23.09.2019, 23:21
Қараулар: 231
Ақынды ардақтады

Ақынды ардақтады

Таяуда Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылында Қазақстан Республикасының енбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Жүректерге жетсін жырдың жылуы…» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Ақынның өнері мен өмірі ұштасқан шығармашылық әлеміне арналған әдеби-сазды кеш Артур Сисеновтің орындауындағы «Елу үш қыз» халық әнімен ашылды. Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров айтыс әлемінде айшықты колтаңбасы бар, билік пен халық арасында алтын көпір бола жүріп «ел анасы» атанған Шолпан Батырқызын бәйтеректіктер атынан мерейтойымен құттықтап, иығына қамзол жапты.

Кеш барысында Шолпан Кыдырниязова сөз алып, өзіне сый-құрмет танытқан аудан халқына ризашылығын білдірді.

— Елімнің енсесінің биіктігін көріп, мен сендерге, дарияндықтарға келдім. Бұл заман білімдінің заманы, құбылмалы тірлікте өнер, спорт, өсиет өлмейді, ұрпақ мәңгілік болады, — деп әсерлі әңгімесімен ой бөлісті.

Кеште ақынның алғашқы ұстазы Құмарғали Ғұбайдуллин, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов сөз сөйлеп, ақ жарма тілектерін арнады.

Әнші Ақан Жекеков Шолпан ақынның сөзіне жазылған сазгер Гүлбаршын Қасиетованың әнін шарықтатты. Сондай-ақ «Дариян» тобының өнерпаздары да Шолпан Батырқызының сөзіне жазылған «Аққозым» әнін нақышына келтіре орындады.

Гүлжан  АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек  ауданы