19.09.2019, 22:04
Қараулар: 307
Өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуде

Өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуде

Индустрияландыру  картасы  аясында  биыл  облыста  5  жоба  жүзеге  асырылуда.  Олардың  ішінде  шағын  кемелер  өндірісін  кеңейту,  кірпіш  өндіру  зауыты,  трансформаторларға  арналған  панельдік  радиатор,  ауыз  су  өндірісі  және бордақылау  кешеніне  арналған  жем  базасы  сынды  жобалар  бар.

Әңгімеміздің «әлқиссасын» негізгі капиталға салынған инвестициядан бастайық.

Биылғы  қаңтар мен тамыз айларының аралығында  облыстағы бұл көрсеткіш 332,7 млрд. теңгені құрады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық басқармасының берген мәліметінше, осынау жағдай өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,5%-ға артқан. Инвестиция көлемі  өнеркәсіп саласында айтарлықтай басымдыққа ие. Яғни 239,6 млрд. теңгені құрайды, ал өңдеу өнеркәсібінің еншісінде – 6 млрд. теңге. Сыртқы инвестициялардың көлемі 73,9%-ға өсіп, ол 249,9 млрд. теңгені құрап отыр.

168,3 млрд. теңгенің инвест  жобасы

Жуырда ҚР Президенті өзінің Жолдауында Үкіметке үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырған болатын. Әсіресе шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру жөнінде міндет жүктеді. Біздің облыста да бұл бағытта бірқатар  іс-шаралар қолға алынуда. Мәселен, инвестиция тарту және ірі жобаларды енгізуге бағытталған  индустриялдық аймақтың  құрылысы  жобалануда. Облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялар тарту бойынша кеңесте биылғы  бірінші жартыжылдықта қарастырылған жалпы сомасы 31,8 млрд. теңгені құрайтын алты жоба  357 жұмыс орнын ашуға  мүмкіндік  бермек.

– Инвестициялар тарту мәселелерін жеделдету мақсатында Оралда инвесторларға қызмет көрсету орталығының фронт-кеңсесі ашылды. Бүгінде бұл орталық жаңа тұжырымдама бойынша және IT HUB жұмысын ескере отырып қызмет етуде. Облыста 350 жаңа жұмыс орнын құрған жалпы сомасы 168,3 млрд. теңгені құрайтын шетел инвесторларының қатысуымен 5 ірі жоба жүзеге асырылуда, – дейді аталмыш басқарманың бөлім басшысы Жанна Бекқалиева. Бес жобаның екеуі бүгінде іске қосылып, жұмысын бастап кетті. Атап өтер болсақ, оның бірі – Орал қаласындағы  «ICM Recycling» ЖШС-ның жылына 100 мың тонна қуаттылықпен  қатты қалдықтарды басқару жүйесінің кешенді жобасы. Екіншісі, «ПетролВалвз Киос Казахстан» ЖШС-ның шарлық клапандар өндірісі болып табылады. Аталмыш компания биыл маусым айында Ақсай қаласында жұмысын бастады. Бұл жобаның аймақта инвестиция тартуда және жергілікті өнім көлемін арттырудағы маңызы зор. Аталмыш жоба шеңберінде құрал-сайман алуға  және 1000 шаршы метр аумақтағы өндіріс қуаттылығына 4 млн. евро инвестиция тартылған.  Қазіргі таңда  20 жаңа жұмыс орнын ашып отыр.

Ал қалған үш жобаны жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қолға алынған. Мәселен,  «ABS-Munai» ЖШС-ы Теректі ауданында жылына 750 мың тонна мұнайды тереңдетіп өңдейтін зауыт салады. Бұл жоба West Hydrocarbons Commercial Investment LLC компаниясымен (БАӘ) бірлесіп жүзеге асырылмақ. Қазір Алғабас ауылындағы мұнай өңдеу зауытының алаңында жұмыс қызу жүруде. «Зауыттың  болашақ жұмысшыларына арналған жатақхана, әкімшілік ғимараты салынуда. Сонымен қатар зауыт алаңына дейін темір жол тармағы тартылып жатыр. «ABS-Munai» ЖШС биыл атқарылатын жұмыстар үшін 30 млн. АҚШ долларын бөлген. Бұл құрылыс жұмыстары жоспар бойынша келесі жылдың маусым айында аяқталуы тиіс. Содан кейін зауыттың құрылысы басталмақ», – дейді  «Kazakh Invest» ҰК АҚ БҚО филиалының директоры Нұрлан Каиршин. Келесі жоба  –  облыстағы туризмнің дамуына бірден бір үлес қосатын халықаралық деңгейдегі қонақ үй құрылысы. «Орал-Милано» ЖШС қолға алған аталмыш жоба итальяндық «Тувия» компаниясының  қатысуымен жүзеге асырылуда. Ал «Махамбет» ЖК-ның заманауи аттракцион паркінің құрылысы және шолу дөңгелегін орнату жобасы ресейлік «Профи» компаниясымен  бірлесіп  атқарылуда.

2  мыңға  жуық жұмыс  орны  ашылуда

Индустрияландыру картасы аясында облыста 2015-2019 жылдар аралығында жалпы құны 259,1 млрд. теңге болатын 40 инвестициялық жоба  жүзеге асырылуда. Бұл  жобалар 1943 тұрақты жұмыс  орнын  ашуға мүмкіндік береді.  Биыл  275 жұмыс орнын құруымен жалпы құны 7,1 млрд. теңгеге 5 жобаны іске қосу жоспарда тұр.

Сол жобалардың біріне сай,  кірпіш зауытын салып жатқан «134» ЖШС жер қойнауын пайдаланушы болып саналады. «Қазір Бәйтерек ауданындағы Рубежка ауылында кірпіш шығаратын зауыт салып жатырмыз. Зауыт қызыл қыш қаптайтын кірпіш, сондай-ақ  жарты кірпіш, жалаң кірпіш, толық құйма кірпіш шығармақ. Болашақта қыш блоктар да шығаруымыз мүмкін. Қазір құрал-жабдықтарды  монтаждау жұмыстары жүруде. Жұмыс ауқымы өте үлкен. Қытайдан шақыртылған екі инженер  бастапқы жұмыстарды жүргізуде. Алдағы уақытта тағы да үш маман келіп, пеш салу  жұмыстарымен айналысады. Зауыттың алғашқы өнімін келер жылдың жаз мезгілінде шығарамыз  деп  жоспарлап отырмыз», – дейді серіктестік директоры Иван Лазовский. Оның сөзінше, зауыт жұмысы  толықтай  аутоматтандырылады. Үш ауысымда жұмыс істейтіндіктен елу шақты адам жұмыспен қамтылмақ. Кәсіпкер өнімдерін еліміздің батыс өңірлеріне, Ресейдің жақын облыстарына  шығаруды жоспарлап отыр. Кірпіштің заманауи жетілдірілген, сапалы  болатынына  сенеді.

Мамандардың айтуынша, индустрияландыру картасы жобаларының жүзеге асырылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға бағытталған. Егер өнімдер бәсекеге қабілетті бола білсе, бұл өңіріміздің экономикасының тұрақты дамуына оң әсерін тигізері  сөзсіз.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар