24.09.2019, 0:34
Қараулар: 244
«Тартылып жатқан жағаңа, Тамып тұр менің көз жасым…»

«Тартылып жатқан жағаңа, Тамып тұр менің көз жасым…»

Өткен  жұмада Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында  Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері, ҚР  Мемлекеттік  сыйлығы, халықаралық «Алаш» сыйлығы және  «Құрмет» орденінің  иегері, ақын  Ақұштап  Бақтыгерееваның  «Өлең – өмір» атты  шығармашылық  кеші  өтті.

Сыршыл, шынайы өлеңдерімен халқының көңіл төрінен орын алған ақын тойына Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Атырау облысынан қонақтар арнайы келді. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, басқарма төрағасының баспа ісі жөніндегі кеңесшісі, ақын Ғалым Қалибекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері, жазушы-журналист, мәдениеттанушы Сара Ләтиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист, сатирик Көпен Әмірбек, Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Роза  Рымбаева  болды.

Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев ақын тойы – елдің тойы екендігін атап өтті.

– Бүгінгі таңда сізді көпшілік тек қарымды қаламгер деп емес, сондай-ақ елдің мәртебесін, мәдениет, өнер, ұлттық рухты асқақтатып жүрген қайраткер деп біледі әрі құрмет тұтады. Ал ұрпақтарыңыздың алдында аяулы ана, ардақты әже абыройына иесіз! Сіздің мерейтойыңыз өңіріміздің әр ауданында аталып өтті. Қала, ауданауыл тұрғындары сізбен қауышып, поэзия әлемінің тылсымына енді. Тағылымы мол кездесулерде елдік, отаншылдық, батырлық, жастар тәрбиесі, ұлт болмысының тірегі саналатын қыздарымыздың тәлім-тәрбиесі турасында келелі ой қозғай білдіңіз. Мұның бәрі кешегісі мен бүгінін саралай білген, ертеңі үшін аянбай қызмет етіп жүрген тұлғаның шынайы болмысын білдірсе керек. Сол үшін өз атымнан, облыс жұртшылығы атынан сізге шын жүректен алғыс білдіремін,  – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі Ғали Есқалиев қазақы дәстүрмен ақынның иығына қамзол жауып, құрмет көрсетті.  Шараға арнайы келген НұрСұлтан қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов елорданың әкімі Алтай Көлгіновтің, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев көрші өңірдің басшысы Нұрлан Ноғаевтың құттықтаулары мен естелік сыйлықтарын  табыстады.

Жазушы-журналист Сара Ләтиева қалам мен бесікті қатар тербеген ақынға шынайы лебізін арнады.

–  Ақындық өнерді  Алладан сұрап,  сатып, қарызға алуға болмайды.  Қазақ қыздарының ақындығы біз білетін тарихта сонау Сара Тастанбекқызынан бермен қарай мойындалған. Одан бері түрлі-түрлі, қилы-қи-лы жолдар мен соқпақтарды өткерген. Бірақ өзім ақындығы мен әйелдігі, азаматтығы мен аналығы тең дәрежеде қатар жүрген «Ақ апа», «Ақ жеңге» деген құрметті атағы бар ақын Ақұштап апамыз дер едім. Сонау жылдары «Қазақтың ару қыздары, ала дорба арқалап жүр, қазақ қыздарының тәрбиесін жіберіп алдық» деп кеңселер мен мектептерді аралап, мәселе көтерген де осы Ақұштап.  Апамыз өзі айтқандай, «Махаббат, бала-шаға» деген тақырыпты жазып қоймай, адам сияқты ғашық бола алатын, ана сияқты мейірлене алатын, әйел сияқты жылай алатын, қызғана білетін, қызыға білетін, тек өзінің емес, елдің жағдайымен санасып, соған қарай өмір сүретін ақын.  Қаламқастай ененің батасын алып, Ақзибадай ананың ризашылығына бөленген апамыз қазір Атырау мен Оралдың ортасын нағыз даңғыл жолға айналдырып жүр,  – деді ол өз құттықтауында.

– Қазір жұлдыз көп. Екі өлең жазса, жұлдыз болып кететін ауруға ұшырадық.   Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романында жұлдыздар туралы айтқаны бар. «Аспанға қарасаң, сансыз, мыңдаған, миллиардтаған жұлдыз самсап тұр. Аспанның шетінде Темірқазық, Сүмбіле, Жетіқарақшы жұлдыздары орын тепкен. Аспанның қақ төрін, ең биік жерін аты жоқ жұлдыздардың бәрі орын бермей, алып алған. Аты бар атақты, жарық жұлдыздардың бәрі шетінде»  деп келеді де, аспанда да алалық бар, – дейді. Осындай аспанда алалық бар заманда дүниеге келген Ақұштап апамның  қызмет қумай, мансап қумай, аты жоқ жұлдыз болып, аспанның төрінде отырғанша, аты бар жұлдыз болып Ақ Жайықтың, алаштың төбесінде жарқырап тұрған тойына келдім. Құтты болсын! –  деді көрерменді күлкіге бөлеген Көпен Әмірбек.

Ақ Жайығынан бөлек, қыз-келіншектердің әдемі сезімдері мен қуаныш-мұңын өз тақырыбына арқау ететін ақынның ерекшелігін Атыраудан келген ақын қыз Бақытгүл Бабаш керемет суреттеді.  Әр әйелдің өрімдей кезінен бастан өткеретін нәзік иірімдерін өлеңмен өрген ақынның жырларын тізбектей келе дәл қазіргі сәтте:

Анамын  бөбегін  сағынған,

Ақынмын жыр  болып  ағылған.

Көңілмін  екіге  бөлінген,

Жүрекпін  екіге жарылған,  – деп ғұмыр кешіп жатырмыз деген ол әр әйелдің  өмір белестерінде ақынның өлеңі адам жанын ақ самалдай тербетіп жүретіндігін әдемі  жеткізді.  «Ерке самал» атты әнге айналған өлеңдер қойылымымен басталған рухани кеш көрерменге әдемі әсер сыйлады.   Ерекше форматта өткен әдеби  кеште жас өрендер ақын өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқыды.

Поэзия кешіне арнайы келген белгілі әнші Роза Рымбаева ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, салтанатты шараның шырайын аша түсті.

Кеш соңын ала сахнаға көтерілген ақын өз өлеңін оқып, алыс-жақыннан жиналған оқырманға  ризашылығын  білдірді.

Өнерге  қанат  қақтырғаның  үшін,

Өмірден  орын  таптырғаның  үшін.

Өзіңе  әр  кез  арқамды  сүйеп,

Өткір  шындықты  айттырғаның  үшін,

Оралдым,  саған,  Ақ  Жайық…

Дәл осы жырымен сөзін жалғап, «Ақынның мұңы – елдің мұңы, сіз бен біздің мұңқуанышымыз ортақ. Жайықтың суы тартылмағай! Елдің ырысы ортаймағай! Мен соған тілекшімін! Өлеңді қадірлей білген халқыма осындай көңілді кеш сыйлай алғаным үшін де бақыттымын!» – деді ерекше толқыған ақын.  Одан соң тағы да өлең сөйледі.

Ақ  Жайық  сенде  көктеммен,

Сырласып  сан  жыл  өткергем.

Анаммен  барып  жағаңнан,

Ар-ұят  деген  шөп  тергем.

Жалаңаш  бүгін  жарқабақ,

Кім  оған  ән-жыр  арнамақ.

Мейірім  талың  көп  еді-ау,

Таситын  көршім  арбалап.

Қисайып  бүгін  қияқ  тұр,

Гүлдемей  қалған  ұят-гүл.

Ар-намыс  деген  теректің,

Тамыры  өлген  сияқты.

Жас  қыз  жүр  жаулық  бүркеніп,

Құлынын  бие  тұр  теуіп.

Жігіт  жүр  қызға  сыйлайтын,

«Безбүйрек»  деген  гүл  теріп.

Ағысың  қайда  алқынған,

Айныдың  неге  қалпыңнан.

Тастанды  қыздай  шағала,

Анасын  іздеп  шарқ  ұрған.

Анық  қой,  сенен  озбасым,

Шалдығып,  шаршап  тозбасым.

Тартылып  жатқан  жағаңа,

Тамып  тұр  менің   көз  жасым, – деп бүгінгі қоғам көрінісін Ақ Жайығымен сырласа отырып, жұп-жұмыр өлеңмен жеткізе білген ақынға өлеңсүйер қауым ұзақ қол соқты.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

* * *

Теректі  ауданына  қарасты  Ақжайық  ауылында  ақын  тойы жалғасты.

Ақжайық төрінде киіз үйлер тігіліп, дала төсі думанға толды. Теректіліктер ақынын ардақтап, құрмет көрсетті. Шара Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры әртістері сахналаған қойылыммен басталды. Режиссер  Самал Әбуов дайындаған  қойылымнан соң, «Оралдың ерке самалы» әуеледі. Теректінің ыстық ілтипаты ретінде ақынға гүл шоқтары табысталды.

Сахна төріне көтерілген БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, аудан әкімі Әділ Жоламанов ақын апамызға жылы тілектерін білдірді.

– Бүгін нұр жауып тұр. Жаңбырдан соң аңқыған жусанның иісі, мына жатқан сайын дала, анау қыр, мынау төбе, бәрі-бәрі менің жадымда, өне бойымда. Мен толқып тұрмын. Намыссыз ұлды көргенде жылаймын, ұятсыз қызды көргенде жылаймын, шаранасынан безінген ананы, ұрпағын далаға тастаған әкені көргенде жылаймын. Жайықта қырылған балықты көргенде жылаймын. Ал бүгін мен қуанып тұрмын. Туған жерім мені алақанына салып,  әлдилеуде. Ақынға бұдан басқа қандай бақыт керек?! Баршаңызға рақмет. Осы тойды ұйымдастыруда басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымды айтамын, – деді ақын  өз  сөзінде.

Нұр-Сұлтан мен Алматыдан арнайы келген құрметті қонақтар, исі қазаққа танымал сатирик Көпен Әмірбек,  жазушы, журналист Сара Ләтиева құттықтау сөз сөйледі.

Ақын мерейтойына орай республикалық әдеби жыр байқауы ұйымдастырылған болатын. «Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» атты байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сахна төрінде Ақұштап Бақтыгереева марапаттады. Әдеби байқаудың бірінші аталымында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ақындар Ақұштап Бақтыгерееваға  арналған өлеңдерін жолдауы тиістұғын. Құрамында өңірімізге танымал ақын Ғайсағали Сейтақ, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитов және Теректі аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бар қазылар алқасы 20-дан астам жас таланттың өлеңдерін сараптап, бағаларын берген болатын. Нәтижесінде арнау бағыты бойынша бас жүлде «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдықсаяси газетінің тілшісі Әділет Орынбасаровқа бұйырды. Мүшәйраның І орнын облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы Дәурен Шамұратов еншілесе, ІІ орынға Ақжайық ауданындағы  «Жайық таңы» газетінің тілшісі, айтыскер  ақын Бекболат Қаленов лайық болды. Ал  ІІІ орынды  Қазталов ауданынан келген жас ақын, кітапханашы Мөлдір Ғазизова жеңіп  алды.

Байқаудың екінші аталымы, яғни ақын апамыздың өлеңдерін оқып, арнайы бейнеоролик жасау бағыты бойынша І орын теректілік Дильназ Мұрат, ІІ орын Шыңғырлау ауданының намысын қорғаған Дархан Мақсотов, ІІІ орын бәйтеректік Виктория Борзенковаға бұйырды. «Жайықтан ұшқан аққу-жыр» аталымы бойынша, яғни Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған әдістемелік-библиографиялық, инновациялық құралдар дайындауда Бөкей ордасы ауданынан ат терлетіп келген Орынгүл  Мараловаға тең келер ешкім болмады. Тұғырдың екінші сатысынан Күләш Биғалиева (Жәнібек ауданы), үшінші сатысынан Дархан Қапатаева (Ақжайық ауданы) көрінді. Барлық жүлдегер мен жеңімпаз бағалы сыйлықтар мен ақшалай ынталандыруларды иеленді.

Ақын тойында дала қызықтары да болды. 24 шақырымға созылған аламанда «Қызыл жұлдызды» тізгіндеген Мейрамбек Зейнуллин (Шыңғырлау ауданы) қарсыластарға шаң қаптырды. Маңғыстаудан келген Айбек Жұбановтың «Байторысы» екінші, көктеректік Марат Мұхтаровтың «Нұрторысы» үшінші келді. 15 шақырымға созылған топтық бәйгеде Асхат Аманбаевтың (Теректі ауданы, Ақжайық ауылы) «Жұмбақторысы» мәрені бірінші болып кесті.

9 шақырымдық құнан бәйгеде ауданымызға қарасты Рыбцех ауылынан келген Бақытжан Сатыбаевтың «Абырой» атты сәйгүлігі нағыз жүйрік екендігін көрсетті. Жорғада аңқатылық Әділ Ахметов тізгіндеген Серік Ахметовтің «Сипроны» оза шапты.

Гір тасын көтеруде Ақжайық ауылының тұрғыны Исет Көшербаев білекті екенін көрсетсе, қазақша күресте шағандық Руслан Дүйсенғалиев жүректі екендігін көпшілікке мойындатты. Ал қой көтеруден Федоров ауылының тумасы Рауан Бүркітов қарсылас шақ келтірмей, басты сыйды өзімен бірге ала кетті.

Ақын тойына Ақжайық ауданы да ортақтасып, киіз үй тігіп, ән-күйін бірге ала келгендігі қуантты. Сахна төрінде ақын апамыздың сөзіне жазылған әсем әндер орындалып, мектеп оқушылары мен аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлері Ақұштап Бақтыгереева өлеңдерін жатқа оқыды.

Әділ  ЗЕРЕ,

Теректі  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар