23.09.2019, 23:33
Қараулар: 148
Жас байдаркашыларға қолдау керек

Жас байдаркашыларға қолдау керек

Алматыда 12-16 қыркүйек аралығында өткен «Жылдам қайық» байдарка мен каноэдан есу бойынша республикалық ашық чемпионатына қатысқан жерлес жеткіншектеріміз сенімді ақтады.

Әсіресе, Аяулым Жанболат (байдарка) пен Маша Бравкова (каноэ) тең құрбыларының алды болды. Олар 200 және 500 метр қашықтықтарда жекелей әрі жұптасып өнер көрсетіп, 4 алтынды қоржынға салды. Ал Мербек Мырзагелді, Екатерина Казанина, Вероника Куликова, Екатерина Сармина жүлдегер атанды. Сөйтіп, өңіріміздің намысын қорғаған жеті жеткіншектің бәрі жүлдемен оралды.

Каноэ, байдарка және академиялық есу бойынша облыстық федерацияның президенті Юрий Казаниннің айтуынша, бұл сайысқа еліміздің 11 қаласынан 228 жас спортшы қатысқан. Ең аз құрамда келген батысқазақстандықтар болған екен. Қалғанының бәрі толық құрамда (20-30 спортшы) өнер көрсеткен. Оған себеп –  қаржының жетіспеушілігі.

–  Жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен өткізілген өңірлердегі спорт түрлерін саралау кезінде рейтинг есептеуде біздің облыс байдарка мен каноэдан есу бойынша тағы да бірінші орынға шыққан. Осының алдында да солай болған еді. Алайда бұл спорт түріне қолдау көрсету, қаржыландыру көлемі көңіл көншітпейді.

Азия чемпиондары, олимпиада ойындарының қастысушылары Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев бірден шыққан жоқ қой. Олар да бала кезден дайындалады. Оқу-жаттығуларға қатысып, түрлі сайыстарға барып шыңдалды. Егер жастайынан жүйелі түрде жақсы дайындалса, ол есейген соң 3 олимпиадалық кезеңді жабады. Оған мысал ретінде А. Дергуновтың үш олимпиадаға баруын айтуға болады. Талап бойынша біздің спортшыларымыз жылына 5 оқу-жаттығуға барулары керек. Ал біздің жағдайымыз екеуіне ғана жетеді.

Келесі жылы оқушылардың республикалық жазғы спартакиадасы өтеді. Екі жылда бір болатын бұл спартакиада аясында байдарка мен каноэ бойынша сайыс Оралда өтуі мүмкін. Жеткіншектеріміз облыс намысын абыроймен қорғауы үшін біз де, бапкерлер құрамы да барымызды саламыз. Дегенмен жақсы дайындалуы үшін қаржылық көмек керек. Алдағы қыс айларында Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан секілді елдерге барып, оқу-жаттығуларын өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді, –  дейді Юрий Казанин.

Мәди ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар