24.09.2019, 0:45
Қараулар: 453
Жиырма жылдық белес биігінде

Жиырма жылдық белес биігінде

ҚР АШМ АӨК  Мемлекеттік  инспекция  комитетінің  Батыс  Қазақстан  облыстық  аумақтық  инспекциясының  құрылғанына  биыл  – 20  жыл.  Кешегі  сараланып,  бүгінгі  байыпталып,  ертеңгі  бағамдалар  кезде   осы  инспекцияның  басшысы  Лавр  Хайретдиновке  жолығып,  әңгімелескен  едік.

– Лавр Рашидұлы, әлбетте, әуелгі әңгімені  өзіңіз басқарып отырған мекеменің  тарихынан тарқатып  берсеңіз.

– Мекеменің  тарихына оралсақ, 1999 жылы облысымыздағы екі үлкен басқармалар – Батыс Қазақстан облысының өсімдіктерді қорғау басқармасы мен ветеринариялық қадағалау басқармасы қосылып, ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 24 қыркүйегіндегі №1451 қаулысы негізінде ҚР  Ауыл шаруашылығы министрлігінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасы құрылған болатын. Сонымен қатар құрылған басқарманың бөлімшесі болып Орал қалалық және аудандық аумақтық басқармалары да құрылды.

ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 2 наурыздағы №164 қаулысы негізінде ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы болып қайта құрылды.

– Сол кезде осындай қызметтің құрылуына және мекеменің ашылуына қандай қажеттілік  болды?

– 1990 жылы еліміздің экономикасының дамуына әр түрлі қадамдар жасалып, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын көтеру мақсатында Елбасымыз Ауыл жылдары деп жариялаған болатын, сонымен қатар Ауыл шаруашылығы саласында бірнеше заңнамалық, құқықтық-нормативтік құжаттар енгізілді, сол заңдардың талаптарын сақталуын қадағалайтын бір мекеме қажет болды, осыған байланысты біздің мекемеміз ашылған еді.

– Оқырмандарға түсінікті болуы үшін, алдымен инспекцияға жүктелген міндеттер мен құзырына  сай атқаратын жұмыстарына кеңірек тоқтала кетсеңіз?

– Инспекция алғашқы кезінде облыстағы ветеринариялық, өсімдік қорғау және карантин, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дақылдарының сорт сынау, астықтың сапасы, соның ішінде мемлекеттік астық қорының сандық-сапалық жағдайы мен сақталуы жөніндегі жұмыстарға мемлекеттік бақылауды және қадағалауды қамтамасыз етті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын мемлекеттік тіркеу және техникалық байқаудан өткізу  жұмыстарын  атқарды.

Инспекция өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес, сеніп тапсырылған аумақта жануарлардың жұқпалы ауруларын, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дақылдарының өте қауіпті зиянкестері мен ауруларын жою, таратпау және алдын алу бойынша ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру жөнінде бағдарламалар әзірлеп, болжамдар жасайды, мониторинг жүргізеді. Оларды жүзеге асыру жөнінде жеке және заңды тұлғаларға нұсқама береді: есеп жүргізілуін және есеп берілуін ұйымдастырады және заңнамада белгіленген тәртіп бойынша оларды уәкілетті құрылымға береді. Бүгінгі күні де жоғарыда аталған жұмыстармен қатар, ветеринария саласынан басқа, сеніп тапсырылған аумақта карантиндік нысандардың, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің аса қауіпті зиянкестері мен  ауруларының әкелінуінен, таралуынан республика аумағын қорғауды  ұйымдастыруда.

– Батыс Қазақстан облысы – республикамыздың индустриалды-аграрлы өңірлерінің бірі. Осы кезең ішінде облыста мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде ветеринария саласы бойынша және асыл тұқымды мал шаруашылықтарын көбейту, мал санын өсіру бағытында, сонымен қатар өсімдіктер шаруашылығы саласында инспекция ұжымы қандай жұмыстарды   тындырды?

– Біздің облыс – Еуразияның нағыз кіндігінде, ғаламшардың екі құрлығының түйіскен жерінде орналасқан. Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор облыстарымен және Қазақстанның Ақтөбе, Атырау облыстарымен шектеседі. Экономикалық және әлеуметтік дамуына мол мүмкіндігі  бар аймақ.

Ресей Федерациясының көршілес облыстарымен ветеринариялық, фитосанитариялық, карантиндік, тұқым шаруашылығы, асыл тұқымды мал шаруашылығы және т. б. мәселелер бойынша тығыз байланыстар орнатылған. Жылма-жыл науқандық шаралар кезінде келісімшарттарға қол қойылады, бірлескен жұмыстар атқарылып келеді.

Асыл тұқымды малды өсіріп, өндіретін шаруашылықтар тұқымы, түріне байланысты республикалық палаталарға тіркеліп жұмыстарын жалғастырды.

Қазақтың ақ бас тұқымының республикалық палатасына 2070 шаруа қожалығы 31546 ақ бас тұқымын тіркеді. Герефорд палатасына 11 шаруа қожалығы 2818 герефорд тұқымын, абердин ангус палатасына 148 шаруашылық 3508 абердин ангус тұқымын, сүт бағытындағы ірі қара палатасына 9 қожалық 951 сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қарасын тіркеді. Жалпы, 56 шаруа қожалықта 38823 асыл тұқымды ірі қара, 30 қожалықта 31867 асыл тұқымды қой, 25 шаруа қожалықта  3620 көшім, қазақтың жабы тұқымды  жылқылары өсіп жатыр.

Осы жиырма жылда республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты облыс аумағында аса қауіпті ағзаларға қарсы зерттеу жұмыстары жыл сайын 5000,00 мың га жүргізіліп отыр. Ал химиялық өңдеу шаралары зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, әр жылдары 300,0 мыңнан  – 800,0 мың гектарға дейін жүргізілген жылдар болды. Ал биыл итальян шегірткесіне қарсы  өңдеу жұмыстары облыс бойынша 105,446 мың га, зиянды бақашыққа – 11,0 мың га, астық қоңызына  5,0 мың га  химиялық өңдеу  іс-шаралары жүргізілді.

Батыс Қазақстан облысының индустриалды-аграрлы саласы экономикалық тұрғыдан дамуына байланысты өндірілген өсімдік өнімдеріне облыстан тыс жерлерге шығаруға рұқсат беру құжаттарының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Мысалы, 2017 жылы  6587, өткен жылы 8215 дана фитосанитариялық сертификаттар рәсімделген. Ағымдағы жылы да рәсімделіп отырған рұқсат беру құжаттары өткен жылмен салыстырғанда көп болатыны анық.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы негізінде облыс бойынша 6  фитосанитариялық бақылау бекеттері (бұдан әрі – ФББ) қайта құрылуда. Олар Бәйтерек ауданында «Сырым» және «Шаған», Бөрлі ауданында «Ақсай», Бөкей ордасы ауданында «Орда», Жәнібек ауданында «Жәнібек», Тасқала ауданында «Тасқала» ФББ-лар.

– Осы мерзім ішінде  біраз тәжірибе жинаған боларсыздар. Соның бірі ретінде  инспекция базасында бірнеше рет аумақтық семинарлар өткізіпсіздер. Нәтижесі болды ма?

– Әрине, республикамыздың басқа да аймақтарымен іскерлік қарым-қатынастарымыз нығайып, тәлім-тәжірибе алмасып келеміз, оған төмендегі бірлесе өткізілген шаралар дәлел.

2004 жылғы 11-12 наурыз аралығында Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мал шаруашылығы мамандарының, шаруашылық жетекшілерінің қатысымен «Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының жайы және қазіргі кезеңде мал өнімдерін өндіру, өткізудің басты бағыттары» тақырыбымен аумақтық семинар-кеңес оздырылды.

2007 жылғы мамыр, 2009 жылы қазан айында БҚО ветеринариялық зертханасы базасында құс тұмауының алдын алу мәселесі бойынша Атырау, Ақтөбе облыстары ветеринариялық мамандары қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырылды.

2007 жылы облыстық ветеринариялық зертханасының құрылғанына 110 жыл толуына арналған республикалық кеңес өткізілді, оған барлық облыстағы ветеринариялық зертханалардың бастықтары, облыстық аумақтық инспекция мамандары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері  қатысты.

2008 жылғы 20 маусымда ҚР АШМ ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының 2009-2011 жылдарға арналған ірі қара малдарын асылдандыру жұмысын дамытуға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асырудағы міндеттер туралы» облыстық семинар-кеңес өткізіліп, осы атпен  кітап шығарылды, деректі фильм түсірілді.

2009 жылғы 2 қыркүйекте ҚР «Ветеринария туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы және мал шаруашылығында жүргізілетін ірі көлемді селекциялық бағдарламаны түсіндіру жөніндегі аймақтық кеңес ұйымдастырылып, оған Ақтөбе облысының мамандары қатысты.

– Лавр, Рашидұлы, кадрлар мен оларды тәрбиелеу төңірегінен  әңгіме  тарқатсаңыз?

– Кадр тәрбиелеу мәселесіне тоқталып кетсек, біздің мекемеге  жаңадан келген жас мамандарға тәжірибелі мамандардан құрылған тәлімгерлер бекітіледі. Сөйтіп, олар жұмысқа  әбден  төселіп  кеткенше,  тәжірибелі  мамандардың  қамқорлығында болады. Сонымен қатар аудандық деңгейдегі мамандар облыстық, басқа аудандағы аумақтық инспекцияларда тәжірибе алмасады.

Айта кету керек, кадрлармен жұмыс сапасы жылдан-жылға артып келеді. Соның нәтижесінде инспекцияда тәжірибе жинақтап, лауазымдары өсіп кеткен мамандарымызды мақтанышпен атап өтуге болады. Олар  өсімдіктер карантині бөлімінің басшысы болған  Алмабек Марс қазіргі таңда ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төраға орынбасары, Ринат Түменов өсімдіктер карантині жөніндегі меминспекция бөлімінің бас маманы болған еді, қазір ҚР АШМ АӨК МИК “Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар  әдістемелік орталығы” РММ-ның басшысы, инспекция басшысының орынбасары болған Серікқали  Бадеев қазіргі таңда ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық өсімдіктер карантині зертханасы» РММ-ның директоры, өсімдіктер карантині бөлімінің басшысы болған Жасұлан Ешмұханов қазір Ақтөбе облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары. Бұл  тізімді  одан әрі жалғастыра беруге болады.

Ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлауда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланыс орнатылған, жоғары курс студенттерінің тәжірибеден өтуіне бірлескен іс-шара жоспары жасақталып жұмыстанудамыз «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша да өздерін жақсы көрсете алған жастарды  жұмысқа орналасуына жағдай жасап  келеміз.

– Алдағы жылдарда  қандай жоспарлар мен міндеттер тұрғанын айтып өтсеңіз?

– Қандай да жұмыс болмасын оның жоспары болады және мемлекеттік қызмет болғасын атқаратын міндеттері  тағы бар ғой.

Ағымдағы жылы өзіміздің ғимаратты жөндеуден өткіздік. Аудандық және облыстық инспекцияларымыздың аутокөліктері де жаңартылды. Республикалық бюджет есебінен 10 жаңа «2114 ЛАДА» аутокөлігі сатып алынды, оның  алты бірлігі фитосанитариялық бақылау бекеттеріне арналған және мұндай жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар бүгінгі таңда ҚР АШМ АӨК комитетінде құрылымды өзгерту бағытында жұмыстар атқарылуда. Өзгерістердің жоспары бойынша фитосанитариялық бақылаудың екі түрі – ішкі және сыртқы өсімдіктер карантині жөніндегі инспекция және бақылау бекеттері, жер мәселесі бойынша және АӨК бағдарламаларына мониторинг жүргізетін басқармаларының ашылуы жоспарланған.

Осыдан 10 жыл бұрын мекемемізде  облыстың ауыл шаруашылығына арналған музейі болған еді.  Бертін келе, кабинеттер  қажет болуына байланысты жабылды.  Күні бүгін жергілікті жерде қолдану үшін облыс әкімдігінің келісімімен облыстың ауыл шаруашылығы туралы энциклопедиясы жасақталып жатқандығынан хабардар  еткім  келеді.

– Жиырма жылдық та облыстық инспекция  өміріндегі тарихи белес қой. Мерекеге әзірлік қарбаласына қарамастан әңгімелесуге уақыт бөлгеніңізге рақмет.

 – Мереке дегенімізбен, дағдылы жұмыс қалпында өткізгелі отырмыз. Бұл күндері ұжым осы мерекеге арналған іс-шаралар жоспары бойынша әзірлік жұмыстарын қызу жүргізуде. Бұл мереке озық тәжірибелерді ортаға салуымен, осы саланы дамытуға бағытталған ой-ұсыныстарды бөлісуімен  мекемеміз де  ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығы жүйесіне зор пайдасын тигізер ерекшелігімен есте қалатын болады.

Қысқасы, құзырымызға сай, жоғары құрылымдар тарапынан берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, облысымыздың  ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бар күш-жігерімізді  жұмсай береміз.

 Сұхбаттасқан Еламан  БАДЕНҰЛЫ,

ҚР-ның  құрметті  журналисі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар