23.09.2019, 23:18
Қараулар: 125
Ерте аққан жұлдыз

Ерте аққан жұлдыз

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жастайынан Жайық жұртының көңілін қоңыр дауысымен баураған әнші Асхат Құрмекешовті еске алуға арналған “Қалды-ау арман…” атты кеш өтті.

Жиынды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев ашып, кеш иесінің өнері мен ән фестивальдерінде облыстың намысын қорғаудағы сүбелі үлесін атап өтті. Ал Асхат Батыргерейұлымен бір сахнада ән салып, өнер бәйгесінде қатар шапқан жолдастары Марат Сарбөпеев, Ербол Есендосов, Арман Боранбаев, Жаңылсын Хасанова, Күләш Қуанышқалиева, Асланбек Қуанәлиев, Мұратжан Ғұсманов пен інісі Әсет Батыргерей сағыныштарын әнмен жеткізді.

–  Асхат кәсіби музыкант, композитор және адал дос еді. Екеуміз халықаралық «Азия дауысы», «Жаһан дала», республикалық «Жас қанат» ән фестиваліне қатысып, облысымыздың намысын қорғадық. Сол кезде Асхат қоңыр дауысымен, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен танылды. Оның  арманы асқақ еді. Алайда тағдыр өз дегенін жасап, арамыздан ерте алып кетті. Өнердегі достары оны өмір бойы ұмытпайды, – деді әнші-композитор Марат Сарбөпеев.

Естеліктерге толы өткен күндерден сыр шерткен белгілі актер Ербол Есендосов өнердегі достары атынан Асхаттың ата-анасына сый-сияпат жасады. Асхаттың әкесі Батыргерей марқұмның балалық шағы туралы әңгімелеп, кешті ұйымдастырған Қадыр орталығына алғыс айтты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар