23.09.2019, 23:32
Қараулар: 349
Ел ішіндегі жақсылықтың ұйытқысы

Ел ішіндегі жақсылықтың ұйытқысы

…Ауыл әкімі болу оңай емес. Өйткені күн сайын халықпен бетпе-бет кездесіп, көзбе-көз жұмыс істейтін бірден-бір атқамінер ол – ауыл әкімі. Жағдайын айтып, алдына келген адамның, яғни күн сайын көретін ауылдасының бірден шаруасын шешіп, мәселенің орайын келтіріп жіберетіндей ауыл әкімінде көп құзырет жоқ.

Тұрғындары 2 мыңнан асатын ірі деген ауылдық округтердің өзіне төртінші деңгейлі бюджет соңғы жылдары ғана қарастырылуда. Оның өзінің әлі түйткілі көп екендігін естіп-біліп жүрміз. Сөйте тұра, ел ішінде, халық арасында қалың бұқараға қадірлі, ауыл-аймағына сыйлы ауыл әкімдері баршылық. Сондай азаматтардың бірі – Қазталов ауылының әкімі Жүсіп Шақуов. Ол – ауданымыздың әлеуметтік дамуына лайықты үлес қосып жүрген білгір басшы, білікті ұйымдастырушы, әрі өнегелі отбасының отағасы. Жүсіп ағамыз жұбайы Жансәуле екеуі перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізіп, бүгіндері немерелерінің алдын көріп отыр.

Ауыл әкімінің алғырлығы, жергілікті жұртпен тіл табыса білетіндігі, әсіресе, Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Жеңіс мерекесі, «Мектепке жол» шарасы, қайырымдылық айлығы секілді көпшілік шараларда жиі көзге ілігеді.

– Ауыл әкімінің азаматтық бір парызы – өзінің ауыл-аймағындағы жалғызілікті жандарды, мүмкіндігі шектеулі үлкен-кішіні, көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жәрдемге зәру тұрғындарды көзден таса қылмай, оларға барынша уақтылы моральдық-материалдық тұрғыдан қолдауқамқорлық көрсетіп отыру. Міне, осындай санаттағы ауылдастарымызға қолұшын созып, көмек көрсетуге «Дулат» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Шәкелеков, «Ұялы» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Табылдиев, «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Бермағамбетов, «Мирлан» шаруа қожалығының жетекшісі Ренат Ғұбайдуллин және тағы бір «Дулат» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Малаев сынды ауыл азаматтары әр кез оң қабақ танытады. Сонымен қатар Дамир Ахметов, Рамила Сұпығалиева, Дәрмен Қадыровтай жеке кәсіпкерлер де көмекке мұқтаж жандарға мейірім танытудан тартынып қалған емес, – дейді Жүсіп Ғабдолханұлы.

Егер орынды жерінде айта кетсек, биылғы жыл басынан бері күні бүгінге дейін Қазталов ауылының әкімдігі демеушілердің  көмегімен 167 отбасыға 1 750 000 теңге қаржылай көмек ұйымдастырған екен. Тікелей қызметтік міндетіне қоса, ауыл-аймағындағы жақсылық пен қайырымдылық атаулыға ұйытқы болып, айналасына имандылықтың нұрын таратып, шуағын шашып жүретін Жүсіп ағадай жаны жомарт, мінезі мәрт  азаматтардың ел ішіндегі қатары қалыңдай бергей!

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов  ауданы