19.09.2019, 21:53
Қараулар: 298
Тасқаланың инвесткартасы дайындалмақ

Тасқаланың инвесткартасы дайындалмақ

Тасқала  ауданында   жергілікті  шаруалармен  бірігіп, агроөнеркәсіп  саласын  заман  талаптарына  сай  дамыту  және өнім көлемін  еселей  арттыру  бағытында  бірқатар  жұмыс  атқарылуда.  Биыл  аудан  бойынша  21597  гектар  егістікке  дәнді  дақылдар  себіліп,  одан  23150  тонна  өнім  алынған.  Бұл  туралы БҚО  өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  аудан  әкімі  Алдияр  Халелов  баяндады.

Спикердің мәлімдеуінше, биылғы жылға арналған аудандық бюджеттің шығыс бөлігі 5 231,3 млн. теңге болса, күні бүгін оның 3 475,0 млн. теңгесі немесе 85,4 %-ы  игерілген. Ауданның өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 332 млн. теңгені құрап, өткен жылдың  деңгейінен  64,1%-ға  артқан.

Негізінен мал өсірумен  және егін шаруашылығымен айналысатын ауданда  биыл 84,6 мың тонна мал азығын әзірлеу жоспарланып, бүгінгі күні нақты дайындалғаны – 85,4 мың тоннаны құраған. Аудан бойынша 29,6 мың бас ірі қара малы, 72,8 мың бас қой мен ешкі, 10,4 мың бас жылқы,  39 мың құс өсірілуде. Сонымен қатар шаруа қожалықтарында 2528 асыл тұқымды ірі қара, 2518 асыл тұқымды қой, 107 көшім жылқысы бар. Есепті кезеңде ауданның агроқұрылымдарынан «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды» субсидиялауға қатысу үшін 143 млн. 527 мың теңгеге өтінім түсіп, оларға 55 млн. 240 мың теңге субсидия төленген. Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алған шаруашылықтар қазіргі таңда 141 бас асыл тұқымды аналық мал алған.

– Ауданның Мереке, Қазақстан және Шежін ауылдық округтері аумағынан 1975 жылы салынған ұзындығы 448,3 шақырымдық Жайықбай суландыру арнасы өтеді. Канал бойы мал өсіруге зор мүмкіндік береді. Аталған су арнасынан 19 тоған қазылып, 17 қақпа қойылып, 5 көпір салынды. Канал бойында 22 ауыл шаруашылығы құрылымына жер телімдері берілген. 2020 жылы каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, осыған байланысты бүгінгі кезде жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Бұдан басқа Бастау ауылындағы бөгеттің 10 гектар аумағындағы жер телімін бөгеу жұмыстары қарастырылуда. Бұл бөгет көктемгі тасқын суларды тоқтатады, әрі болашақта балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аумақ болады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі уақытта осы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында кәсіпкерлер анықталуда, – деді аудан әкімі.

Соңғы екі жылда аудан бойынша 71 жер телімі, яғни 36 481 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында аудан бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 49 353 гектар, 13 жер пайдаланушының 19 жер учаскесіне тексеріс ашылған. Жерлерге жеті конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 25 915 гектар жер телімдері 43 шаруа қожалығына пайдалануға  берілген.

Тасқала ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің 894 нысаны тіркелген болса, оларда 2000-ға жуық адам жұмыс жасайды.

Бұл аудан бойынша экономикалық белсенді тұрғындардың 18,5 пайызын  құрап  отыр.

Биылғы жылдың алты айында аудан бойынша тартылған инвестиция көлемі 347,8 млн. теңгені құраған. Инвестиция көлемінің негізгі бөлігін, яғни 57,5%-ы  ауыл шаруашылығы техникасын және асыл тұқымды малын сатып алуға жұмсалған. Сондай-ақ ауданда сағатына 2000 бөтелке су шығаруға қауқарлы «Су құю цехы», 5120 бас ірі қараға арналған «Taskala-ET BKO» бордақылау алаңының, «Кемпинг-Тасқала» жол бойы сервис орталығы, Тасқала аудандық бизнес-инкубатор,  «Кенжалиев» жеке кәсіпкерлігінің құс фермасы секілді бес инвестициялық жоба қолға алынуда. Ауданның әлеуетін арттыру және ауданға инвесторларды тарту мақсатында Тасқала ауданының инвестициялық картасының пилоттық жобасы жасақталуда. Бұл картада аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жерлер, бизнес өкілдеріне кәсіптерін ашу немесе ұлғайту үшін берілетін жер телімдері, ауданның транспорттық инфрақұрылымы, пайдалы қазбалар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ұсынылатын жобалар, бос тұрған ғимараттар туралы ақпарат енгізілетін болады. Сонымен қатар жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында 91 грантқа 45 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, бүгінгі күні  35 адам  грантқа  ие  болған.

Аудан халқын баспанамен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін табуда. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 574 шаршы метр құрайтын 7 тұрғын үй салынып, кезек бойынша мұқтаж азаматтарға берілген болса, биыл аудан орталығында 36 пәтерлі екі үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ аудан орталығында үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйге және ауылдарға үш бөлмелі 15 жалдамалы тұрғын үйге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілген. Сонымен қатар Тасқала ауылының оңтүстік-батыс бөлігінде – 66, солтүстік-шығыс бөлігіндегі 106 учаскеге арналған тұрғын үй массивін сумен жабдықтау, жол салу, электрмен және газбен жабдықтау бағытындағы жобасы сараптамадан өткізілген.

Биылғы жылдың сегіз ай мерзімі ішіндегі Тасқаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында баяндаған аудан басшысы халықты сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет секілді маңызды салаларда атқарылған істерге де жеке-жеке  тоқталып  өтті.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»