23.09.2019, 23:34
Қараулар: 282
“Батыс дербиі” тең аяқталды

“Батыс дербиі” тең аяқталды

Футболдан І лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 21-туры ақтаулық «Каспий» мен оралдық «Ақжайықты» тоғыстырды.

Ақтауда өткен фавориттер тартысы қызықты болды. Ойын басталысымен шабуылға ден қойған футболшылар стадионға лық толған көрерменнің көңілін қалдырмады. Ақтау командасы сапында Руслан Сахалбаев пен Айдос Тәттібаев ойқастаса, «ақжайықтық» Әділет Болатов пен Мелло Джакомо алаңның орталық тұсын қарамағында ұстады.

Бірінші таймда есеп ашпаған қос команда ойынның екінші бөлігінде де жан алысып, жан берісті деуге болады. Сондай шабуылдардың бірінде ақтаулық сұрмерген Айдос Тәттібаев қапталдан көтерілген допты баспен Илья Караваев қорғаған қақпаға шегедей қадап, командасын алға шығарды.

Бұл сәтсіздік Артур Авакянц шәкірттерін екі еселей шабуылдауға итермеледі. Оң қапталға жауапты Руслан Хаиров өзінің тамаша пастарымен «Каспий» қорғанысының құтын қашырса, шапшаң қимылдарымен қарсыластарын қапы қалдыратын Наурызбек Жагоров та «Ақжайықты» алға сүйреді. Бірақ «Каспий» қорғаушылары мықтылық танытты. Десе де, оралдық оғландар дегеніне жетпей қоймады. Орталық алаң тұсынан келген пасты оң қапталдағы Руслан Хаировқа жолдап, өзі тамаша ашылған Дәуренбек Тәжімбетов әдемі пасты голға айналдырды.

Бұдан кейін «Ақжайық» қанша шабуылдаса да, «Каспий» қорғанысын бұза алмады. Осылайша «Батыс дербиі» тең аяқталды.

Осы турдан кейін 40 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесіндегі 4-орнын сақтап қалды.

Енді Авакянц шәкірттері кезекті матчын өз алаңында өткізеді, яғни 28 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасын қабылдайды.

Түгелбай БИСЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар