26.09.2019, 20:51
Қараулар: 136
Популизмге жол жоқ!

Популизмге жол жоқ!

Бөкей  ордасы  ауданында  «Нұр  Отан» партиясы  облыстық  филиалы төрағасының  орынбасары  Мұрат  Мұқаевтың қатысуымен  актив  жиыны  өтті.

Жиында аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Рахымжанов  ауданның қазіргі  ахуалынан аз-кем  хабар  берді.

«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаев  электоратты шоғырландыру, оның рөлін арттыру, партия мүшелерінің жауапкершілігін күшейту сияқты бірқатар мәселелерге  тоқталды.

– Бұл – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Шыны керек, партия мүшелерінің саны көп. Сондықтан сапаға басымдық беріп, «тазарту» ісі қолға алынды. Істі болған, теріс қылығымен көзге түскен азаматтар партия қатарынан шығарылады. Республика бойынша «Нұр Отан» партиясының 1 миллионнан астам мүшесі болса, облыстағы партия мүшелерінің саны – 35 мың. Осы отыз бес мыңның бес мыңы «тазарту» науқанына ілігіп, партия  қатарынан  шығарылды.

Тағы бір өзекті мәселе – партия фракцияларының жұмысын жандандыру. Қазіргі қоғамда арзан популизмнің алға шығып кеткенін мойындауымыз керек. Әлеуметтік желі тілін білетін белсенді  аудандағы не қаладағы қандай ма бір «күйіп тұрған» мәселені егжей-тегжейлі зерттеп,  осы мәселені шешу жолдарын анықтап, әлеуметтік желіге жүктеп жібереді. Күні ертең әкімдік тарапынан әу баста жоспарланған жұмыс жүзеге асырылады да, мәселе оң шешімін табады. Әлгі белсендіміз қоғам мәселесін назарға ұсынған, шешілуіне ықпал еткен бірден-бір «батыр» боп шыға келеді.  Депутат мәртебесінен гөрі блогерлердің мәртебесі басым. Ел қалаулылары көтеретін мәселені блогерлер тақырып қылып жүргенін мойындауымыз керек. Мысалы, бәрімізге жақсы таныс субсидия мәселесін алайық, субсидия талабы бойынша министрлік Ресейден алынатын тауар бойынша электронды есепшот болуын талап етеді. Ал  Ресейде ондай формат жоқ. Кішкентай ғана кедергі үлкен жоспарымызға тосқауыл болуда. Осы мәселені мал шаруашылығымен, субсидиямен жақсы таныс өз арамыздан шыққан депутаттарымыз неге көтермейді? Жалпы батысқазақстандық фракцияның белсенділігі төмен болғаны, басқа облыстар 60-70 сауал жолдағанда біздің қалаулыларымыздың тек екі мәселені назарға ұсынғаны жасырын емес. Фракция жұмы-сымен қатар бюроның  пәрменділігін де күшейтуіміз керек, – деді Мұрат  Рахметұлы.

Аудандағы бастауыш партия ұйымының төрағасы Қуаныш Елемесов екі бірдей өзекті мәселені тілге тиек етті. Біріншісі, жарна жинау мен жарна мөлшері болса, екіншісі, Сталинград майданына жақын тыл болған, соғыс оты шарпыған  ауданымызға жауынгерлік даңқ берілсе деген ұсыныс болды.

– Бастауыш партия жұмысының 50%-ын жарна жинау құрайды. Жарна жинауда бірізділік керек. Жарна мөлшерін де қайта қарастырған жөн деп ойлаймын. Жарна мөлшері мекеме басшысына да, сол мекеменің еден жуушысына да ортақ. Жарна пәлендей көп  қаражат емес қой дегенмен, жинақталып қалғанда қалтаға соғатыны бар, – деді Қуаныш Елемесов.

Аудандық мәслихаттың депутаты Бибігүл Бектелеуова жас мамандарға көтермеақы тағайындауда ауданның шалғайлығы ескерілсе деген ұсыныс айтты. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева да осы мәселені қостап, ауыл жастарын тұрақтандыру, тек бір мектеп, не аурухананың кадр тапшылығын шешу емес, геосаясат мәселесі екеніне баса назар аудару керектігін алға тартты.

Ал жастар атынан сөз алған  М-С. Бабажанов атындағы мектептің мұғалімі Фархад Мұқатов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігі санаулы мамандық иелеріне ғана емес, ауылға ат басын бұрған әрбір маманға тиесілі болса екен деген ұсынысын айтты.

Ф. Мұқатов көтерген мәселенің бірі – апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің жай-күйі болды. Бұл мәселе де біртіндеп шешімін табуда екен. Аудан бойынша 14 тұрғын үй апатты жағдайда деп танылыпты. Бисен, Саралжын   ауылдарындағы баспанасы құлау алдында тұрған азаматтардың үйлері ауыстырылды. Мұндай жұмыс биыл да жалғасатын болады, – деп жауап берді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Бисенбек Насимоллин.

Актив жиынынан соң Мұрат Мұқаев М. Мәметова атындағы мектеп жанындағы интернатты аралап, ауыл шетінен бой көтерген  тұрғын үй құрылысымен танысты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Ұлпан  ӘНУАРҚЫЗЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы