26.09.2019, 20:32
Қараулар: 116
20 жоба жүзеге аспақ

20 жоба жүзеге аспақ

Қазталов ауданының биылғы бюджеті өткен кезеңмен салыстырғанда, 5%-ға өсіп, 8,5 млрд. теңгені құраса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 842,3 млн. теңгеге жеткен.

Негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемі 121,4%-ке ұлғайып, 6,1 млрд. теңгені құраған.

Бұл туралы өткен апта соңында Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Альберт Есалиев баяндады.

Брифингте келтірілген деректерге сүйенсек, аудан бойынша бүгінде ауыл шаруашылығы бағытында 640 агроқұрылым, соның ішінде 33 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды. Есепті мерзімде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 8,5 млрд. теңгені құрап, өткен кезеңмен салыстырғанда, 8%-ға өсіп отыр.

Аудандағы асыл тұқымды малмен айналысатын 27 шаруашылықта мал басы 11 мыңға жуықтаған. Биылғы жылдың аяғына дейін 200 бас ірі қара малын алып келу жоспарланып отыр. Аудан шаруалары 56 трактор, 49 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, машина-трактор паркін жаңартқан. Биыл инвесторлардың күшімен Ақпәтер ауылында мың басқа және Талдыапан ауылдық округінде бес мың басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Соңғы үш жылда шаруалар мақсатсыз пайдаланған 74 мың гектардан астам, биыл 18 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы көлемі 150 мың гектарға жуық жер учаскелері конкурс арқылы жалға берілген болса, биылғы 9 айда 138 092 гектарды құрайтын 128 жер учаскесі пайдалануға берілген.

Спикердің айтуынша, ауданда орта және шағын бизнестің 1 334 субъектісі тіркеліп, олар жергілікті бюджетке 22,530 млн. теңге салық төлемдерін түсірген. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында өткен жылы көрсетілген қызмет пен өндіріс көлемі өсіп, 689,8 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ жалпы құны 49,047 млн. теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылып, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Аудан тұрғындарының 77,8 %-дан астамы немесе 23 823 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл Қарасу, Көктерек ауылдарында  таза ауыз су жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Талдықұдық, Қоныс ауылдарын сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.

Ал халықты көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 77,5%-ды құрайды. Қазіргі таңда үш бағыт бойынша 13 елді мекенге газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 16 елді мекенді газбен қамту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталған.

Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары да қарқынды жүруде. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қазталов және Жалпақтал ауылында қос қабатты 12 пәтерлік тұрғын үйлер салынуда. Тұрғын үй кезегіндегі 297 адамды баспанамен қамту мақсатында алдағы уақытта үш қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау жоспарлануда.

– Аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдың 81 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілсе, соңғы екі жылда 4 миллиардқа жуық қаражат бөлініп, Чапаев – Жалпақтал – Қазталов бағытындағы жолдың 14 шақырымы және Қазталов – Жәнібек бағытындағы жолдың 4 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар биыл 476,9 млн. теңге қаражатқа ауылішілік жолдарының төрт шақырымына күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізіліп,1,5 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынды. Аудан аумағындағы жолдардың сапасы көңіл қуантарлық емес, сондықтан алдағы жылдары осы салаға көңіл бөлетін боламыз. Қазіргі таңда кіреберіс және ауылішілік жолдарын күр-делі жөндеуге жалпы құны 6,4 млрд. теңгеге 10 жоба жасақталды, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң спикер аудандағы жұмыспен қамту және әлеуметтік көмектер көрсету, білім беру мен денсаулық, мәдениет пен спорт салаларындағы атқарылған істерге тоқталып өтті.

Мәселен, білім беру саласы бойынша биылғы оқу жылында 36 жас маман жұмысқа орналастырылған. Денсаулық сақтау саласына жыл басында 17 дәрігер жетіспеген болса, биыл ауданға бес жас дәрігер және он орта буынды маман келіп, медицина мекемелеріне 4 аутокөлік берілген. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мақсатында Жаңатаң, Қоныс, Сарықұдық, Сатыбалды ауылдарында спорттық ойын алаңдары салынған. Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру үшін «Жалын» жастар коворкинг орталығы іске қосылған. Аудан бойынша 176 жасты қамтыған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі үш мәрте өткізіліп, 75 жас жұмыспен қамтылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 50 жас маманға 8,4 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақысы төленсе, 25 адамға тұрғын үй сатып алуға 78,3 млн. теңгеге бюджеттік несие берілген.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»