26.09.2019, 20:35
Қараулар: 275
Жиырма бес жылдың жүгі бар роман

Жиырма бес жылдың жүгі бар роман

Таяуда әріптесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Мұнайдар Балмолданың «Абадан» атты романы баспадан шықты.

Бұған дейін жазушының «Көкбөрі», «Ақ тұлпар», «Қыран қанатындағы күй» және «Он төрт» атты тарихи романдары жарық көрген болатын.

«Абаданда» даламыздағы бөрілердің тіршілігінен қызықты мәліметтер келтіріліп, олардың болмыс-бітімі, қайтпас қайсарлығы хақында әңгіме қозғалады. Тағылардың аңшылармен, малшылармен арадағы бітіспес күресі де бұл шығармаға арқау болған. Жалпы, әңгіме төркіні шынайы өмірден алынған.

Жазушы «Кітапқа енген еңбегім бір жылдың төңірегінде жазылса да, оны жинақтауға жиырма бес жыл уақытым кетті» дейді. Кітап қалың оқырманға ой салып,  табиғатты сүйе білуге, ондағы жан-жануарларға, соның ішінде бөрілерге оң көзқараспен қарауға шақырады.

Айта кетейік, белгілі әдебиетші, сыншы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі Құлбек Ергөбек М. Балмолданың бөрілер тақырыбындағы әңгімелеріне өзінің пікірін білдірген еді. Онда: «Мұнайдар Балмолданы «Ажалдың көз жасы» деген әңгімесіне қарап-ақ шын жазушы деуге болады. Тағыларға «ақ азу, қанды азу» деп ат беруден бастап, аңшылық, саятшылықты қолмен қойғандай етіп, жан-дүниеңді дірілдетіп, алай-түлей етіп жеткізеді. Осыдан-ақ оның бұл өнерді жақсы меңгерген азамат екенін де білуге болады» деп бағалайды.

Оралдағы «Полиграфсервис» баспасынан шыққан бұл кітапқа аталған роман мен «Қасқыр жылаған түн», «Бөрімен бетпе-бет», «Ақпанның ақ түтегі» деген хикаяттар мен «Айбөрі мен Көкшеңгел»,  «Көкжалдар», «Көкбөрінің тұқымы – Көкқұтан» сынды әңгімелер енген.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар