23.09.2019, 23:22
Қараулар: 271
180 жол-көлік оқиғасы… Қапыда қиылған 57 ғұмыр

180 жол-көлік оқиғасы… Қапыда қиылған 57 ғұмыр

Өңірімізде жыл басталғалы сегіз ай ішінде 180 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 244 адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақатын алып, 57 адам қаза тапқан.  Балалардың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы орын алып, 49 бала түрлі дене жарақатымен емделсе, 4 бала қаза тапқан. Бұл туралы облыстық полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Манарбек Нәжиев айтып берді.

– Жол-көлік оқиғасының орын алуына жүргізушілердің маневр жасауы, аутокөліктерін жоғары жылдамдықпен басқаруы, қиылыстарға келгенде кілт бұрылып, жол-көлік ережелерінің талаптарын орындамауы  басты себеп болып  саналады. Сондықтан  патрульдік полиция қызметін бағыттап, жұмысты күшейту жөнінде нұсқау берген болатынбыз. Сегіз айдың ішінде маневр жасау бұзушылықтары өткен жылмен салыстырғанда, екі пайызға жоғарылап, қиы-лыстардан өту деңгейі 90 пайызға көбейген. Патрульдік полиция қызметкерлерінің тарапынан болған  құқықбұзушылықтар 31 пайызға артты. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілуде. Облыс аутожолдарындағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында 1444 жол тексерілді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кемшіліктерді жоюға 1100 ұйғарым берілді. Бүгінгі таңда жазбаша өкімдегі талаптарды дұрыс орындамағаны үшін 92 лауазымды тұлға, 14 мекеме басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Қаңтар айында 16 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 12 адам қаза тауып, 13 адам түрлі жарақат алды. Ең ірі жол апаты 15 қыркүйек күні республикалық маңызы бар аутожолда болды. Тайпақ ауылында екі көлік соқтығысып, яғни ЗИЛ аутокөлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде қарсы бағытта келе жатқан жеңіл аутокөлікті жібермей, нәтижесінде бес адам көз жұмды. Бүгінгі таңда осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті сотмедициналық, аутотехникалық сараптамалар тағайындалды, – дейді М. Нәжиев.

Облыс әкімдігімен бірлесіп, жол үстіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау, қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша 2020-2021 жылдарға арнайы жол картасы бекітілген. Онда жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау, облыс орталығының аса авариялық-қауіпті қиылыстарында бағдаршам нысандарын және уақыттың кері есебінің таймерлерін орнату, көшені жарықтандыру, арнайы қызметтердің санын ұлғайту мәселелері енгізілген.

Баспасөз мәслихатында  Орал қалалық полиция басқармасы  көші-қон полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қанат Мұқанов шетел азаматтарының Қазақстанға келу, кету және ел аумағында болу ережелерін түсіндірді. Оның айтуынша, сегіз ай ішінде 14 597 шетел азаматы әр түрлі құқықбұзушылықтар үшін жауапқа тартылған. Көбінесе мұндай азаматтар Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан және көп бөлігі Өзбекстан елдерінен келетін көрінеді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар