26.09.2019, 20:34
Қараулар: 110
43,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

43,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Ақжайық ауданында супермаркет, жылыжай, бөтелкеленген су шығаратын цех пен «SinOil» жанар-жағармай құю бекетін салатын инвесторларға жер телімі аукцион арқылы берілген. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда  ауданға 1 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылмақ.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов мәлімдеген болатын. Оның  айтуынша, биылғы жылға арналған аудан бюджеті 11 млрд. теңге көлемінде бекітілсе, жергілікті бюджетке соңғы сегіз айдың ішінде 839,4 млн. теңге кіріс кірген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 млрд. 897,2 млн. теңгені құраған немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 14,5 пайызға артық. Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің 1814 субъектісі тіркелсе, оларда 2262  адам еңбек етуде. Шағын бизнес субъектілері өткен жылы 6 млрд. 607,0 млн. теңгенің өнімін өндірген. Ауданда қоғамдық монша, жылыжай салатын азаматтар үшін жер теліміне аукцион өтіп, қазір тиісті рәсімдер жүруде. Чапаев ауылы аумағынан жеміс ағаштарын өсіру үшін 10 га жер алуға, сүт өнімдерін дайындайтын цех салуға және бие саууға ниетті кәсіпкерлер үшін жер теліміне конкурстық хабарландырулар  берілген. Сондай-ақ биыл Чапаев ауылында жүн қабылдау цехы іске қосылған.

– Қазіргі таңда аудан бойынша ірі қара өсіретін 46, жылқы өсіретін 8, қой өсіретін 4  асыл тұқымды шаруашылық бар. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына 191,1 млн. теңге несие беріліп, нәтижесінде шет елден 470 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. 2019-2020 жылдардың мал қыстатуына алдын ала жүргізілген есеп бойынша 232 900 тонна мал азығы қорын дайындауымыз қажет еді. Көктемде көктің шығуы қалыпты болғанымен, одан кейінгі салқындық салдарынан шөп өспей қалды. Бұл өз кезегінде шөптің шығымын төмендетіп отыр. Қазір мал азығының 76 пайызы дайын. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселе – жерді ұтымды әрі тиімді пайдалану. Ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға енгізу мақсатында 2017-2019 жылдары мақсатты пайдаланбаған 46 шаруа қожалығының 43,2 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыс әрі қарай да тұрақты жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 76 пайызы айналымда, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Ақжайық ауданындағы 52 ауылдық елді мекеннің 30-ы таза ауыз сумен, 33-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін Базартөбе, Қадыркөл, Қызылжар, Жайық, Кеңсуат ауылдарына ауыз су тартылмақ. Сондай-ақ аудан әкімінің мәлімдеуінше, Ақжайықтағы өзекті мәселе – баспана. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 408 адам тұр. Аталмыш мәселені шешу мақсатында Чапаев ауылында үш қабатты 24 пәтерлік  үйдің құрылыс жұмыстары басталған. Бұл үй әлеуметтік осал топтарға, көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілмек.

«Нұр Отан» партиясының XVIII сиезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев перспективалық ауылдарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобаны іске асыруды тапсырған болатын. Осы орайда ауданда 612 млн. теңгені құрайтын бес жоба жүзеге асыру жоспарланған. Жоба негізінде аудан орталығындағы  Әбілқайыр хан көшесінің  жарықтандыру құрылысы (1,2 шақырым) аяқталып, пайдалануға берілген. Өзге жобалар бойынша, яғни аудан орталығындағы №1 орта мектепті және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты мен Чапаев ауылының Тәуелсіздік, Меңдалиев, Қазақстан, Щурихин көшелеріндегі ауылішілік жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аудан орталығында авариялық деп танылған мектептің орнына 2017 жылы 300 орындық мектеп пен 100 орындық интернаттың құрылыс жұмыстары басталған еді. Аталмыш мектеп ендігі жылы ел игілігіне берілмек.

– Келесі жылы даңқты жерлесіміз, белгілі қоғам қайраткері, «Мен қазақпын!» деп жаһанға жар салған Жұбан Молдағалиевтың туғанына – 100 жыл. Ақынның тойы кең көлемде тойланбақ. Осыған орай аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен Чапаев ауылында «Жұбан орталығы» ғимаратын салу жөнінде ұсыныстар айтылған болатын. Үндеу халықтың қолдауына ие болып, биыл «Жұбан орталығы» ғимаратының құрылыс жұмыстары басталды, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Гүлсезім  ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»