындар 15 мыңның шамасында», – деп атап өтті Н. Беркінғали.

– Өңірімізде 6912 көп балалы отбасы бар, аталған жанұяларда 28253 бала тәрбиеленуде. Аз қамтылған отбасылар саны – 10714, ондағы балалар саны 31068 адамды құрайды. Биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта көрсетілуде. Бүгінгі күнге дейін 10714 отбасындағы 53406 адам, соның ішінде 31068 балаға 3,7 млрд. теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал және аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғауға биыл жергілікті бюджеттен 10,7 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 4,6 млрд. теңге қарастырылған. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар санатында 24133 адам болса, оның 2654-і – балалар. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтіру мақсатында «Отбасы» бизнес жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 2500 адамға кеңес беріліп, 300 адам кәсіпкерлік негізіне оқытылды және 79 адамға қайтарымсыз грант берілді. Грант иеленгендер қатарында 34 аз қамтылған, 30 көп балалы отбасы, 15 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Несие алған  36 адамның сегізі аз қамтылған, 16-сы көп балалы отбасы, 12-сі мүмкіндігі шектеулі жандар санатынан. Айта кетерлігі, біздің облысқа мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы керек. Жыл сайын 1870 бала оңалту курсынан өтуі тиіс, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 20 орын ғана бар. Оның 15-і неврологиялық, бесеуі ортопедиялық сырқатқа шалдыққан балаларға қарастырылған. Бұл орындар өте аздық етеді, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев.

БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Құсайынов биылғы  жылдың 8 айы бойынша ішкі істер құрылымдары ювенальды полиция бөлімшелерінің есебіне 910 адам, соның ішінде 262 қолайсыз отбасыдан 474 кәмелетке толмаған бала, құқыққа қайшы бағыттағы және тәртібі қиын санаттан 174 бала тіркелгендігін айтады. Осы уақыт аралығында 90 қолайсыз отбасы ішкі істер құрылымдарының арнайы есебінен алынып тасталды. Биыл сот шешімі негізінде 9 ата-ана құқығынан айырылды. Отбасы тыныштығы мен балалар қауіпсіздігін сақтау бағытында облыс бойынша 48 мектеп инспекторы жұмыстануда, олардың 42-сі Орал, үшеуі Ақсай қаласында болса, Ақжайық және Бәйтерек аудандарында  бір-бірден.

«Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау бойынша республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева республикалық жұмыс тобы Орал қаласы мен бес аудандағы әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру саласындағы көптеген нысанды аралайтындығын хабарлады. Аталмыш рейд барысында отбасындағы және балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін жасырын хабарлауға арналған 111 бірыңғай желі нөмірі туралы плакаттың ілінуіне басты назар аударылатын болады. Осындай ақпараттық материалдар ілініп үлгерген облыстарда зорлық-зомбылық туралы хабарлау саны төрт есе, суицид бойынша қоңырау шалушылар саны үш есеге өскен.

Отбасын  қолдау  қызметінің  үлгілі  ісі

Жұмыс сапарының екінші күні республикалық бақылау тобы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» барды. Аталмыш орталық директоры Талғат Төлеуішев кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталығы мен балалар үйін біріктіру нәтижесінде пайда болған орталықта жыл басынан бері сан қилы жағдайға тап болған 116 балаға тиісті көмек көрсеткендігін айтып өтті. «Біздің орталыққа балалар түрлі жағдайда тап болып, ең көп дегенде алты ай шамасында қарауымызда болады. Көбінесе ата-анасынан аяқасты айырылған, әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылған немесе олар міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан мәселелерін қамқоршылық құрылымдар қарастырып жатқан сәтте балалары орталыққа уақытша орналастырылады. Кейінгі тағдырлары нақтыланғаннан кейін олар тума-туыстарының немесе мемлекеттің қамқорлығына тапсырылады. Орталық жанында отбасын қолдау қызметі жұмыс жасайды. Мұндағы әлеуметтік педагогтің басты міндеті – жан-жақты қолдау көрсету арқылы шайқалған шаңырақты қалпына келтіруге, баланың туған отбасына оралуына септесу. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимарат ішіне 26 бейнекамера орнатылған, алдағы жылдан бастап ғимарат аумағына бақылау камераларын орнатып, мамандандырылған күзет қызметіне жүгінуді жоспарлаудамыз», – дейді  Талғат  Нұғманұлы.

Сондай-ақ орталық жанындағы отбасын қолдау қызметінің  өзге  өңірлерге  үлгі етуге  тұрарлық  екенін  атап өтті. Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік педагогі Гүлайым Қуанышқызы орталыққа тап болған балалардың ата-аналарын жұмысқа орналастыру, құжаттарын реттестіру, заңгерлік және психологиялық көмек түрлері көрсетілетіндігін айтып өтті. Өткен жылдың наурыз айынан бастап мекеме қайта құрылып, іске кіріскен сәтте орталықта 40 бала болса, олардың 38-і балалар үйінің тәрбиеленушілері еді. Соның ішінде 20 бала жаңа отбасымен қауышып, бірқатары туған үйіне оралды. Екі ата-ананың құқығын қалпына келтіруде көмек көрсетілген. Туған үйіне оралған немесе жаңа отбасыға орналастырылған балалардың жағдайын жарты жылда бір рет тексеріп отыруды да орталық қызметкерлері  естен  шығармайды.

Республикалық жұмыс тобының мүшелері орталықтың материалдық-техникалық базасына, ғимараттың жайлылығы мен балалар үшін қолайлылығына оң бағасын берді.

32  мектепке жөндеу  қажет

«Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау бойынша республикалық кеңес мүшелері өңірімізге жұмыс сапарын қорытындылау жиынында аталмыш жұмыс тобының жетекшісі Динара Зәкиева облыс орталығы мен бес аудандағы 87 нысанды аралау барысында отбасы жайлылығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыстар  жақсы жолға қойылған деп бағалады.

– Білім саласына келер болсақ, Орал қаласы бойынша 32 мектепке жөндеу жұмыстары қажет. Соның ішінде интернаттардағы жағдайды жақсарту – басты мәселе, ол жерлердегі моншалардың санитарлық жағдайы талапқа сай емес. Облыс бойынша суицидті болдырмау бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылып, көрсеткіш төмендегені байқалса, жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүргізілуі өте әлсіз. Балалар арасында психологиялық қалып-күйді анықтау мақсатында, ең болмаса, қарапайым сауалнама жүргізбейтін мектептер  бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жыныстық қылмыстардың алдын алу бағытында тірек пункттеріндегі учаскелік полицейлердің жұмысын күшейту, қала орталығындағы қараңғы аулалар мен саябақтарды жарықтандыруға басты назар аудару қажет, – деді Динара Болатқызы.

Кеңес мүшелері облыс аудандарын аралау барысында бірқатар оң тәжірибе мен үлгі тұтарлық істерді байқаған, сонымен қатар кемшіліктер де жоқ емес.

«Nur Otan» партиясы жанындағы  Балалар құқығын қорғау бойынша кеңестің мүшесі, кеңесші Рысты Жұмабекова Бәйтерек ауданы бойынша жұмыс тобына жетекшілік етіп, аталмыш аудандағы 23 нысанды аралаған екен. «Ау-дан бойынша қосымша білім беру жұмысы жоғары деңгейде жүргізілетіндігі және туризм, өлкетану саласына қызығушылық танытатын жас өрендер санының көптігі көңілімді марқайтты. Ал бірде-бір әжетханасы іске жарамсыз, ауласы мен дүние-мүлкі қирап жатқан Асан ауылындағы мектептің аянышты халі, өгей әкесі мен ішімдікке құмар анасынан қашып, тағдыр тәлкегінде жүрген  15 жасар қыз баланың қыл үстіндегі тағдыры, оған жанашырлық танытып, қамқорлығына алатын бірде-бір пенденің табылмауы жаныма қатты батты. Сондай-ақ аудан-ауылдағы интернеттің нашарлығы салдарынан «Е-халық» базасының біраздан бері жаңартылмауы – өрескел кемшілік, – дейді Рысты Мағауияқызы.

Аталмыш кеңес мүшесі, кеңесші Мәнсия Исқазина жетекшілік ететін топ Тасқала және Бөрлі аудандарындағы 28 нысанды аралап, қолайсыз отбасы және көп балалы санатындағы екі отбасының тірлігімен танысқан. Аталмыш топ мүшелері аудан әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі комиссия жұмысын, отырыстар негізінде жүктелген тапсырмалар мен қабылданған нақты шаралар туралы құжаттардың реттілігін, аудандағы колледждер мен интернаттар жұмысының ұйымдастырылу деңгейін оң бағалады. Тез арада шешімін табуы тиіс мәселелер қатарында «Шұғыла» сауықтыру лагерінде балалардың демалуы мен денсаулығын қалпына келтіруге жағдай жасау, Бөрлі колледжін күрделі жөндеуден өткізіп, аталмыш білім ошағын білікті психолог маманмен қамту, бірде-бір аула клубы жоқ ауданда мектептен тыс орталықтар жұмысын жолға қою қажеттігі айтылды.

Теректі және Ақжайық аудандарын аралаған жұмыс тобының жетекшісі – ҚР ІІМ ювенальды полиция және әйелдерді зорлықзомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Құттыбаев кешкі мектептер жұмысын бірізділендіруге  баса  мән  берді.

– «Сабақ оқымайды, мұғалімнің айтқанын тыңдамайды» деген сылтаумен тәртібі нашарлау баланың бәрін бірдей кешкі мек-тепке тоғыта беру дұрыс емес. Мұндай мектепке ауыстырмас бұрын баланың мәселесін арнайы комиссия жан-жақты қарастырғаны жөн. Теректі ауданындағы кешкі мектепте қазіргі таңда 180 адам білім алуда, оның 60-ы – балалар. Соның ішінде 18 бала мектепішілік, тоғыз бала құқық қорғау құрылымдарының есебінде тұр. Кешкі мектеп тәрбиеленушілерімен жұмыс барысында тұлғалық қарым-қатынас орнату, мәселені тереңірек талдау жетіспейді. Соның салдарынан аталмыш ауданда 15 жасар қыз баланың өгей әкесін өлтіру фактісі тіркелді. Қылмыстық оқиға орын алғаннан кейінгі тексеру жұмыстары барысында мектеп тарапынан берген мінездемеде қыз бала туралы «Сабаққа жиі қатыспайды» деген сипатта бір-ақ сөйлем келтірілген. Сондай-ақ Жаңаөмір ауылында өз-өзіне қол жұмсаған Шаған мектебінің 5-сынып оқушысымен бұрын жүргізілген тренинг қорытындысында да оған «оптимист» деп баға берілген. Бұл оқиғалар психологтар  тарапынан жасалатын  жұмыстардың  әлсіздігін көрсетеді, – деп атап өтті жұмыс  тобының  жетекшісі.

Ақжайық ауданы бойынша аудан әкімі мен жергілікті бөлім басшылары, кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі аудандық комиссия мүшелерінің қатысуымен жиын өткен. Онда  жергілікті билік өкілдеріне 300-ден астам бала білім алатын Абай атындағы мектеп-гимназияның апатты жағдайы, ашық-шашық қалыпта жатқан трансформаторларды құлыптау, жуырда ашық жатқан трансформатордың ішіне кіремін деп ток соққан баланың жағдайының енді қайталануына жол бермеу, аграрлық саладағы қат мамандарды оқытумен айналысатын аграрлық-техникалық колледжде білім алушы жастар санын арттыру туралы ескертілген.

БҚО әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева республикалық жұмыс тобының мүшелеріне атқарылған ауқымды жұмыс үшін алғыс айтып, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде жою үшін жұмыс жоспары жасақталатындығын жеткізді. Сонымен қатар өз тарапынан балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған ата-аналарға жауапкершілік тағайындау, саналы ата-аналыққа дайындау орталықтарын ашу туралы ұсыныстар көтеріп, аталған мәселені заң жүзінде іске асыру қажеттігін атап өтті.

*  *  *

ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Қамқорлық» бастамасы аясында көпбейінді облыстық балалар ауруханасында оңалту  бөлімшесі  ашылмақ.

– Республика бойынша церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге арналған оңалту орталығы сегіз облыста ашылады. Соның бірі – Орал қаласындағы облыстық балалар ауруханасының базасындағы бөлімше. Куә болғанымыздай, бұл аурухана ешқандай күрделі жөндеуді қажет етпейді. Енді оңалту  орталығына керек құрал-жабдықты алып, дәрігерлерді оқыта бастаймыз. Әр орталықтың жабдықталуына 80 миллион теңге, дәрігерлерді оқытуға 30 миллион теңге қаражат бөлінеді.  Сондай-ақ үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті кабинеттер ашылады. Оңалту орталығының қызметі тегін. Сал ауруына шалдыққан нәрестелерге  үш жасқа дейін оңалту жаттығуларын жасаса, сауығуына көп септігін тигізеді. Соған орай орталықта ерте оңалту жұмыстары да жүргізілетін болады, – деді аталмыш қордың жобалау кеңсесінің жетекшісі Динара  Зәкиева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, өңірде 2500-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың дені жүрек ақауы мен жүйке жүйесі  дертімен  тіркеуде  тұр.

Дайындағандар Аяужан  КЕРЕЕВА, Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар