23.09.2019, 23:45
Қараулар: 160
Жоқтан бар жасап, барды ұқсата білген Самсонов

Жоқтан бар жасап, барды ұқсата білген Самсонов

Облыс орталығындағы Орал кеме жөндеу зауыты – тоқсан жылдан астам уақыт тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан іргелі кәсіпорындардың бірі. Алғашында кеме жасау және жөндеумен ғана айналысқан компания бүгінде заман талабына сай түрлі көпірлер мен баржалар, металл бұйымдарын, қуаттылығы әр түрлі су айдағыш станцияларын жасауға бейімделген.

Аталған мекеменің іргетасы сонау 1928 жылы қаланыпты. Зауыттың бас директоры Владимир Самсоновтың (суретте) айтуынша, 1925 жылдан бастап көршілес Атырау облысынан Жайық өзені арқылы кемелермен түрлі жүк тасымалдана бастаған. Сол кезде, негізінен, теңіз өнімдері тиелген, сыйымдылығы жоғары жүк кемелеріне күтім көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған. Сондықтан Орал қаласындағы ет комбинаты маңынан арнайы орын таңдалып, кеме жасау және жөндеу зауыты салынған. Халық арасында «Чапаев затоны» деп аталып кеткен шаһардағы шағын ауданның тұсында кәрі Жайықтың қалта секілді айналмасы келген кемелердің тоқтап, жүк түсіруіне өте ыңғайлы болды. Өзен жолымен әкелінген түрлі жүктер Орал қаласындағы теміржол арқылы Кеңес өкіметінің құрамындағы республикаларға  жөнелтілген.

Аталған зауыт отызыншы жылдарда жүк көтергіштігі 50-100 тонна болатын, өздігінен қозғалатын баржалар, 15-20 адам тасымалдауға шақталған шағын кемелер жасай бастаған. Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград қаласындағы К. Ворошилов атындағы зауытты Орал қаласына көшіру қажеттігі туындапты. 1941 жылдың қыркүйегінде аталған зауыттың 200-ге жуық қуатты құрылғы тиеліп, жүздеген жұмысшы мінген 35 вагон біздің шаһардың теміржол станциясына келіп тоқтаған. Оларды сол кеме жасау зауытына орналастырған. Сол жылдары өңірдегі ең ірі кәсіпорын жұмысшыларына арналып, бірнеше көп қабатты үйлер, мектептер мен балабақшалар, аурухана мен мәдениет үйі салыныпты.

Күн санап іргесі беки түскен зауытта жылына бірнеше кеме жасалып, жүздеген су көліктері жөнделетін болған. Кейін қазіргі «Зенит» зауытына шаһар орталығынан жаңа орын салынып, сонда көшірілген.

Дүркіреп тұрған зауыттың жұмысы 1980 жылдары қожырай бастаған.

– Ол кезде «Жайыққа кім қожайын?» деген сауал туындаған. Яғни өзен арқылы жүк тасымалдайтын мекеме мен балық аулаумен айналысатын шаруашылық өзенге иелік етуге таласқан. Сол жылдары кәсіпорынның жұмысы әлсіреп, жүздеген қызметкер қысқарып қалған. Бірақ қанша қилы заман өтсе де, зауыт өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Атыраудан келген ауыр жүк кемелерімен балық және теңіз өнімдері, құрылыс материалдары, жер асты қазбалары әкелінетін-ді. Олар Орал теміржол станциясына жеткізіліп, сан тарапқа жөнелтілетін еді. Ол жылдары жұмыс қайнап жататын, – деп еске алады зауыт директоры  Владимир  Самсонов.

1969 жылы 17 жасында зауытқа алғаш жұмысқа тұрған Владимир Борисовичтің жасы бүгінде 70-ке жақындаған. Жарты ғасыр ғұмырын кеме жасау саласына арнаған ардагер жолаушы тасымалдайтын кемеде жөндеуші, кейін штурман, кеме капитаны болып еңбек еткен. Бір жылдары өзен арқылы жолаушы тасымалдау басқармасының басшысы болып та қызмет атқарыпты. Орал кеме жөндеу зауыты басшылығына тұрғанына да 15 жыл болыпты.

– Тоқырау заманында зауыт жұмысының тұралағаны да рас. Сол уақытта кәсіпорын жұмысын тоқтатпай, қызметкерлерге жалақы төлеу үшін түрлі металл бұйымдарын жасай бастадық. Қанша қиын кезең болса да, жұмысшылар зауыттан тарамады. Ел еңсесін тіктеген соң, жолаушы тасымалдайтын шағын кемелерге тапсырыс түсе бастады. Ресейдегі әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып, олардың тәжірибесін іске асыруға тырыстық. 2017 жылы Қазталов ауданының Қайыңды ауылы маңынан Үлкен өзеннің үстінен қалқымалы көпір салдық. Биыл Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылына сондай көпір салып, жақында пайдалануға бердік (төменгі суретте). Сонымен қатар су жинағыш мұнаралар, құрастырмалы металл конструкцияларына, түрлі қуаттағы су айдағыш құрылғыларға тапсырыс қабылдаймыз. Бірер жыл турасында Атыраудағы балық шаруашылығына сыйымдылығы 200 тоннаға шақталған, суда жүретін тіркемелі тоңазытқыш жасап шығардық, – дейді зауыт директоры.

Аталмыш кәсіпорында бүгінде 80-нен астам адам жұмыс жасайды. Зауыт жұмысшыларының орташа еңбекақысы 120 мың теңге болса, дәнекерлеуші мамандарға 200-250 мың теңге жалақы төленеді. Кәсіпорында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан мамандардың орны жастармен толығуда. Ол үшін жергілікті және

Ақтау қаласындағы колледждермен тығыз байланыс орнаған. Осы оқу орындарынан келген студенттер зауыттан машықтан өтіп,  кейін  жұмысқа  алынады.

– Біз заман талабына сай бейімделіп, әрдайым жаңашылдыққа талпынамыз. Жаңа өнім жасайтын заманауи құрал-жабдықтар да алынуда. Қажетті құрылғылардың дені – сол кеңес дәуірінен қалған сапалы құрал-жабдықтар. Соларды барынша жөндеп, пайдалануға тырысамыз. Менің басты ұстанымым – қолымыздан келетін нәрсені өзіміз жасауымыз керек. Жаңа нәрсе өндіру үшін шет мемлекеттерге жалтақтаудың еш қажеті жоқ деп санаймын. Сапалы өнім жасайтын сауатты мамандар бар. Жоғарыда айтқан көпірлердің, құрамалы металл конструкциялардың, су айдағыш насостардың жобасын өзіміз сызып, құрылысын жүргіземіз. Жергілікті жерге бейімделіп жасалған өнімнің сапасы да мықты болады, – дейді Владимир Борисович.

Өткен жылы 90 жылдық мерейтойын тойлаған кәсіпорын бүгінде салмағы 1000 тоннаға дейінгі кемелерді көтеріп, жөндейтін құрылғылармен қамтылған. Біздің өңірден және Атырау қаласынан келген үлкенді-кішілі кемелер осы жерден жөнделіп, жаңарып шығады. 2014 жылы көршілес Атырау облысына арнап 100 орындық «Фонтанка» теплоходын жасап шығарған. Бүгінде жолаушы тасымалдайтын шағын кемелерге, отбасылық саяхатқа арналған катерлерге тапсырыс көп екен.

Зауыт директорының айтуынша, сонау 1922-1925 жылдар аралығында Жайық өзенін зерттейтін арнайы топ құрылып, олар Орынбордан бастап Атырауға дейін жүріп өткен. Сол алғашқы команданың құрамында болған Н. Визгаловтың ұл-қыздары, кейін немерелері осы зауытта жемісті еңбек еткен. Сондай-ақ Костырин, Рассказов, Филичев есімді мамандардың ұрпақтары да еңбек жолдарын осы зауытқа арнаған. Бүгінде аға буыннан мол тәжірибе жинаған А. Алексеев, Ж. Есеев, В. Қисметов, В. Телятов, А. Шляхта сияқты дәнекерлеушілер, Ю. Синельников, Л. Калугин сынды темір жонушылар зауытта еңбек етуде.

Еліміздің батыс аймағындағы бұл кәсіпорын тек өзен арқылы жүк тасымалдап, кеме жөндеп қоймай, кезінде кәрі Жайықтың арнасы мен жағалауына күтім жасайтын. Кейін ол қызмет табиғат қорғау мекемелеріне жүктеліп, зауыттың арнайы техникалары соларға берілген. Бірақ аталған шаруаға немқұрайлық танытқандықтан ба, әлде тәжірибенің жоқтығынан ба, бір-екі жылдың ішінде өзенге күтім жасайтын құрылғылар су түбіне кеткен. Кәсіпорын басшысының ойынша, Жайық суы деңгейінің жыл санап төмендеп бара жатқандығының басты себебі де өзен арнасына тиісті күтімнің жоқтығынан көрінеді. Ол Жайыққа жаны ашып, күтім жасайтын, оның арнасы мен жағалауын тазалайтын арнайы мекеме қажеттігін алға тартты.

– Біз мемлекеттен алақан жайып, көмек немесе демеуқаржы сұрап, ірі көлемде несие рәсімдеп көрген емеспіз. Осы кезге дейін әр түрлі салықтар мен жұмысшылардың жалақысын уақтылы төлеп келеміз. Бізге тек тапсырыс болса болғаны. Білек сыбана жұмыс жасауға дайынбыз, – дейді Владимир Самсонов.

Отандық өнімге басымдық беретін кәсіпорынның бүгінгі тірлігі осындай. Аумағы айлапат жерді құрайтын зауыттың цехтарында шағын катерлер жасалып, өзен жағалауында алып кемелер жөн-делуде. Жүз жылға жуық тарихы бар, бірлігі мен берекесі жарасқан ұжым алдағы уақытта да ел игілігі үшін  жемісті  еңбек  етері  анық.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар