24.09.2019, 0:20
Қараулар: 296
24 отбасының қоныстой қуанышы

24 отбасының қоныстой қуанышы

Теректі  ауданы  күні  Ақжайық  ауылында  «Нұрлы  жер» мемлекеттік  бағдарламасы аясында  24  пәтерлік  үш  қабатты  тұрғын  үй  пайдалануға  берілді.  Тұрғын  үй кезегінде  тұрған  көп  балалы  және  аз  қамтылған  отбасылардың,  бюджеттік  сала  қызметкерлері  мен  апатты  үй  тұрғындарының  көптен  күткен  қуанышына  облыс әкімі  Ғали  Есқалиев  келіп  ортақтасты.

– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жер» бағдарламасы жүздеген отбасына қуаныш сыйлады. Жаңа үйдің кілті қолына тиген жандар қоныстарын тойлап жатыр. Осындай жақсы хабарды біз күн сайын естіп, қуанамыз. Өткен жылы Теректі ауданының орталығында 16 отбасы, биыл мамыр айында бірден 36 отбасы жаңа қонысқа кірген еді. Бүгін, міне, Ақжайық ауылында тағы 24 отбасы баспаналы болды. Мемлекеттің қолдауымен біз тұрғын үй кезегін жоюға қол жеткіземіз.

Жаңа үй Ақжайық ауылындағы жалғыз жаңа нысан емес. Өздеріңіз білетіндей, өңір мақтанышы – Ақжайық шипажайына апаратын жол жөнделіп жатыр.  Жоспар бойынша жыл аяғына дейін жол жөндеу аяқталады. Ал Ақсуат ауылдық округінің орталығы – Ақсуат ауылына барар жол салынып бітті. Неше жыл бойы жол мәселесін айтып жүрген ақсуаттықтар енді жолдың рақатын көруде. Бүгінгі сіздің ауылдағы қуаныш аудандағы жақсы жаңалықтардың бастысы да, бастауы да. Баспаналы болып жатырған ағайын! Қоныстарыңыз құтты болсын! Үйлі болуды күткен жандарға жұғысты болсын! Жақсылық жақсылыққа ұлассын, – дей келе өңір басшысы жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты жағдайда иелеріне табыс етті.

Жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алған Айнұр Қажиахметованың пәтер кезегінде тұрғанына алты жыл болған екен. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отырған Нұриддин мен Айнұр Қажиахметовтер пәтер кілттерінің қасиетті жұма күні табысталуын жақсылыққа балайды. «Жұбайым екеуміз көп қиындық көрдік. Ұзақ жыл пәтер жалдап келдік. Енді басымызда жайлы баспанамыз бар, барлық қиындық артта қалды. Көп балалы аналарға қамқорлық танытқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, баспана ұсынған облыс, аудан басшылығына алғыс айтамын. Әлі сене алар емеспін», – дейді қуанышын жасыра алмаған қоныстой иесі.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің  басшысы Ербол Исеевтің айтуынша, мердігер құрылыс жұмыстарын 2018 жылдың маусым айында бастап, мерзімінде сапалы аяқтаған. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы тұрғын үй кезегінде

899 адам тұр, соның 350-і әлеуметтік осал топтары санатына жатса, 207-сі – көп балалы отбасылар. Ауданның бес жылдық жоспарында 756 пәтерлік 56 тұрғын үй салу көзделген. Алдағы уақытта Жаңаөмір, Подстепный, Федоров ауылдарында да көп қабатты  үйлер  салынбақ.

Ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайы. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Елбасының Жарлығымен  бекітілген «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты шеңберінде соңғы жылдары өңірдегі ауыз су мәселесі оң  шешімін тауып келеді.

Теректі ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғали Есқалиев Юбилейный ауылында болып, орталықтандырылған таза ауыз су құбырын салтанатты жағдайда іске қосты. Бүгінде Теректі ауданы бойынша ауыз су құбырлар желілерінің құрылысына жалпы 1 564 млн. 650 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген, соның ішінде Юбилейный ауылына су құбырын тартуға 197 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Нәтижесінде ауылдағы 101 отбасы сапалы таза ауыз судың игілігін көрмек.

– Биыл облыста тұрғын саны алты мыңнан асатын алты ауылдық елді мекендегі сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен қайта жаңартуға 1271,0 млн. теңге (126,077 шақырым су құбыры) бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін төрт нысанды  пайдалануға  беру  жоспарда.

2020 жылы Богданов және Приречный ауылдарының су құбыры құрылысын аяқтау, Подстепный (850 млн. теңге), Пойма (350 млн. теңге), Социализм (200 млн. теңге), Үлкен Еңбек (200 млн. теңге) ауылдарына су құбырын тарту жоспарланып отыр. Сапалы су – сапалы өмір кепілі. Енді сапалы су сіздерге де жетті. Әр үйге кіргізілген «Ақбұлақ» игілігіңізге жарасын, – деді ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтаған облыс басшысы.

Сондай-ақ Ғали Нәжімеденұлы аталмыш жоба құрылысын сапалы әрі уақтылы жүргізген мердігер компанияға ризашылығын білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі алғашқылардың қатарында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған ауыл тұрғыны, зейнеткер Махамбет Мақсоттың шаңырағында болды. Ақсақал ауылдастарының ұзақ жыл сапалы ауыз суға зәру болғанын, құдықтағы ащы суды тұтынып келгенін, кейбірі тіпті қаладан тасып ішкенін айтып, игілікті істің басы-қасында болған азаматтарға жерлестерінің  ризашылығын жеткізді.

Теректі ауданы күні аясында Донецк ауылында бірден екі нысан – туристік база ғимараты мен ауыл азаматы Мерболат Жанғалиевтің қаражатына салынған медициналық пункт пайдалануға берілді. Тап осындай сыйды Федоров ауылында сауықтыру орталығы кешенін салған теректілік азамат, кәсіпкер Сержан Идиятов та жасады. Сонымен қатар Покатилов ауылында Қарылғаш Сералиеваның тәтті нан өнімдерін дайындайтын кондитер үйі айқара  есік  ашты.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар